Басты ақпарат

КӘСІП ИГЕРСЕҢ, НӘСІП МОЛ



ОКСФОРД МАМАНДАРЫ БАРЛЫҚ МАМАНДЫҚТЫҢ 35 ПАЙЫЗЫ КЕЛЕСІ 25 ЖЫЛДА АВТОМАТТАНДЫРЫЛАТЫНЫН АЙТАДЫ. ӘЛЕМДІК МӘСЕЛЕНІҢ, ӘСІРЕСЕ, ҚАЗАҚҚА ҚАТТЫ ҚАТЫСЫ БОЛЫП ТҰР. ЕЛІМІЗДЕ ЕҢБЕККЕ ЖАРАМДЫ АЗАМАТТАРДЫҢ 5 ПАЙЫЗЫ – ЖҰМЫССЫЗ. СӨЙТЕ ТҰРА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК НАРЫҒЫНА ӘРТҮРЛІ САЛА БОЙЫНША 17 МЫҢНАН АСТАМ МАМАН КЕРЕК. АЛДАҒЫ БЕС ЖЫЛДА ЕҢБЕК НАРЫҒЫ ТАҒЫ ОН МЫҢДАҒАН ЖҰМЫС КҮШІН ҚАЖЕТ ЕТЕТІН БОЛАДЫ.

Диплом бар, жұмыс жоқ. Маман жетіспейді, жұмыссыз көп. Бұл қандай теңсіздік? Қоғамға қажетсіз мамандықты меңгере бергеннен не ұтамыз? Биылғы оқу жылынан жүзеге аса бастайтын «Жалпыға арналған тегін кәсіптік білім беру» бағдарламасы осы мәселенің шешімін табуға арналған. Өйткені бізге дәл қазір жұмысшы мамандықтары көптеп жетіспейді.

Астанаға қандай кәсіп жетіспейді?
Кәсіби-техникалық мамандықтарға еліміз бойынша биылғы оқу жылында 84 мың грант бөлу жоспарланып отыр. Мемлекеттік сұраныстың орны толып қалғандықтан «Экономика» және «құқық» мамандықтарына грант бөлінбеуі мүмкін. Медициналық мамандықтарға бөлінетін гранттың да саны қысқарады. Өйткені кәсіптік-техникалық мамандықтарды игеруге жылдан-жылға қажеттілік күшейіп келеді. Шыны керек, егемендігімізді алып, есімізді жинаған алғашқы жылдары жастар жаппай банкир, экономист, заңгер болуды ойлады. Бір кездері тенденцияға айналған бұл «беделді» мамандық иелеріне бүгінде сұраныс тым аз. Дәл қазір Астанаға сауда және қаржы саласына – 294, сервистік қызметке – 645, денсаулық сақтау саласына – 415, құрылыс және коммуналды шаруашылыққа – 435, білім саласына – 437, байланыс және ақпарат саласына 224 маман жетіспейді.
Осыған қарап-ақ жұмысшы кадрларды көптеп қажет ететін жаңа қоғам қалыптасып жатқанын аңғарамыз. Қоғамда жасанды интеллект, автоматтандырылған өнеркәсіпті басқаруды меңгеру, жаңа технологиялар асқан жылдамдықпен дамып келеді. Осының әсерінен компьютерлер немесе роботтар атқара алатын жұмыс орындары көбейіп, адамдар нәпақа табу мүмкіндігінен айырылу мүмкін. Осының алдын алу үшін адамдар қаласа да, қаламаса да жұмысшы мамандықтарды меңгеруді мықтап қолға алулары керек.

Тегін колледждер –
жұмысшы
мамандықтарға жол ашады
Айтып отырғанымыздай, биылғы оқу гранттары бірінші кезекте жұмысшы мамандықтарына беріледі. «Жалпыға арналған тегін кәсіптік білім беру» бағдарламасы 9-сынып пен 11-сынып бітірген оқушыларға қатысты. Сонымен қатар колледжде оқитын студенттер де бар. Жоғары оқу орындарнан шығып қалған студенттер де ескеріледі. Биыл техникалық және кәсіби оқытуда 21 мыңнан астам жас қазақстандықты қамту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, колледждер, Атамекен ҰКП оқу орталықтары және кәсіпорындардың оқу орталықтары шеңберінде кәсіби оқытуға арналған қысқамерзімді курстар өткізілетін болады. Бұл оқу түрінде 26 мың адам қамтылады.
Биыл Астана қаласы бойынша 9-сынып бойынша 8017, 11-сынып бойынша 4463, барлығы 12 480 бітіруші бар. Кәсіптік-техникалық білім беру бойынша елордалық 12 мемлекеттік, 22 жеке меншік, барлығы 34 колледж атсалысады. Бұл оқу орындары осы бағдарлама аясында 4257 адамды тегін біліммен қамтамасыз ететін болады. Биылғы талапкерлер үшін басты жаңалық та – осы. Олар техникалық мамандықтар бойынша мемлекеттік және жекеменшік арнайы орта оқу орындарында тегін білім ала алады. Мамандардың пікірінше, тегін кәсіптік-техникалық білім беруді енгізу жоғары оқу орындарына тәжірибелі, өзінің болашақ мамандығынан хабары бар талапкерлерді қабылдауға көмектеседі. Бұл жоба қоғамдағы орта таптың үлесін арттыруға да жол ашады. Кез келген елдегі экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі орта тап екендігі белгілі. Техникалық және кәсіптік білімді дамыту өнеркәсіппен қатар, аграрлық, медицина, құрылыс, қызмет көрсету секторларының өрге басуына ықпал етеді.

