Басты ақпаратРуханият

Қазақ ұлттық ренессансы

Қазақтың мұңын жеткізетін, әлеуметтік жайын, қоғамдық қарым-қатынастарын көрсететін басты халықтық мінбер сөз өнері болғандықтан, олардың баршасы әдебиеттен көрініс тауып жатты. Сондықтан да қазақ Ренессансы өзінің толық мазмұнын осы сөз өнерінен тапты. Дегенмен Ренессанс сияқты аса ірі құбылыстың бір ғана сөз өнерінен байқалуы аздық ететін еді. Осы құбылыстың барлық негізгі сипаттарын көрсетуі үшін ол басқа салаларды да қамтымақ. ХХ ғасыр басында қазақ ой-өрісінің кеңеюі, жазба әдеби жанрлардың қалыптасуы, ғылымның тууы, театр өнерінің дүниеге келуі, ең бастысы, осыларды қалыптастыратын қазақ зиялы қауымының жалпы ортақ ұлттық мүдде жолында шоғырлануы ренессанстық белгілер болатын.

Әрбір халық тарихи даму үдерісіне және деңгейіне орай Жаңғыру дәуірін өткізеді. Әлемдік тарихнамада ол «Ренессанс» атауымен белгілі. Ренессанс әсіресе, өркениетті елдердің тарихында толығырақ зерттелген. Осыларды зерделейтін болсақ, онда Ренессанс құбылысының үш түрлі типін аңғарамыз. Біріншісі – VIII ғасырдан ХІІІ ғасырға дейін жалғасқан Ислам дінінің адамгершілік қағидаларына негізделген және мәдениет пен ғылымның көптеген салалары ерекше дамыған «Исламның алтын дәуірі» немесе «Мұсылман Ренессансы» деп аталатын Еуропаға тікелей ықпал еткен Жаңғыру дәуірі. Екіншісі – антропоцентризмге негізделген ХІV ғасырдан ХVІ ғасырдың ортасына дейін созылған Батыс Еуропадағы Ренессанс. Үшіншісі – отарланған халықтардағы алдымен ұлттың жағдайына, содан кейін адамның халіне гуманистік көзқарас танытқан ренессанстық құбылыс. Әлемдік тарихтағы қалыптасқан осындай даму ерекшеліктерін ескеріп, біз қазақ жеріндегі жаңғыру құбылысын үшінші типіне енгіземіз. Сол себепті де оны «Қазақ ұлттық Ренессансы» деп атаймыз. Оны саяси-қоғамдық және мәдени үдерістері контекстінде қарай отырып, Алаш қозғалысымен тікелей байланыстырамыз. Бұл ұлттық Ренессансты ұғыну мен оған баға берудің ең басты алғышарты десе болғандай.

Мұсылман Ренессансы дәуірінде араб әлемінде білім беру, ғылым, әдебиет, өнер, мәдениет айрықша дамыды. Бағдат, Каир, Дамаск, Бұхара, Газна, Самарқанд, Хорезм, Исфахан, Нишапур, Балх, Кордова, Тебриз сияқ­ты қалалар әлемнің аса ірі білім мен мәдениет ошақтарына айналды. Әлемдегі ең алғашқы университет те Мұсылман елінде ашылды. Ол 859 жылы мароккалық ханшайым Фатима аль-Фихри Фесе қаласында ашқан алғашқы университет. Ал оның алдында ІХ ғасырдың 20-жылдары Бағдатта «Бейт аль-Хикма» атты Ислам академиясының негізі қаланды. Халиф әл-Мамұн ашқан бұл «Даналық үйіне» ғалымдардың айтуынша, Орта Азиядан, Ираннан көптеген оқымыстылар келіп жұмыс істеген. Білім мен ғылымның ренессанстық дәуірде шамшырағы болған бұл қалаларға Еуропаның, Азияның, Африканың көптеген елдерінен оқымыстылар жиналды. Солардың бірі қазақ даласынан келген әл-Фараби. Энциклопедиялық білімі, ғылыми еңбектері оны Исламның алтын дәуірінің көрнекті ренессанстық тұлғасы етеді.

