Жаңалықтар

ХАН ШАТЫР



«Хан Шатыр» – алып мөлдір шыныдан жасалған әлемдегі ең ірі шатыр. Елордада бой көтерген ғимарат қала күніне орай 2010 жылы 6 шілдеде ашылған. Елбасының идеясын жүзеге асыру әйгілі британдық сәулетші Лорд Норман Фостерге тапсырылды.

Еліміздегі ерекше пішіндегі «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы елорданың ғажайып ғимараттарының тізіміне еніп,
11 жылдың ішінде астана символдарының біріне айналды.

Норман Фостердің қиялынан шық­­­қан сәулет туындысы – бір шатыр­дың ас­тында әлем деңгейіндегі сау­да, ойын-сауықты біріктірген елордадағы бірегей орталық. Нысан күн сәулесін өткізетін мөлдір шыныдан және полимерлі жабынмен бекітілген болат темір арқаннан құрастырылған. Арнайы химиялық құрам шатырдың кеңістігін температураның ауытқуынан қорғап, нысан ішіндегі микроклиматты сақтап тұрады. Осы және өзге де технологиялардың арқасында «Хан Шатыр» әлемдегі он эко-ғимараттың қатарына енді. Бұл туралы Forbes Style журналы жазды.

«Хан Шатыр» СОО аста­налықтар мен қала қонақтарына әмбебап дүкені, отбасы саябағы, мейрамханалар, кино­театр, спорт залдары, жасанды жағажай мен бассейні бар аквапарк, қызмет және кеңсе орындары, 700 орынға арналған паркинг қызметін ұсынады.
Бірегей орталық күмбезінің астында Мальдив аралдарынан арнайы әкелінген жұмсақ құм төселген, тропикалық өсімдіктері бар жабық жағажай орналасқан. Хауыздардың бірінде орналасқан жасанды толқын нағыз теңіз жағалауында демалып жатқандай сезімге бөлейді. Бұл жерде жылдың кез келген мезгілінде елордалықтар мен қала қонақтары демалады. Әкімшіліктің мәліметіне сәйкес, демалыс күндері «Хан Шатырға» шамамен 30 мың адам бас сұғады.

Шатыр құрылысы 2006 жылы басталып, 4 жылға созылды. Ғимараттың бас директоры Энгин Асраланның айтуынша, әуелден құрылыс 2 жылға жоспарланған еді. Алайда күн райының қолайсыздығы мен күтпеген қиындықтар құрылыс мерзімін ұзартты.
2010 жылы «Хан Шатыр» Қазақстан Рес­публикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын ұтып алды. Ал 2014 жылы сәулет өнерін дамытуға, бейбітшілікті және халықтар арасындағы достықты, өзара сенімді нығайтуға қосқан ерекше үлесі үшін сәулетші Норман Фостерге ҚР Тұңғыш Президентінің – Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы берілді.

 

«Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы әлемдегі шатырлы ең биік ғимарат ретінде Гиннесс рекордтар кітабына енген.

 

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button