Басты ақпарат

ИГІЛІКТІ ИНВЕСТИЦИЯЛАР ИІРІМІ



KBB_0459

Астана – әлемдік деңгейдегі қала. Елорданың бұл мәртебесі «Astana Invest 2015» VI халықаралық инвест форумы аясында айқын көрінді. Алқалы жиында әлемнің отыз шақты алпауыт елінен келген үш мыңнан астам өкіл бас қосты. Бұлардың бәрі де – бизнесте үлкен жетістікке жетіп, дүниежүзіне  белгілі  болған тұлғалар. Көпшілігі бизнес қауымдастыққа  ірі инвестор ретінде де танымал. Міне, осындай үлкен ортаға Астананың инвестициялық жағдайы, экономикалық әлеуеті, озық технологиялары мен бірегей өндірісі жан-жақты таныстырылды. «Астанада жасалған», «Smart Астана», «Астана EXPO-2017», «Заманауи қалалық көлік», «Астана ЛРТ», «Аstana Solar» және елордалық кәсіпкерлердің өзге де инвестициялық жобаларының көрмесін асықпай аралаған мәртебелі меймандар, беделді инвесторлар еліміздің экономикалық күш-қуатына жоғары баға берді.

Форум жұмысы салтанатты жағдайда басталғаннан кейін ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев сөз алды. Ол Қазақстанның бизнес­ке қолайлы ел ретінде танылып келе жатқанын атап өтті. Соңғы он жыл көлемінде шетелдік инвесторларды тартуда жақсы нәтижелер байқалған. Көптеген ауқымды жобалар жүзеге асқан. Осындай жос­парлы істер жүйелі жүзеге асып келе жатқандықтан Қазақстан жаһандық бәсекелестік көрсеткіші бойынша алғашқы 40 елдің қатарына көтерілген. Бақытжан Әбдірұлы сөз арасында еліміздегі салықтық жеңілдіктер туралы да баяндады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылық жерлерін инвесторларға 25 жылға дейін жалға беру мәселесі түпкілікті шешілгенін де қаперге сала кетті. Мұның бәрі – елімізге инвесторлардың қызығушылығын арттыру, олардың сенімді жұмыс жасауына қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылған шаралардың бір парасы. Еліміз әлемдегі озық елдердің, соның ішінде мемлекет-қала Сингапурдың бірегей тәжірибелерін қолдануға, оны еліміздің экономикалық мүмкіндіктеріне лайықтап енгізуге баса көңіл бөлінетінін де жеткізді.
Бұдан соң мінбеге көтерілген Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков елордаға қызығушылық танытқан ірі инвесторларға, жалпы құрметті қонақтарға алғысын білдірді. Оның айтуынша, Астанаға осы уақытқа дейін 100 млрд доллар инвестиция тартылған екен. Бұл – елордамыздың бизнеске қолайлы орта екенініне айқын дәлел болса керек.
– Елордамыз күн өткен сайын қарыштап дамып келеді. Соңғы уақытта еліміз бойынша жалпы аймақтық өнім көрсеткішінде Астананың үлесі үш есе артты. Тұрғын үй құрылысы да қызу қарқынмен жүріп жатыр. Мұның бәрі біздің экономикалық әл-ауқатымыздың жоғары екенін көрсетеді. Біз әр инвес­тормен жеке жұмыс істеуге әзірміз, олардың іскерлік қызығушылықтарына барынша қолдау жасаймыз. Сол себептен де бізде жеке бизнестің капиталына ешқандай қауіп-қатер жоқ. Өздеріңіз қалаған нарықты игеруге ашық, қолайлы тектіктерді қиналмай табуларыңызға барлық мүмкіндіктер бар. Оның үстіне нарықты игеруді қолға алу жолдары заман талабына сай үнемі жаңартылып отырады. Болашақта «EXPO-2017» көрмесі негізінде Қазақстанда қаржылық орталық құрылатын болады. Ол ағылшын құқығы негізінде Дубайдағы ең ірі қаржылық орталық секілді жұмыс істейді. Қазақстан осыған орай 20 озық қаржылық мемлекеттің қатарынан көрінеді деген ойдамыз. Осыған байланысты қазір көптеген іс-шаралар жүзеге асырылу үстінде, – деді Әділбек Рыскелдіұлы.
Иә, бұл қаржы орталығы Астананы инвесторлар қорықпай ақша құятын қалаға айналдыруы тиіс. Астана қаржы орталығында жұмыс жасайтын кәсіпорындар немесе кәсіпкерлер 50 жылға дейін салықтан босатылады екен. Олардың құқығын халықаралық арбитраж қорғайды. Сондықтан, қаржы орталығына қатысатын болашақ инвесторларға ешқандай қауіп-қатер жоқ десе де болады.
Елорда әкімі индустриалды парк, «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы туралы да кеңірек әңгімеледі. Бұл паркте қазіргі уақытта инвестициялық көлемі 1 миллиард доллар болатын алпысқа жуық жоба жүзеге асырылып жатқан көрінеді. Кәсіпорындар шығарған өнімнің жалпы құны 2 млрд доллардан асқан. Қаланың инфрақұрылымын жаңғырту бағытында инновациялық технологиялар да кеңінен енгізіледі.