Жалпы Мұсылман Ренессансы Батыс Еуропадағы Ренессанстың тууына, қалыптасуына айрықша ықпал жасады. Бұл жөнінде американ ғалымы Г.Тернер: «Мұсылман суретшілері және ғалымдары, жұмысшылары мен князьдары бірегей мәдениетті жасады, ол барлық құрлықтарға тікелей және жанама әсер етті» деп баға берді.

Ахмет Байтұрсынұлының қайраткерлік, шығармашылық тұтас өмірбаяны оны аса ірі ренессанстық тұлға етеді. Егер Ақаңның Алаш қозғалысы тұсындағы зор қайраткерлігін, ұлттық мектепті қалыптастырудағы ұстаздығын, ғылымның негізін салушы болғандығын, дәуір ұранына айналған көркем шығармалар мен публицис­тикалық еңбектер жазғандығын жіктейтін болсақ, онда оның жан-жақты тұлғалық қасиеттері Ренессанстың ең негізгі бағыттарын анықтағанын аңғарар едік

Еуропадағы Ренессанс тұсында адамзат баласының халықаралық қатынастары ерекше дамыды. Бұл ұлы географиялық жаңалықтардың дәуірі болғаны белгілі. 1492 жылы Христофор Колумбтың Американы, 1498 жылы Васко да Гаманың Үндістанға баруы, 1522 жылы Фернан Магелланның бүкіл жер шарын аралап шыққан атақты экспедициясы секілді мысалдардың өзі-ақ ренессанстық дәуірдің адамзатқа не бергенін жақсы түсіндіре алады деп ойлаймыз. Оларға қоса, Ренессанс өкілдері қатарында Данте, Галилей, Коперник, Бруно, Монтень, Роттердамский, Макиавели, Кампанелла, Шекспир, Сервантес, Микеланджело, Леонардо да Винчи сияқты адамзаттың ақыл-ойына, танымына аса зор үлес қосқан тұлғаларды атасақ, бұл дәуірдің өркениет тарихындағы маңызы аңғарылатын болады.

Мұсылман Ренессансында, одан кейінгі Батыс Ренессансында алдыңғы қатарға адам, адамның адамгершілігі, моралі, ойы, әрекеті, сезімі шықса, қазақ сияқты отарланған халықтың жаңғыру дәуірінде ұлт пен адам тығыз сабақтастықта көрінді. Бұл отарланған Азия, Еуропа, Америка халықтарының барлығына да тән ерекшелік. Мысалы, ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басындағы Үндістандағы Бенгал Ренессансын айтуға болады. Оның басты тұлғасы Р.Тагор болды. ХVІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдағы Болгариядағы осындай жаңғыру «Болгар ұлттық Ренессансы» деп аталды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге боларлық. Жалпы мұндай халықтардағы Ренессанс дәуірі негізінен, ұлт-азаттық қозғалыспен бірге жүретінін аңғару қиын емес.

Алаш қозғалысы өзіне дейінгі барлық қозғалыстардан басты айырмасы, қажет болса, тіпті артықшылығы – оның интеллектуалдық-мәдени қозғалыс болуында. Әлбетте бұл Алаш қозғалысы саяси бағыттағы күрес дегенімізбен, оның негізінде ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында заманауи білім алған қазақ зиялылары тұрды. Олардың ішінде гуманитарлық білім алғандардың үлесі үлкен болды. Егер қозғалыс жетекшісі Әлихан Бөкейханды ұлттық Ренессанс дәуірінің саяси көсемдер болсақ, Ахмет Байтұрсынұлы оның рухани көсемі дейміз. Жалпы осы екі реформатор тұлға ұлтымыздың саяси және мәдени тарихына бетбұрыс жасаған тұлғалар болды. Осы арада біз қазақ Ренессансының бастапқы ерекшеліктері Абайдан кеңінен байқалғанын айтуға тиіспіз. Себебі Қазақ ұлттық Ренессансының антропоцентристік, адамгершіл мұраттарын Ислам діні мен қазақ халқының ізгі дәстүрлерін синтездеген Абай тұлғасы және оның шығармашылығы дайындағаны белгілі. Бұл жөнінде біз «Абай және қазақ Ренессансы» еңбегімізде баяндағанбыз.

