Мәдениет

Әуезов әлемін әспеттеді

Астанадағы М.Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназиясында заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына орай «М.О.Әуезов – дәуір тұлғасы» атты мерекелік іс-шара және «М.О.Әуезов шығармаларындағы құндылық және оқыту әдістемесі» атты І қалалық байқау өтті.

Іс-шараға Астана қаласы Білім басқармасы жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдіс­теме бөлімінің басшысы Асыл Амангелдіқызы және классик мұрасын зерттеуші ғалымдар мен қонақтар қатысты.

Мектеп оркестрінің та­мыл­жы­ған күйімен бас­талған іс-шара оқушылардың «Әуезов әлемі қылқалам, қолөнер шеберлері көзімен» атты сурет, қолөнер туындылары көрмесімен, Бөрілідегі Әуезов мұражайымен танысумен жалғасты. «Әуезов әлемі» атты бөлімде оқушылар жазушының өмірі, шығармашылығы жайында деректер айтып, өз ізденістерін көрсете білді.

«Әуезовтің ғылыми кабинетінде» тәжірибелік алаңы осы оқу жылында ашылды. «Әуезов кино әлемінде» атты бөлімде жазушының шығармалары негізінде түсірілген кинолар қойы­лып, оны QR-код арқылы тамашалау­ға болатындығы қонақтарды қызықтырды.

Мектеп кітапханасында белгілі тұлғалардың қатысуымен респуб­ликаның түкпір-түкпіріндегі жазушы атындағы мектептермен байланыс жасай отыра, «Әуезов айнасы» атты клуб ашылды. Жазушының жас кезінде ойнаған «Ярыш» командасын қайта жандандыру мақсатында «Ярыш-86» командасы құрылды. Түркістан облысы Сауран ауданы, Жамбыл облысы Жаңатас қаласы, Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласы, Павлодар қаласындағы М.Әуезов атындағы мектептермен тікелей эфирде байланыс жасалып, меморандумға қол қойылды.

Мерекелік іс-шара оқу­шылардың қатысуымен ұйымдастырылған театрландырылған қойылыммен жалғасын тапты. «М.О.Әуезов шығармаларындағы құндылық және оқыту әдістемесі» атты І қалалық байқау аясында қала мектептерінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері панорамалық сабақ көрсетсе, 9-11-сынып оқушылары эссе жазу байқауында бағын сынады.

Баян Асылбекова

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button