Елорда тынысы

Іздегенге жұмыс бар



Елордадағы Жастар сарайында кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. «Еңбек мобильділігі орталығы» ұйымдастырған жәрмеңкеге 80-ге жуық жұмыс беруші қатысып, 700-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды.

Жұмыссыз азаматтарды, пробация қызметінде есепте тұрған адамдарды, NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесуде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі тиімді. Мұнда құрылыс, білім, медицина, сауда, көлік-логистика, қаржы саласының компания өкілдері келіп, кәсіпорынның мүмкіндігін таныстырып, білікті кадрларды алуға мүмкіндігі бар.

«Биыл жыл басынан бері Мансап орталығының бастамасымен 8 ірі жалпықалалық бос орындар жәрмеңкесі өткізілді. Бүгінгі ірі жәрмеңке – биылғы соңғы іс-шара. Қалада 27 шағын бос орындар жәрмеңкесі де өтеді. Жыл соңына дейін сондай 3 жәрмеңкені ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл жолғы іс-шараға 78 компания 773 вакансия ұсынды. Мұнда жұмыс орындар ішінде қызмет көрсету саласында бос жұмыс орны басым. Жәрмеңке жұмыс беруші мен жұмыс іздеп жүрген адамға үлкен мүмкіндік береді. Қажетті жұмыс іздеп жүрген адам өзінің түйіндемесін бірнеше жұмыс берушіге ұсынып, тікелей тілдессе, жұмыс беруші де жәрмеңке кезінде өздеріне қажетті мамандарын тез табады» деді Мансап орталығының басшысы Бағила Орынбетова.

Жәрмеңкеде жұмыс ұсынған компания өкілдері қатарында «Отбасы банк» АҚ, «Центр ипотеки Астана» ЖШС, «QazaqZher» ЖШС, «Астана Тазалық» ЖШС, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Clean City NC» ЖШС, «Астық Логистик» ЖШС, «Magnum» сауда желісі, сондай-ақ қалалық білім беру ұйымдары және басқа да көптеген жұмыс беруші компаниялар қатыс­ты. Солардың қатарында Астана қаласының Полиция департаменті бар. Полиция қызметкері Рүстем Болатов жұмыс іздеушілерге ішкі істер органдарына қызметке кіру тәртібі, сондай-ақ материалдық қамтамасыз ету және әлеуметтік кепілдіктер туралы барлық қажетті ақпарат берілетінін айтты.

«Бос орындар жәрмеңкесіне Полиция департаменті тұрақты түрде қатысып келеді. Негізінен, бос орындар полиция қызметкері, жүргізуші, патрульдік полицей, жылдам қимылдайтын арнайы жасаққа іріктеу жүргізілуде. Қалалықтар арасында бұл қызметке орналасуға сұраныс көп. Негізгі ескерілетін талаптардың қатарында жұмыс іздеушінің жасы 35-тен аспауы тиіс, орта арнаулы немесе жоғары білімінің болуы қажет. Мемлекеттік қызметтен тестен және арнайы медициналық тексерістен өтіп, дене шынықтыру бойынша сынақтарды тапсырғандар жұмысқа қабылданады» деді ол.

Өз түйіндемесін ұсынғандар арасында жастардың дені басым болды.  Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің туризм және сервистік қызмет көрсету мамандығының бойынша оқып жүрген Жалғас Абылайхан былай деді:

«Осы жылы бітіруші түлек болғаннан кейін, жұмысты, біріншіден, өз мамандығым бойынша қарастырып жатырмын. Яғни қызмет көрсету саласындағы жұмыс өзіме қызық. Бірнеше компанияға өзімді ұсындым. Жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне осыған дейін де қатыстым».

Жәрмеңке барысында «Еңбек мобильдігі орталығының» мамандары «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс», «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламалар кәсіптік оқыту және «enbek.kz» порталымен жұмыс істеу бойынша кеңес беру, қайта даярлау, жұмыс іздеу технологиясы және қосымша кәсіби білім беру мүмкіндіктері туралы кеңес берілді.

 


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button