Басты ақпаратЖаңалықтарҚала мен Сала

Инвестициялық жобалар жемісін бере ме?



Астанада халықаралық деңгейдегі медицина, білім беру мекемелері және сол жағалауда заманауи үлгідегі сауда алаңы, яғни үлкен базарлар салынады. Бұл туралы «Елорда тынысы» радиохабарында мәлім болды.

СОЛ ЖАҒАЛАУДА ІРІ БАЗАРЛАР САЛЫНАДЫ
«Елорда тынысы» радиоха­барының кезекті қонағы бол­ған «Astana» ӘКК ҰК» АҚ Бас­қарма төрағасының орынбасары Бауыржан Канкин мен «Kazakh Invest» ҰК» АҚ өңірлік директоры, Астана қаласы әкімінің инвестиция жөніндегі кеңесшісі Мәдина Көкбаева инвестициялық климат тақырыбын қаузап, елордадағы жүзеге асып жатқан және болашақтың еншісіндегі бірқатар жобалар жайлы әңгімеледі.
«Astana» ӘКК ҰК» АҚ Бас­қарма төрағасының орынбасары Бауыржан Канкиннің айтуынша, елорданың сол жағалауында екі базар салынады. Бұл жобаға арналған жер де дайын көрінеді.
– Жалпы, Астанадағы базарлар оң жағалаудағы бір маңда орналасқан ғой. Олардың барлығы бұрынғы, яғни Кеңес заманының стилінде салынған. Сонымен қатар ол жаққа арнайы бару үшін біршама уақыт кетеді. Онымен қоса онда көлік кептелісі де жиі болады. Осындай жайсыздықтарды болдырмас үшін елорданың сол жағалауының екі бөлігіне заманауи ірі базарлар салу жоспарлануда. Мысалы, екі базардың бірі Қорғалжын тас жолының бойында, Қараөткел (Ильинка) маңында салынуы мүмкін, – деген Б.Канкин еншілеріндегі 30 жобаның жыл соңына дейін бесеуін жүзеге асыру жоспарларында тұрғанын атап өтті.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МЕДИЦИНА, БІЛІМ МЕКЕМЕЛЕРІ ҚАЖЕТ
Өз кезегінде Мәдина Көкбае­ва алдағы уақытта елордада халықаралық деңгейдегі аурухана мен балабақша, мектеп салынатынын жеткізді.
– Шетелдік инвесторларды тартудағы басты мәселе – осы, яғни аурухана, балабақша, мектеп. Инвесторлар да біздің елге келмес бұрын ең әуелі осыны сұрайды. Өйт­кені олардың отбасына барлық жайлылық қажет. Шетелдіктер бұл жағына баса мән береді. Сондықтан заман та­лабына сай, халықаралық деңгейде қызмет көрсететін медициналық мекеме, білім беру орталықтарын салуды жоспарлап отырмыз, – деген М.Көкбаева өзінің қызметі жайлы да айтып өтті. – Менің инвестиция саласында азды-
көпті тәжірибем бар. Мысалы, бұрын ҚР Инвестиция және даму министрлігінде қыз­мет істеген болатынмын. Ол кездегі жұмысымыз бүкіл рес­публиканы қамтыған еді. Яғни өзге өңірлердегі жобаларды да жүзеге асыру үшін инвесторларды жұмылдыра­тынбыз. Ал қазір маған жүктелген міндет – тек қана Астана аумағындағы жобаларды жүзеге асыруға күш салу. Бірақ маған осы қызықтырақ секілді. Өйткені басқа өңірлердегі жобалардың жүзеге асқанын елордада отырып, соңына дейін бақылауға мүмкіндігіміз болмайды. Сондықтан да оны үнемі көзбен көрмегендіктен, жобаның қандай деңгейде жүзеге асып жатқанынан бейхабар боласың. Ал Астанадағы жобалардың жөні бөлек. Оның кем-кетігі болса, сол бойынша инвесторларға қол ұшын созуға мүмкіндік бар.