Әлемдік тарихтағы Ренессанстың тууы мен қалыптасуының формациялық алғышарттарына келсек, ол жалпы қоғамдық және мәдени құбылыс ретінде феодалдық қатынастардың капитализмге қарай бейімделе бастаған кезеңімен тұспа-тұс келеді. ХХ ғасыр басында қазақ даласында буржуазиялық қатынастардың орныға бастауы да жаңғыру дәуірінің орнығуына тікелей ықпал еткен фактор.

ХХ ғасыр басындағы қоғамдық және мәдени үдерістерге баға беруде бұл кезеңді «Ағартушылық» деп атап жүрміз. Бұл – кеңестік кезеңде Ш.Уәлиханов, ­Ы. Алтынсарин, Абайлардан бастап ХХ ғасыр басындағы М.Серәлин, С.Көбеев, С.Торайғыров және т.б. ақын-жазушыларға берілген анықтауыш. Оларды «Қазақтың демократ ақын-жазушылары» деп атадық. Оны олардың халықшылдығымен, сол кездегі түсінік бойынша «үстем тапқа» қарсылығымен түсіндіріп, маркстік-лениндік ілім негізіндегі соцреализмнің қағидаларын басшылыққа алдық. Осыдан жалпы қоғамдық, оның ішінде әдеби-эстетикалық дамудың табиғи үдерісін қасаң идеологияға бағындырдық. Бірақ тәуелсіздік тұсында бізде ғылым әдіснамасы қалыптаспағандықтан да сол бұрынғы үйреншікті танымнан әлі де толық шыға алмай жүрміз. Әлбетте, аталған кезеңде әдебиетте ағартушылық идеялардың болғаны рас. Дегенмен мұндай идеялар әдебиеттің бірден-бір даму жолы емес еді. Абайдың өзін ағартушы деңгейінде ғана қалдыру дұрыс емес. Бұл жөнінде Ғ. Есім: «Ағартушылық» ұғымын санамызға сіңірген – большевизм идеологтары. Себебі олар өздерін қараңғы қазаққа өнер-білім әкелген ағартушылармыз деп жария еткен. Сонымен қатар олар қазақтар ішінен де ағартушылар іздес­тіре бастады… Сонымен тез арада ағартушылық концепциясы жасалып, шығармаларында әділеттілік туралы ой толғаған қазақ ұлдары ағартушылар болып шыға келді» деп жазады. Шынында да кеңестік кезеңде барлығын да жетекші идеологияға таңу, бейімдеу жайттары көп болғанын білеміз. Біз осы ескірген идеологиялық құрсаулардан шынайы ғылыми танымды аршып, тазалап алуымыз қажет. Қазақ ғылымында әсіресе тілтану, әдебиеттану, философия және ұлттың танымымен байланысты гуманитарлық-қоғамдық ғылымдардағы әдіснаманы қалыптастырмайтын болсақ, онда әлі де біржағынан ескі сүрлеуден шыға алмай, екінші жағынан, қазіргі әртүрлі креативті деп саналатын идеялардың етегіне жармаса беретін боламыз. Мұндай жағдай қазір аталған ғылымдарда байқалып жүр.

