Басты ақпаратСұхбат

КӘСІПКЕ ҚОЛАЙЛЫ ҚАЛА



Астанадағы шағын және орта бизнестің даму бағыты, осы салада алда атқарылуы тиіс міндеттер жөнінде Астана қаласы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Рысгүл ҚАУҒАБАЕВА газет тілшісіне жауап берді.

– Рысгүл Боранбайқызы, Елбасы бастап, өзге басшылар қос­тап, бұл күндері шағын және орта бизнестің дамуына үлкен көңіл бөліп жатыр. Елорданың осы бағыттағы жалпы жағдайымен таныс­тырсаңыз. Билік кәсіпкерлерге қандай қолдау беруде?
– Астанада кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік және жергілікті бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі – «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылған уақыттан елордада 123 млрд теңге сомасындағы 680 жобаға қолдау білдірілді. Бұл бағдарламаның өзінің бірнеше бағыты бар. Пайыз үстемесін субсидиялау бойынша кәсіпкер банктен 14 пайыздық мөлшерлемемен несие алса, оның 7 пайызын мемлекет кәсіпкерге төлеп береді. Биыл жыл басынан бері бұл бағыт бойынша 53 жоба қолдау тапты. Оның екеуі – инфрақұрылымды тартуға қатыс­ты жоба.

Ал келесі бағыт кепілдендіру деп аталады. Яғни, кепілдемесі жоқ клиентке банк көмек береді. Осы 680 жобаның 31 пайы­зы қайта өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Астанада ішкі жалпы өнімнің 80 пайызын сауда және қызмет көрсету салалары құрайтындықтан, қалған 69 пайызы қызмет көрсету саласына жатады. «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы негізінен өндіріс секторын қолдауға бағытталғандықтан, елордада шағын және орта бизнесті ілгерілету үшін жергілікті бес бағдарлама әзірленді.

– Жергілікті бағдарламалардың ерекшелігі қандай? Оларға толығырақ тоқталсаңыз.
– «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасына сау­да секторы енгізілген жоқ. Сондықтан жергілікті жерде «Астана-бизнес» бағдарламасын әзірледік. Оған қоғамдық тамақтану және сауда салалары енгізіліп, 41 жоба мақұлданды. Екінші бағдарлама «Astana – ZhasStarT» аталады. Атауы айтып тұрғандай, бұл 29 жасқа дейінгі адамдардың кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған. Осы бағдарлама бойынша 2,6 млн теңгенің 57 жобасына қолдау берілді. Соның арқасында Динара Сәдуақасованың шахмат академиясы, балаларға арналған шағын орталықтар, спорт кешендері іске қосылды.

«Start up» бағдарламасы бойынша адамдардың жасына байланысты ешқандай шектеулер қойылмайды. Оған бизнесті жаңа бастаған кез келген кәсіпкер қатыса алады. Бұл бағдарламалардың барлығында банктің алдында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры кепіл бола алады. Бір кәсіпкер 7,9 пайыздан аспайтын үстемемен 50 млн теңгеге дейін несие ала алады.

Келесі «Astana Retail» бағдарламасы сауда желілерін қолдау­ға бағытталған. Бұл бағдарлама «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме қарсаңында негізгі азық-түлік тауарлары бағасын бақылау мен реттеу мақсатында дайындалды. «Аstana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, қалалық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан әзірге 11 сауда желісіне қолдау білдірілді.

– Бұл бағдарламалардың әзірленіп, іске қосылуы қандай нәтижелер көрсетіп отыр?
– Былтыр Астанада бөлшек саудадағы тауар айналымының индексі төмендеп кеткен еді. Ал биылғы жылдың алты айында аталмыш бағдарламалар жүзеге асырыла бастаған уақыттан бастап бұл индекс 97 пайыздан 110 пайызға өсті. Бұған қоса азық-түлік тауарларының инфляциясы деңгейі алғашқы рет республикалық орташа көрсеткіштен төмендеді. Яғни, республикалық орташа көрсеткіш – 103,7 болса, Астанада – 103, 5.

– Жуырда елордада «ASTANA TAXI» жобасы іске қосылды. Бұл жоба туралы кеңірек әңгімелеп берсеңіз.
– Бұл жобаға сәйкес «Astana Service» бағдарламасы әзірленді. Жеке мемлекеттік әріптес­тік аясында жүзеге асырылып отырған «ASTANA TAXI» – өте ауқымды жоба. Сол мақсатта 300 жаңа автокөлік сатып алынды. Алдымен отандық автокөлік өндірушілерді қолдауды көздедік. Атап өтерлік жайт, бюджетке ешқандай салмақ түспей, бюджеттен тыс инвестициялар тартылды. Соның арқасында бюджеттің 7,2 млрд теңгесі үнемделді. Аталмыш жобаға қатысып жатқан 6 автопарк автокөліктерді өздері сатып алды.

