Спорт

Жамбылдық балуан – «Қазақстан барысы»

Қазақстан жанкүйерлері асыға күтетін жарыстың бірі қазақ күресінен өтетін «Қазақстан барысы» турнирі болды. Биыл елорда төрінде төселген боз кілемде 41 балуан бағын сынады.

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, республикалық қазақ күресі федерациясы ұйымдастыратын байрақты бәсекеге қатысушылар саны биыл көбейді. Олай болатыны жаңадан ашылған облыстардың балуандары да күреске қосылды.

Түсте басталған алапат белдесулердің ақтық бөлігіне, әдеттегідей, төрт балуан іріктеліп шықты. Алдымен турнирдің қола жүлдесі сарапқа салынды. Бұл белдесуде павлодарлық Мұхтар Дәлелханұлы жеңіске жетті. Ал ақтық сында барлық қарсыласын қоғадай жапырып келген жамбылдық Ғалымжан Қырықбай мен «Әскер барысы» Нұрдәулет Жарылғапов жолықты. Күнімен күрескен балуандар бұл жолы бірінші кезекте қателік жібермеуге тырысты. Осылайша аңдысып өткен күрестің негізгі уақыты тең аяқталды. Ал белдесу бәсекесінде Ғалымжан Қырықбай айласын асырып кетті. Сөйтіп ақтаулық балуан «Қазақстан барысы» атағын жеңіп алды. Ал Қазақстан Қарулы күштерінің намысын қорғаған Нұрдәулет Жарылғапов күміс жүлдеге қол созды.

«Барыстардың» бәсекесін тамашалаған Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов пен Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, сонымен қатар, қазақ күресінің ардагерлері жеңімпаз балуандарды жеңісімен құттықтап, жүлдені табыс етті.

Биылғы жарыстың жалпы жүлде қоры 40 миллион теңге болды. Ал «Қазақстан барысы-2023» жеңімпазы 25 миллион теңге сыйақыны қанжығасына байлады.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button