Ағартушылық Абайдың шығармашылық болмысын толық таныта алмайтын сияқты Алаш зиялыларының да күресі мен шығармашылығын сипаттауға жете бермейді. Мәселе одан әлдеқайда кең. Соған орай ол кезеңге және сол кезеңге өмір сүріп, шығармашылық еткен тұлғаларды тек ағартушылық аясында ғана емес, кең ұғымдағы ұлттық Жаңғыру контекстінде қарастыруымыз қажет. Оның атауы халықаралық терминологияда «Ренессанс» делінеді. Бұл арада түсінікті болуы үшін мынадай жайтты ашып алуға тиіспіз. Батыс Еуропада Ренессанс жеке бір дәуірді, Ағартушылық жеке бір дәуірді сипаттайды. Осыдан тікелей келіп, «қазақ қоғамында да осы екі дәуір жеке болмады ма екен» деген орынды сауал шығады. Оған жауабымыз мынадай. Араб елдері, Батыс Еуропаның мемлекеттері көне дәуірлерден бастап қазірге дейін өздерінің ұлттық даму эволюциясымен өмір сүріп келеді. Ал қазақ сияқты тарих жүзімен алғанда жасырақ және өзге мемлекеттердің отарында болған халықтар дамудың классикалық эволюциясынан толық өтпейді. Оның көптеген саяси, әлеуметтік және мәдени себептері бар. Сондықтан да мұндай халықтар тарихи үдерісте жоғарыда аталған халықтар ретімен, сатылап жүретін кезеңдерді толық емес ішінара ғана өтуі немесе белгілі бір уақытта бірнеше кезеңдерді қатар өткізуі мүмкін. Айталық, қазақ қоғамында жаңғыру кезеңі аясында ағартушылыққа тән барлық дерлік ерекшеліктер көрінді. Әдеби дамуға келер болсақ, ХХ ғасырдың басында реализмнің сыншыл және ағартушылық формалары, романтизмнің әлеуметтік-консервативті, философиялық, төңкерістік ағымдары, сентиментализм, символизм, натурализм қатар жүрді. Халқымыздың даму тарихына және соған орай танымына орай Батыс Еуропа халықтары сан ғасыр­лар бойы басынан кешкен дәуірлер біздің әдеби үдеріс­те мейлінше сығымдалды. Қазақ Ренессансы мен Ағартушылығы сияқты үдерістер де осылайша жүрді. Сол себепті біз алдымен Абай шығармашылығында байқалған Ренессансқа тән белгілердің ХХ ғасыр басында тұтас үдеріске айналғанын айта келіп, бұл кездегі ағартушылықты осы тұтастың бөлшегі ретінде қарастырамыз. Екеуін ортақтастыратын факторлар: халықтың мәдениетін көтеру, білімге үндеу, еңбек культін насихаттау, мінезін түзеу. Ал Ренессансты сипаттайтын факторлар: ұлтты ояту және біріктіру, ұлттық болмысты сақтау және дамыту, теңдік, бостандық, азаттық идеялары, өркениетті елдерден үлгі алу және солармен интеграцияға түсу, ғылымды қалыптастыру, мәдениетті күшейту, кәсіби білімге ие болу, ұлттық тарихты қорыту және одан сабақ алу. Міне, осындай міндеттер Қазақ ұлттық Ренессансын сипаттайды. Ренессанстың ағартушылықтан түбірлі айырмасы – Алаш зиялылары ұлт мәселесін тек әдеби-мәдени, философиялық тұрғыдан ғана қарастырмай оған саяси мазмұн дарытты. Себебі, халықтың азаттығы, адамның еркіндігі ғана шын мәніндегі жаңғыру болатын еді.

Қазақ ұлттық Ренессансы өзінің тарихи миссиясына тән, біздің ойымызша, бірнеше ренессанстық тұлғаларды тудырды. Ренессанстық тұлға дегеніміз – кім және қандай сипаттарымен ерекшеленеді деген сауалды қояр болсақ, онда былай деп жауап беретін едік. «Ренессанстық тұлға» дегеніміз адамның, халықтың адамгершіл болмысын бейнелеген және оны кеңінен насихаттаған, гуманистік идеяларды шығармашылығы мен күресінің арқауына айналдырған ұлттың тарихы мен мәдениетіне, өнеріне, білімі мен ғылымына үлкен дәуірлік бетбұрыс жасаған тұлға.

