Басты ақпаратЕлорда тынысы

Жаңа форматтағы сенбілік



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз табиғатты ластауға қарсымыз!» атты жалпыұлттық акциясы аясында елордада экологиялық сенбілік ұйымдастырылып, оған 3600 адам қатысты. Белсенді тұрғындар елорданың айналасын, көппәтерлі және жекеменшік тұрғын үйлердiң маңы мен мекеме, кәсіпорындардың аулаларын мұнтаздай етіп, қала аумағын күл-қоқыстан тазартты. Бас шаһардағы 385 гектар аумақтан 100 тоннаға жуық қоқыс жиналып, шығарылды.

Экологиялық сенбілікке қаланың төрт ауданының тұрғындары да белсене атсалыс­ты. Қала белсенділері әсіресе елорда айналасындағы «жасыл белдеуді» қоқыстан тазартуға ерекше күш жұмылдырды.

«Астана жастары» КММ басшысы Шыңғыс Тілеулиннің айтуынша, бұл жолғы сенбілік бұрынғылардан өзгеше болды.

– Қазір біз қоқыс полигонындамыз. Оның сыртында күл-қоқыс толып жатыр. Сондықтан біз полигонға іргелес жерлердегі қоқыс­ты жинайық деп шештік. Бұл жолғы сенбілік жаңаша форматта өтті. Егер бұрын жай ғана келіп аумақты қоқыстан тазартатын болсақ, бұл жолы жастар әкімдік ұйымдастырған конкурсқа және концертке, сондай-ақ спорт іс-шараларына белсене қатысты, – деді Ш.Тілеулин.

Жұртшылықтың, әсіресе жастардың назарын орман екпелерін, демалыс орындарын қоқыспен ластау ­проблемасына аудара отырып, елордадағы экология­лық жағдайды жақсартуға жәрдемдесу, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараға 3600 адам қатысты. Олар қаланың саябақтары мен скверлерінде тазалау жұмысын жүргізіп, 385 гектар аумақтан 100 тоннаға жуық қоқыс жинады. Бұл ретте бас шаһардың барлық кәсіпорындары, меншік иелерінің бірлестіктері мен пәтер иелерінің кооперативтері, шағын және орта бизнес субъектілері, еріктілер мен белсенді тұрғындар сенбілікке шығып, мекемелерінің жанындағы алаңдар мен аула аумақтарын тазалады.

Экологиялық сенбілікке елордалық волонтерлер де белсене атсалысты.

– Мұндай акцияға бірінші рет қатысып отырған жоқпын. Менің ойымша, қазір қалада қоқыс аз, өйткені жастар оларды дұрыс өңдеуді, контейнерге тастауды үйренді. Еріктілер мұндай акцияларда қала ішінде және қала сыртындағы қоқыстарды жинайды. Қоқысты дұрыс өңдеу маңызды екенін атап өткім келеді, өйткені біз болашақ ұрпаққа таза табиғатты қалдыру үшін қаламызды таза ұстауды, қоршаған ортаны сақтауды үйренуіміз керек, – деді елордалық ерікті Самрат Қақабаев.

Экологиялық акция аясында өскелең ұрпаққа арналған конкурстар, атап айтқанда, армрестлинг, арқан тарту, гір көтеру секілді спорт ойын­дары және қалдықтарды бөлек жинау тақырыбында викториналар өткізілді. Жеңімпаздарға алғыс хат пен сыйлық табыс етілді.

Алматы ауданы бойынша жыл басынан бері осындай экологиялық акцияға 44000-нан астам адам қатысты. Соңғы кездері ұйымдастырылған төрт сенбілікте аудан аумағындағы 465 аулада тазарту жұмысы жүргізіліп, 270000 шаршы метрден асатын саябақтар мен скверлердің аумағы күл-қоқыстан арылды және 300-ден астам аялдама павильоны жуылды. Бұл шаралар барысында аудан тұрғындары ерекше белсенділік танытты.

«Үлкен қаланы ортақ күш-жігермен ұстауға болады. Бірлескен жұмыс арқылы ғана қоршаған ортаға жақсы күтім көрсетіліп, ауданымыз тазарады. Біз тұрғындардың ауданға деген сүйіспеншілігінің артып келе жатқанын көреміз және ол күннен-күнге гүлденуде» деді аудан тұрғыны Мадияр Нөгербеков.

Айлық уақытында аудан бойынша рұқсат етілмеген бес қоқыс полигоны жойы­лып, аумақтан 2553,48 тонна қоқыс шығарылды. Қоғамдық кеңістікте 2000-ға жуық ағаш отырғызылды. «Біз табиғаттағы ластауға қарсымыз» акциясы аясында ауданның 450-ге жуық тұрғыны жиналып, «Железнодорожный», «Күйгенжар», «Интернациональный», «Оңтүстік-шығыс» тұрғын алаптары мен «Отау» шағын ауданының аумағын тазартты.

Іс-шара соңында Манас көшесінен Ғ.Мұстафин көшесіне дейін 400000 шаршы метрден астам жер тазартылып, полигонға 80,52 тонна қоқыс шығарылды. Осы жұмыстарға 100 бірлік техника тартылды.

Экологиялық акция 15 қазанға дейін жалғасады.


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button