Елорда тынысы

IRONMAN – бұқаралық жарыс



Астананың Триатлон саябағында 60 ел спортшыларының IRONMAN са­йысына биыл әлемнің түкпір-түкпірінен 1200-ден аса спортшы жиналды.

Бұқаралық жарыстың салтанатты ашылуына Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, елорда әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев, BI Group директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев, «Freedom Life» компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі Азамат Ердесов қатысты.

«IRONMAN жарысы жыл сайын елорда төрінде ұйымдас­тырылып келе жатыр. Биылғы жарысқа 1200 қатысушы тіркеліп, оның 400-і шетелден келген. Алдағы уақытта бұл айтулы іс-шара жалғасын табады деп сенемін» деп атап өтті Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов өзінің құттықтау сөзінде.

Шетелдік қатысушылардың көпшілігі Үндістаннан келді – 150 спортшы. Сондай-ақ Ұлыбритания, Германия, Польша, Швейцария, Италия, АҚШ сияқты елдерден де көптеген спорт турисі келді.

Жарыстың ең жас қатысушысы – 18 жаста, ал ең егдесі 76 жастағы Марат Балтабаев болды.

«Триатлон сайысына (1,9 шақырым жүзу, 90 шақырым велосипедпен жүру, 21 шақырым жүгіру) қатысуды жоспарлап отырмын. Негізі, былтыр осы белесті бағындыруым керек еді. Алайда жарыс басталмас бұрын бір жігіттің гидрокостюм­мен жүзген ыңғайлырақ деген кеңесін тыңдап, алғаш рет киіммен жүзіп едім. Бірақ гидрокостюм ыңғайсыз болып, жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болған едім. Биыл бұл қателікті қайталамай, жарыс мәресіне жетуді көздеп отырмын» деді өзінің ерік-­жігерімен көпшілікке үлгі болып жүрген Марат Балтабаев старт сызығының алдында тұрып.

Биыл жарыстың қашықтығы 2-ге бөлінді, атап айтқанда, жартылай – 1,9 шақырымға жүзу, 90 шақырымды велосипедпен өту, 21 шақырымға жүгіру. Екінші бөлігі – толық қашықтық бойынша, яғни 3,8 шақырымға жүзу, 180 шақырымды велосипедпен өту, 42 шақырымға жүгіру.

IRONMAN жарысы биыл Астанада төртінші рет ұйым­дастырылды. Қатысушылар саны жылдан-жылға көбейіп отыр. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломмен, алтын, күміс және қола медальмен марапатталды. Сондай-ақ демеушілер есебінен бағалы сыйлықтарға ие болды.


Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button