Ахмет Байтұрсынұлының қайраткерлік, шығармашылық тұтас өмірбаяны оны аса ірі ренессанстық тұлға етеді. Егер Ақаңның Алаш қозғалысы тұсындағы зор қайраткерлігін, ұлттық мектепті қалыптастырудағы ұстаздығын, ғылымның негізін салушы болғандығын, дәуір ұранына айналған көркем шығармалар мен публицистикалық еңбектер жазғандығын жіктейтін болсақ, онда оның жан-жақты тұлғалық қасиеттері Ренессанстың ең негізгі бағыттарын анықтағанын аңғарар едік. Ақаңды «Ұлт ұстазы» деуіміздің астарында оның осындай дәуірлік көшбасшы болғанына лайықты бағамыз жатыр. «Ақаң ашқан қазақ мектебі, Ақаң түрлеген ана тілі, Ақаң салған әдебиеттегі елшілдік ұран – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын» деген Мұхтар Әуезовтің бағасы оның ренессанстық тұлғасын танытады деп ойлаймыз. Әуезовтің осы мақаласында Алаш қозғалысына байланыс­ты ешнәрсе айтылмаған. Кеңестік кезеңдегі заманның райы Мұқаңа оны айтудан сақтандырған.

Ахмет Байтұрсынұлының тарихи тұлғасын қалыптастырған алғышарттар оның ренессанстық тұлға болуына тікелей қатысты. Біздің ойымызша, ондай алғышарттар қатарында мыналарды атауға болады. Біріншіден, ол бала кезінен отаршылдықтың зардабын көріп өскенін «Анама хат» өлеңінен және зерттеулердегі өмірбаяндық деректерден жақсы білеміз. Ақаңның ат жалын тартып азамат болып қалыптаса бастаған кезеңінде ұлт оқығандары шоғырланып, отаршылдыққа қарсы күресті бастады. 1905 жылғы Ресейдегі төңкеріс, бостандық идеялары, қазақ жеріндегі алғашқы құзырхаттар, саяси басқосулар және осылардың нақ ортасында Ахмет Байтұрсынұлының болуы, оған белсенді түрде қатысуы оны қайраткерлік жолға түсірді. Мысалы, «Қарқаралы құзырхаты», «Қарқаралы шеруі». Осы кезеңде оның Ә.Бөкейхан, Ж.Ақбаев, М.Дулатов сияқты ұлтының тағдыры үшін күрес бастаған тұлғалармен адами, рухани және саяси серіктігі ортақ мүдде үшін қайраткерлік тұлғасын қалыптастыра бастады. Бұл мәдени, ағартушылық күреске ұласып, 1913 жылы «Қазақ» газеті бетінде саяси-қоғамдық күреске, 1917 жылдың көктемінен бастап нағыз саяси күреске ұласты. Нәтижесінде аталған Алаш көсемдерінің және тағы да басқа қайраткерлердің күресі арқасында саяси мазмұндағы облыстық, уездік қазақ сиездерін, І, ІІ жалпықазақ сиездерін өткізуге, «Алаш» ұлттық партиясының бағдарламасын жариялауға, партияның Семейден бастап бірнеше өңірде комитеттерінің ашылуына, Алашорда үкіметінің құрылуына, Алаш автономиясына алып келді. Екіншіден, Ренессанс тұсында ұлттық тілдер мен әдебиет жаңа деңгейлік сатыға көтеріледі. Айталық, VIII ғасырдың ІІ жартысында және ІХ ғасырда араб тілінің әдеби стильдері қалыптаса бастады. Араб әдебиеті идеялық, жанрлық, эстетикалық жағынан жаңа белеске шықты. Осындай дамуды Батыс Еуропа Ренессансынан да аңғарамыз. Ортағасырлық латын тілінің орнына еуропалық тілдер ғылым мен мәдениетте қолданылып, олардың әдеби тіл ретіндегі нормалары жүйелене бастады. Дантенің өзі латын тілінің «жасандылығын» көрсетіп, итальян тілін мейлінше табиғи тіл ретінде бағалады.

Ербол ТІЛЕШОВ,

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық

ғылыми-практикалық орталығының директоры,

филология ғылымдарының кандидаты

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button