Ел тынысы

«JOLTAP»-тың жұмысымен танысты



Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елордада жүзеге асып жатқан «JOLTAP» жобасы жұмысымен танысты. Бұл туралы қала басшысы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Өмір сүру сапасы негізінен таңдаған мамандық пен жұмысқа байланысты. Десек те қала тұрғындарының бәрі бірдей белгілі бір мамандықтың иесі бола бермейді. Біздің міндетіміз – бүгінде нарықтағы қажетті дағдыларды меңгеруге және жұмысқа орналасуға көмектесу. Осындай мақсатпен қыркүйек айында біз «JOLTAP» әлеуметтік жобасын іске қостық. Жоба мемлекеттік қолдау іс-шаралары, атаулы әлеуметтік көмек, бизнес ашу үшін өтінімдер беру, оқыту, жұмыс іздеу бағытында тегін консультациялар береді. «JOLTAP» жобасы аясында қала тұрғындары қысқа мерзімді екі бағдарламада тегін білім алады. Бірінші бағдарлама тігінші, наубайханашы, сатушы-кассир, қоғамдық тамақтандыру қызметінің әмбебап қызметкері, бариста сияқты 5 жұмысшы мамандығын оқытуға арналған. Екінші бағдарлама – «Freelance Mumkindik», 7 цифрлық дағды бойынша оқытуды ұсынады: таргетолог, SMM, видеограф, маркетплейс, мобилограф, графикалық дизайнер және веб-дизайнер (сайт әзірлеу)» деп түсіндіріп жазды әкім.

Ол оқу сыныптарын аралап, бағдарламаға қатысушылармен әңгімелесті. «Жоба аясында қатысушылар теориялық қана емес, практикалық білім де алады. Сол сияқты оларға сертификаттар беріліп, жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі. Оқыту ұзақтығы бағдарламаға байланысты он күндік курстан бір жарым айға дейін созылады. «JOLTAP» жобасы Мемлекет басшысының нәтижелі жұмыс орындарын құруға баса назар аудара отырып, белсенді әлеуметтік саясаттың қажеттілігі туралы тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асырылып жатыр» деді Жеңіс Қасымбек.

Жобаның механизмдері туралы толық ақпаратты «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттері арқылы мынадай мекенжайлар бойынша алуға болады:

«Жастар» сарайы, Республика даңғылы, 34;

«Тұлпар» СО, Ш.Уәлиханов көшесі, 24;

«Euromall» СҮ, Қосшығұлұлы көшесі, 24;

«Ailand» СОО, Қорғалжын тас жолы, 2;

«Встреча» СҮ, Абылай хан даңғылы, 31;

«Mechta» СҮ, Сығанақ көшесі, 3;

«Азия Парк» СОО, Қабанбай батыр даңғылы, 21;

«Magnum» супермаркеті, Еділ көшесі, 26;

«Саянұр» базары, Тілендиев даңғылы, 24/5;

«Big Шанхай» СҮ, Алаш тас жолы, 32а.

Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін «JUMYS TAP» (@jumystap_bot) Telegram-бот-ы іске қосылды, онда маңызды бос жұмыс орындары жарияланады.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button