Елордалық
оқушылар
мектептен
мамандық алып шығады
Астаналық оқушылар мектеп қабырғасында-ақ дайын маман болып шығады. Қуаныштысы сол, бүгінде елордалық мектептерге арнайы курс енгізілген. Дәл қазір 24 мектепті қамтып отырған жобада 10-11 сынып оқушыларын шаштараз, тігінші, даяшы, бармен, бала күтуші, хатшы-референт секілді мамандық бойынша оқыту басталып кетті. Толық курстан өткеннен кейін, оларға арнайы сертификат табыс етіледі. Елімізде мектеп қабырғасынан мамандарды даяр­лау ісін қолға алғаны – құптарлық іс. Себебі Қазақстан бойынша жоғарыда аталған сала иелері үлкен сұранысқа ие.
Алдымен бұл жоба 9-сыныпты бітірген жастарға арналған. 9-сыныптан кейін ол жұмыс мамандығы бойынша білім ала алады. Академиялық тұрғыда 10,11 сыныпты жалғастырғысы келетіндер мектепте оқып жалғастырып, 10,11 сыныпта таңдаған мамандығын қатар оқи алады. Яғни, белгілі бір кесте бойынша мектеп аттестатымен қатар мамандық алып шыға алады. Бүгінде қаламыз бойынша 10-сыныпты оқитын 979 бала мектеп бітірген аттес­татымен бірге кәсіптік білімді меңгерген сертификатын алу жолында білім игеруде. Астана қаласы білім басқармасының кәсіби білім беру, кадрлар даярлау бөлімінің бастығы Салтанат Басығареваның айтуынша, бұл оқушылар осы мамандықтарын жалғастыру үшін жоғары оқу орындарына құжат тапсыра алады. Егер оған түсу мүмкіндігі болмаса, осы сертификаттарымен өздері курстан өткен колледждеріне автоматты түрде тегін оқу мүмкіндігіне ие болады. Бұл жоба болашақта еліміздің барлық аймақтарында қолға алынуы керек. Жұмысшы мамандықтарды меңгерудегі алғашқы білімді мектеп қабыр­ғасында жүріп ақ тегін алудан бастау кез келген түлектің болашағын айқындап, қоғамдағы өзінің орнын анықтауға ықпал етері сөзсіз.

Бүгінгінің
бас ауруы: «Балам
бастық болсын!»
Ал жалпы еліміздегі еңбек нарығына геолог мамандары, тау-кен инженері, автоматтандыру және басқару саласының мамандары, қауіпсіздік техникасы инженерлері, электрслесарлар, мұнайшы-операторлар жетіспейді.
Қаншама мүмкіндіктер беріліп, жағдай жасалса да, жұмысшы мамандыққа көбінің түскісі келмейді. Бұған алдымен баланың ата-анасы ықпалы етеді. «Балам бастық болсын!» деген қасаң түсініктен әлі де арыла алмай келеміз. «Балам қара жұмыс жасағанша, кеңседе отырсын» деп ойлаймыз. Дегенмен бүгінде жұмысшы мамандық иелерінің жұмысты тез табатынын және табысының жақсы екенін ұмытпаған жөн. Білікті маман болса, жұмыс жеткілікті.
Ал мұндай орта буын маман дайындауда кәсіптік-техникалық бағдар беретін колледждерге артылар міндет үлкен. Мамандардың сөзіне сенсек, келешекте кәсіптік білімнің тегін берілуі өндіріске маманданушы жастардың қатарын ұлғайтары анық.

Сөз соңы
Елбасы бірде: «Қолдарыңдағы тамақ жейтін қасық пен шанышқыны жұмысшылар жасаған. Ол үшін металды балқытты. Сендер тұратын үйді, көлікпен жүретін жолды салған жұмысшылар. Сендерді тамақтандыратын асханадағы аспаз да жұмысшы мамандығына жатады. Біздің айналамыздағы нәрсенің бәрі жұмысшылардың қолымен жасалған. Осыны ешқашан естен шығармаңдар» деген болатын. Айтса айтқандай, еңбек адамдарының қатарын көбейтіп, даңқын арттыру жолындағы керемет жоба қолға алынды. Ендігі міндет – мемлекеттің кәсіптік-техникалық білім беру жолында жасаған үлкен қолдауын тиімді пайдалану ғана.

Гүлжан РАХМАН




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button