Басты ақпаратҚала мен Сала

iQala – халыққа ыңғайлы қызмет



Президент тапсырмасына орай еліміздің барлық аймағында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы сәтті жүзеге асуда. Осы бағытта монополистердің қызметтері «бір терезе» қағидаты бойынша біріктіріліп, барлық қызмет көрсету саласы цифрландырылды. Халықтың өмір сүруіне ыңғайлы жағдай жасау мақсатында алғашқылардың бірі болып бас қалада қолға алынған жобаның бірі – iQala.

Ол 2019 жылы Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында құрылды. iQala қалалық қызметтер орталығы ЖШС директорының орынбасары Талғат Балтабековтің айтуынша, аталған орталықты құрудағы басты мақсат – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ұйымдарының қызметтерін алуды оңайлату, әкімшілік кедергілерді қысқартып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және болдырмау, барлық қызметтерді бір жерде алуға ыңғайлы жағдай жасау. Сондай-ақ осы орталықтың қызметі қағазбастылықты жойып, халықтың цифрлық сауатын арттыру, тұрғын үй секторының қызметтерін автоматтандыру принциптеріне де негізделген. Қазір қала тұрғындары коммуналдық ұйымдардың орналасқан жерін іздеп әуреге түспейді, бұл ретте қызметтерді бір жерде жеткізуге шарттар жасасу мүмкіндігі пайда болды.

2022 жылғы 1 мамырдан бастап iQala қалалық қызметтер орталығы бойынша операторлық қызмет Астана қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасына берілді. Ал орталықтың жұмысы «Қалалық қызметтер орталығы» ЖШС-ке жүктелген.

Бүгінде бұл орталық Әзірбайжан Мәмбетов көшесі бойындағы 24-үйде орналасқан. Оның бұрынғы орнын өзгертуге әсіресе егде адамдардың өтініш-тілегі түрткі болды. Өйткені осы бағытта қоғамдық көлік көп жүреді және бұл жер қала тұрғындарының келіп-кетуіне де өте ыңғайлы.

Биыл жыл басынан бері 143000-нан астам адам орталықта қызмет алды. Қазіргі уақытта орталық 144 қызмет түрін көрсетеді

– iQala қалалық қызметтер орталығы үш бағытта қызмет көрсетеді. Біріншіден, онлайн, яғни тұрғындар барлық коммуналдық қызметті онлайн форматта www.ns.gov.kz қалалық қызметтер порталынан ала алады. Екіншіден, қалалық қызметтер орталығының фронт-офисіне келіп тікелей консультация алуға болады және біздің орталықта алдын ала қызмет көрсетіледі. Орталық фронт-офисінің жұмысы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің өкілдері мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдеріне бару барысында оң бағасын алды, – деді Т.Балтабеков.

Жыл өткен сайын елорда халқының саны өсуімен бірге олардың сұранысы да арта түсуде. Мәселен, егер 2019 жылдың маусым-желтоқсан айында орталық 3701 қызмет көрсетсе, 2020 жылы – 69560 қызмет, 2021 жылы 148586 қызмет көрсеткен. Биыл жыл басынан бері 143000-нан астам адам орталықта қызмет алды.

– Қазіргі уақытта орталық 144 қызмет түрін көрсетеді. Оның ішінде жылжымайтын мүлік иесі ауысқан жағдайда, коммуналдық мекемелермен шарт жасасу, техникалық және бірыңғай төлем шартын алуға сұраныс көп. Осыған орай, бүгінгі таңда Астана қаласының әкімдігі мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ бірлесе отырып, коммуналдық қызмет түрін электронды форматқа көшірді. Енді елордалықтар iQala орталығының кеңсесіне келіп немесе портал арқылы жылу мен ауыз суды, электр энергиясын тұтыну және тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметіне келісімшарт жасай алады, – деді директордың орынбасары.

Бұл ретте, астаналықтар тек 1414 нөмірінен SMS хабарламаға жауап беріп, сауалнамадан өтіп, жеке деректерін пайдалануға рұқсат беруі қажет. Ал бес минуттан кейін барлық қажетті келісімдердің жасалғаны туралы хабарлама келеді.

Проактивті қызметтің негізгі міндеті – қызмет көрсету үдерісін автоматтандыру, қағазбастылықтан құтылу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу.

Қазір астаналықтар арасында газдандыру мәселесі өзекті. Осыған байланысты iQala-ға «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-тың қызмет түрлері енгізілді. Табиғи газдан бөлек, орталық газ жүйесімен келісімшартқа отыру қызметі цифрландырылды. Сонымен бірге көппәтерлі тұрғын үйлер аясында елорданың негізгі энергиямен жабдықтаушы компанияларымен, атап айтсақ, «Астана қалалық жарық», «Smart Energy Hub» және «Теміржолэнерго» ЖШС-пен бірқатар жұмыс жүргізілді және бүгінде олармен портал арқылы шарт жасасуға болады.

– Біз елордадағы ұйымдармен жұмысты жалғастырамыз және порталға қызметтерді көбірек қосуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, қала тұрғындарының өмір сүруіне ыңғайлы жағдай жасаймыз. iQala порталында және жұмыс күндері кәсіпорынның фронт-офисінде тәулік бойы қызмет көрсетіледі. Астана қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша тұрғын үй құрылысының қарқын алуына байланысты 2023 жылы iQala қалалық қызметтер орталығының фронт-офис­тері қатарын көбейтіп, оларды халық көп шоғырланған елорданың Есіл және Алматы аудандарының аумағында да ашуды жоспарлап отырмыз, – деді Т.Балтабеков.

iQala – әлеуметтік жоба. Ол қала тұрғындарының, елорда билігі мен коммуналдық қызметтердің өзара іс-қимылының жаңа форматына жол ашып отыр.

«Астана – адалдық алаңы» жобасына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа құралдарын енгізу үшін жобалық менеджмент қолданылды. Жоба азаматтардың мінез-құлқының сыбайлас жемқорлыққа қарсы моделін одан әрі дамытуға және сыбайлас жемқорлықтан бас тарту атмосферасын құруға бағытталған.


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button