Бұл жоба аясында бірыңғай байланыс орталығы құрылды. Көліктердің стилі айқындалып, жүргізушілердің жұмыс киімі де анықталды. Сол арқылы клиенттер өздеріне қызмет көрсетіп жатқан «ASTANA TAXI» екенін айыра алады. Бірыңғай тарифпен адамдарды тасымалдайтын көліктердің салонына таксометр орнатылған. Тілді түсінбейтін туристер мінген жағдайда саll-орталық арқылы байланысқа шығуға болады. Бұл орталық алты тілде кеңес береді.
Жобаның әріптесі – «Таксомоторлық парк» ассоциациясы.

Негізгі екпін көлеңкелі бизнес­ті қысқартуға, адамдардың қауіпсіздігіне, сапалы қызмет көрсетуге қойылып отыр. Сондықтан «ASTANA TAXI» көліктеріне бірқатар жеңілдіктер берілді. Атап айтсақ, қоғамдық көлікке арналған жолақтармен жүру. Сол арқылы жолаушылардың уақыты үнемделуде. Негізгі қоғамдық маңызды орындарда, адамдар көп жүретін жерлерде көлікті қаңтаруға да кұқық берілді. Соның ішінде, әуежай, «Нұрлы жол» теміржол вокзалы, «Хан шатырдың» жанында тоқтауға рұқсат етілді. Қазір кейінгі аталған сауда-ойын-сауық орталығының маңайында «ASTANA TAXI» көліктері ғана қаңтарылып жүр.

– «Көше саудасына арналған 1000 орын» бағдарламасы бар екенін білеміз. Оның ерекшеліктері қандай?
– Бұл бағдарлама жергілікті бес бағдарламадан тыс бір жарым жылдан бері жүзеге асырылуда. Сол үшін жеңіл тамақ ішетін, гүл мен жеміс-көкөніс­терді, соның ішінде балмұздақ сияқты маусымдық тағамдарды сататын, демалысты ұйымдас­тыратын 12 учаске анықталды. Қазірге дейін 425 келісімшарт жасалды.

Аталмыш бағдарлама бойынша жерді 7 жылға жалға алуға болады. Яғни, бастаған істі ілгерілетуге, жабайы саудада жүргендерді заңды бизнеске тартуға мүмкіндік берілді. Бұл бағдарламаға қатысушылары киетін арнайы киім белгіленді. Әзірге «Нұржол» сулы-нулы желекжолы мен Есілдің жағалауындағы сатушылар ғана бұл киіммен тұр. Бұл арнайы киімді индустрияландыру картасына қатысып жатқан отандық кәсіпорын тікті. Сол арқылы тұтынушылар сауда заңды жолмен жүргізіп жатқанын айыра алады.

– Елордада кәсіпкерлікті дамыта түсуді қажет ететін қандай салаларды атай аласыз?
– Туризмді әлі де ілгерілетуге тиістіміз. Туристердің санын көбейткіміз келсе, оған қатысты бағдарлама да жетілдіруді қажет етеді. «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына байланысты қаржы қызметтері де дамытылуы тиіс. Көлік логис­тикасы да өз деңгейіне шықпай тұр. Қазір Астанада осындай үш орталық қана бар. Білім беру қыз­меті мен байланыс пен ақпарат салаларын да алға бастыру қажет. Соның ішінде IT технологиялары, атап айтсақ, «Смарт Астана» қосымшасы да бар.

Биылдан бастап «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік» аталатын жаңа қанатқақты бағдарлама жүзеге асырыла бастады. Оған 476 млн теңге бөлінді. Бұл негізінен өзін-өзі жұмыспен қамтыған жұртшылыққа арналып отыр. Сол бойынша тегін оқуға, кәсіпкер статусын алуға, 8 мың АЕК-тен аспайтын сома көлемінде несие алуға болады.

Ал жалпы Астана кәсіпкерлікті дамытудың жергілікті бағдарламаларын әзірлеу, қолданысқа енгізу жағынан ел бойынша көш бастап келеді. Елорданың бұл тәжірибесі қазір өңірлерде енгізілуде. Сондай-ақ, бас қала шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімге қосар үлесі жөнінен және жан басына шаққанда өнім өндіруден бірінші орында.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан:
Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button