КРЕАТИВТІ ЖОБАЛАРДЫ КҮТЕДІ
Сөз арасында Бауыржан Канкин «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы идеясы бар адамдардың қандай бизнес-жобаларын жүзеге асыруға атсалысатынын жеткізді.
– Біз идеяшыл адамдарды қолдаймыз.

Біздің еншіміздегі жобалардың бірі – елорда көшелеріне өтпелі алаңшалар салу. Яғни, төбесі мен жан-жағының барлығы әйнекпен жабдықталатын бұл өтпелі алаңшалардың есігі кез келген адамға күндіз-түні айқара ашық болады. Ашық аспан астында елордалықтар мен қала қонақтарына емін-еркін қыдырып жүруге мүмкіндік жасалады. Тек осыған қызығушылық танытатын инвесторлар табылса, бұл жобаны жүзеге асырудың ауылы алыс емес

Бірақ ұсынатын жоба бұрыннан қолданыстағы әдеттегі бизнес түрі болмауы қажет. Мәселен, қарапайым көлік жуу кешенін ашқысы келетіндер бізге келмей-ақ қойса да болады. Неге десеңіз, мұндай жағдайда біз оларға «Крыша», «Olx.kz» сияқты мобильді қосымшалардан хабарландыруларды қарауға кеңес беріп, шығарып саламыз. Егер көлік жуу кешенін емес, жылыжай салғысы келетіндер болса, жобасын қарауға болады. Біз тек креативті, жойқын жобаларды күтеміз. Ондай жағдайда, бірігіп жұмыс жасауға әрдайым әзірміз, – дейді Б.Канкин. – Біздің еншіміздегі жобалардың бірі – елорда көшелеріне өтпелі алаңшалар салу. Яғни, төбесі мен жан-жағының барлығы әйнекпен жабдықталатын бұл өтпелі алаңшалардың есігі кез келген адамға күндіз-түні айқара ашық болады. Ешқандай шектеу қойылмайды. Ашық аспан астында елордалықтар мен қала қонақтарына емін-еркін қыдырып жүруге мүмкіндік жасалады. Тек осыған қызығушылық танытатын инвесторлар табылса, бұл жобаны жүзеге асырудың ауылы алыс емес.

ЕНШІЛЕС КОМПАНИЯЛАР МҮДДЕСІ ОРТАҚ
Сонымен қатар «Astana» ӘКК ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары сөз арасында жүзеге асырылған жоба туралы да әңгімеледі.
– «ASTANA TAXI» инвестициялық жобасын атап өткім келіп тұр. Бұл – заңды автотасымалдаушылардың санын арттырып, халықтың жүріп-тұру қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асқан жоба. Аталмыш жобаның жүзеге асуына ешқандай қиындық туындаған жоқ. Тек Астана қаласы Автомобиль жолдары, Жолаушылар көлігі басқармаларымен және басқа да бірқатар мекемелермен біршама келіссөздер жүргізілді. Осының нәтижесінде «ASTANA TAXI» жүргізушілері Bus lane жолағымен жүруге мүмкіндік алды. Соның арқасында аталмыш такси жүргізушілері жолаушыларды діттеген жеріне жылдам жеткізіп, сапалы қыз­мет көрсетуде. Бұл тұрғыда 300 су жаңа автокөлік сатып алынған болатын. Бірақ егер осы такси арқылы нәпақасын табуға ниеттілер болса, жүргізушілер өз көліктерімен де жұмысқа қабылданады. Тек көліктері талапқа сай болуы тиіс, – дейді ол.
Радиохабар барысында спикерлер кәсіпкерлік, бизнес саласындағы Астана қаласы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп, Инвестиция және даму басқармалары сияқты мекемелер мен «AstanaInvest» қалалық инвес­тициялар даму орталығы, «Astana» ӘКК ҰК» АҚ, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ сынды еншілес компаниялардың өзара бәсекелес емес екенін, керісінше, бір-бірінің орнын толықтырып отыратынын, мүдделері де ортақ екенін айтты.

Нұрдәулет Кәкішев




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button