Елорда тынысы

Іздегенге жұмыс табылады



Елордадағы «Арбат» жаяу жүргіншілер алаңында «Жастарға жұмыс» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Amanat партия­сының «Жастар рухы» жастар қанаты ұйытқы болған іс-шарада 70-тен аса компания 1500 вакансия ұсынды.

Amanat партиясы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге «Жастарға жұмыс» жобасын іске қосқалы Астана қаласында 3-рет жұмыс іздеп жүрген жастарға арналған жәрмеңке ұйымдастырылды.

«Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбай:

– Бүгінгі іс-шараға елордалық компаниялармен қатар «Қазақстан темiр жолы» ҰК» АҚ, «Қазпочта» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Samruk-Kazyna Ondeu» ЖШС, «Жолаушылар тасымалы» ЖШС, «Богатырь көмір» ЖШС және тағы басқа ірі-ірі жұмыс беруші компаниялар қатысып отыр. Мұнда жастар білім беру, медицина, құқық қорғау, құрылыс және техникалық мамандықтар бойынша жұмыс табуға мүмкіндігі мол. Басты артықшылығы – тұрақты жұмыс орындары ұсынылады, – деді.

«Астана тазалық» ЖШС жәрмеңкеге келушілерге 242 вакансия ұсынды. Оның 160-ы жол жұмысшылары болса, 82-сі – түрлі категориядағы ауыр көліктің жүргізушісі. Жол жұмысшыларының жалақысы 160 мың теңгеден басталса, көлік жүргізушілері 250 мың теңгеден жоғары алады.

«GIB» ЖШС дәнекерлеуші, өндіріс операторы мамандығы бойынша жұмысшылар іздейтінін білдік. «ULAGAT» Ұлттық білім академиясы» ЖШС педагогикалық мамандықтар бойынша бос жұмыс ұсынды. Медициналық орталықтар, мектептер мен балабақшалар, желілік компаниялар да жастарды жұмысқа шақырып, өздерінің талап-міндеттерін түсіндірді.

Жәрмеңкеде жұмыс іздеген Ақнұр Бақтиярмен тіл­дес­тік. Ол «SF» тәтті тағам­дар желісі ұсынған жұ­мыс­қа баратынын айтты.

– Компания менеджері Айзада Сатымбаевадан негізгі талабын білдім. Аспазшының көмекшісі бойынша жұмыс істеймін. Бір күннің ақысы 7 мың теңгемен есептеліп, екі апта сайын тұрақты жалақы беріледі екен, – деді белсенді жас Ақнұр.

Қысқасы, жәрмеңкеге барып іздегенге жұмыстың реті табылар. Тек ниет пен ықылас болса болғаны.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button