Интеллектуалды көлік жүйесі мен Астана қаласының тіршілік жүйесін кешенді қамтамасыз ету де жақсы жолға қойылған.
– Астананың экономикалық-іскерлік әлеуеті жоғары болашақтың қаласы екеніне бәріңіз де кешелі бері шүбәсіз көз жеткіздіңіздер деп ойлаймын. Мұнда бірегей жобаларды жүзеге асыруға жол ашық, барлық мүмкіндіктер жасалған. Елордамыздың инвестициялық қолайлы жағдайы қазіргі заманғы технологиялармен жұмыс жасайтын жаңа өндіріс орындарының құрылуына септігін тигізеді. Бүгінгі форум аясында қазақстандық және шетелдік компаниялар арасында жалпы құны 1,99 миллиард доллар болатын 34 меморандумға қол қойылмақшы. Бұл келісімдер барлық тараптар үшін жемісті болары сөзсіз. Форумға қатысушылардың бәріне сәттілік тілеймін. Сіздерді халықаралық «EXPO-2017» көрмесіне де белсенді қатысуға шақырамын, – деп аяқтады сөзін Әділбек Жақсыбеков.
Форумда америкалық миллиардер Джим Роджерс, «fDi» журналының бас редакторы Кортни Фингар, жаһандық бәсекелестік индексінің авторы Ксавьер Сала-и-Мартин, SYSTRA компаниясының Шығыс Еуропа бойынша директоры Алан Годри, Өмір сүруге қолайлы қалалар орталығының даму мүмкіндіктері бөлімшесінің директоры О Туан Ки, World Free Zones Organization бас директоры Самир Амруни, малайзиялық «APEC» компаниясының экс-атқарушы директоры Майкл Тэй сияқты белгілі бизнесмендер Қазақстанға инвестиция салуға мүдделі екендіктерін білдірді. Мәселен, Джим Роджерс Қазақстанның кең байтақ даласы қызықтыратынын айтты. Осындай тың жатқан далада ауыл шаруашылығын дамытуға қаржы салу туралы ой оны бірер күннен бері мазалап жүргенін жасырмады.
Форумның бірінші бөлімін «fDi» журналының бас редакторы Кортни Фингар қорытындылап, Астана қаласы әкімдігінің басшылығына «Астана GlobalFreeZoes рейтнгідегі Жаңа Қала» номинациясындағы сертификатын тапсырды. Бұдан соң Астана қаласы әкімдігі мен «Global Gas Group» ЖШС арасында Астана қаласын газдандыру жобасын іске асыруда және қытайлық «China Railway Asia-Europ Constraction Invesment Co. Ltd.» компаниясымен жобаны іске асырудағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Еліміздегі инновациялар көшбасшысы саналатын электронды-оптикалық аспаптар өндірісімен айналысатын «Қазақстан Аселсан Инжиниринг» ЖШС, таңдаулы экспорттаушы ретінде «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ, машина жасауда көш бастап келе жатқан «Тұлпар-Тальго» ЖШС, құрылыс индус­триясында үздік танылған темір-бетон бұйымдарын өндіретін «АБК Мақсат» ЖШС, баламалы энергетиканы дамытуда таңдаулы жобаны қолға алған «Астана Солар» ЖШС инвестициялық жоба сертификаттарына ие болды.
Ал түстен кейін бірнеше жиналыс залында «Астана – тұрақты дамушы қала», «Астана көліктік және инфрақұрылымдық хаб», «Астана инновациялық хаб», «Муниципалдық көлік» деген тақырыптар бойынша сессиялар мен шеберлік сыныптары қатар жүрді. Осының ішінде «Астана инновациялық хаб» жоспарлы сессиясына басқосқандар инновациялық идеялар туралы ойларын ортаға салды. Сессияға АҚШ, Канада, Сингапур, Венгрия елінен келген бизнесмендер қатысқан болатын. Олар өз елдеріндегі инновациялық жобаларды мысалға келтіре отырып, қызықты баяндама жасады. Қазақстан тарапынан бұған инновациялық жобалар бойынша жұмыс істеп жүрген 12 компания өкілі қатысты. Жиынның тақырыбы «Smart Астана: идеядан оны жүзеге асыруға дейінгі жол» деп аталғандықтан, ең алғашқы болып сөз алған Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрәлі Әлиев «Smart Астана» жобасына кеңірек тоқталды:
– Айқын мақсаттар нақты нәтижелерге жеткізетіні белгілі. Сондықтан, біз де болашақ биіктерді бағындыру үшін алдымызға жан-жақты ойластырылған нақты мақсаттар қойып отырмыз. Соның ең бастысы – Астананы әлемдегі ең дамыған 50 елдің қатарына қосу. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін 2014 жылы «Smart Астана» жол картасын әзірлеген едік. Оны әзірлеу барысында алдымен Париж, Шанхай, Барселона, Рига сияқты «ақылды қалалардың» іс-тәжірибесін жан-жақты зерттеген болатынбыз. Сондықтан күткен нәтижеге қол жеткіздік. Smart технологияларды пайдалану арқасында Астана тұрғындары сапалы қызметтерге қол жеткізді, өндірістік шығын азая бастады. Біз бүгінгі басқосуда «Smart Астана» жобасының қазіргі жағдайы мен болашақ даму бағытын талқыға саламыз, – деп сөзін түйіндеді Н.Әлиев.
«Ақылды қалалар» дамыту орталығының атқарушы директоры Билл Хатчисонның «Ақылды қалалар және үлкен мүмкіндіктер, деректер» тақырыбындағы баяндамасы да аса қызықты болды. Ал, ASTAINABLE жобасының нәтижелерімен Egic International компаниясының Еуропа және Орта Азия елдері бойынша директоры Мэтью Лусье таныстырды. Бұл жоба Астанада 2014 жылы өткен VII Астана экономикалық форумнан соң қолға алынған еді. Сонда ASTAINABLE жобасын бірлесіп іске асыру бойынша Астана әкімдігі мен франциялық EIFFAGE-EGIS-GDFSUEZ консорциумы арасында меморандумға қол қойылған болатын. Бұл жоба қала нысандарын және коммуникация­ларын бірыңғай 3D картаға қосуды қолға алды. Соның нәтижесінде қаладағы түрлі оқиғаларды алдын ала бағалау, қосымша коммуникацияларды салу жұмыстары жеңілдеген. Сонымен қатар, қала тұрғындарының ашық ресурсты қолдануына мүмкіндік туа бастаған.
Бұдан соң «Астана – қауіпсіз қала» жобасын дамыту, «Ақылды қаланы» салу үшін ақпараттық кеңістік құру, энергияны жинақтау жүйесін пайдалану арқылы бөлінген энергоресурстарды тиімді түрде кәдеге асыру тақырыптарында да тұщымды әңгімелер айтылды.
«Astana Invest 2015» VI Халықаралық инвестциялық форумы аясында бірқатар стратегиялық маңызды меморандумдарға қол қойылды. Соның бірі – Астана қаласы әкімдігі мен ирандық «Pars Iran Group» компаниясы арасындағы дайын тағам түрлерін шығару туралы келісім. Жоба аясында мектептер, жоғары оқу орындары, аурухана секілді әлеуметтік мекемелер үшін дайын тағам түрлері шығарылатын өндіріс құрылмақ. Озық технологиялармен жабдықталатын өндіріс орны Астананың санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, азық-түлік нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етпек.
Жалпы, форум өзінің діттеген мақсатынан шықты. Атағы әлемге әйгілі инвесторлар бас қосқан жиын инвестициялар иіріміне айналып жүре бергендей әсер берді. Алдын ала жоспар бойынша қырыққа жуық меморандумға қол қойылды. Бұлардың бәрі де – ел экономикасын, Астананың әлеуетін арттыратын, халыққа пайдасы зор жобалар. Сәтін салып, ел-жұртымызға игілігі мол болғай дейміз.

Мендолла ШАМҰРАТОВ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button