Жаңалықтар

КАТАРДЫҢ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ КӨКЖИЕГІ



ЭКСПО-2017 көрмесінде Катар павильоны мемлекеттің Ұлттық күнін атап өтті. Катар мемлекеті мен Қазақстан Республикасының ресми делегациялары қатысқан шарада екі елдің ән ұраны айтылып, екі ел байрағын көтеру рәсімімен басталды.

Еліміздің Ұлттық экономика вице-министрі Ернар Бәкенов құттықтау сөзінде, Қазақстан мен Катар арасындағы ширек ғасыр­ға жуық ынтымақтастық жылдарындағы орнықты қарым-қатынас орнағанын және қазір барлық сала бойынша өзара байланысуға толық жағдай жасалғанын атап өтті.
Одан кейін павильон қонақтарын Катар мемлекеті Сыртқы істер министрі Солтан Бин Саад Ал-Мурайхи мырза құттықтап, шөл даладағы шағын мемлекеттің қысқа мерзімде қалайша экономикалық көрсеткіштері жоғары алдыңғы қатарлы елге айналғаны туралы айтып берді.
– Катардың мұнай мен газға бай шикізат елі екеніне қарамастан, мемлекет баламалы энергетика мен жоғары технология сұрақтарына көп көңіл бөледі. Біз жасыл технологияны дамытуда Қазақстанмен бірге жұмыс істеуге дайынбыз және өзара тиімді серіктестік қатынас құрудан үмітіміз бар» деп Солтан Бин Саад Ал-Мурайхи мырза өз ойымен бөлісті.
Катарда мемлекеттік, мемлекеттік-жеке серіктес­тік түрлі жобаларды жүзеге асыруға арналған қолайлы инвестициялық климат жасалған. Сонымен бірге, Катар-2030 ұлттық стратегиясына сәйкес түрлі саларда, атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, туризм және спорт салаларында инвестициялық мүмкіндіктердің болашағы зор. Үнемі даму үстіндегі елдің «Катар-2030» ұлттық стратегиясы адам әлеуетін өсіруге бағытталған. «Сана энергиясы өмірдің мәні болып табылады» деген Аристотель философиясына сүйене келе, адамның энергиясынсыз ешнәрсеге қол жеткізуге болмайды деген ұстаным Катар павильонында жақсы түсіндіріледі.
Және бүгінгі адамзаттың есінде жүретін, «адамзат жаңа энергия көздерін іздеу үстінде қолда бар ресурстарды сақтау және олардың саналы қолдануының маңыздылығын, әрқайсымыздың осы үрдіске өз үлесімізді қосу қажеттігін тағы да еске салады.
«Жаңа энергетикалық көкжиек» аталатын Катар павильоны энергияның баламалы көздерін зерттеудегі және жасаудағы мемлекет жетістіктерін насихаттауға арналған. Мұнда қонақтар күн энергиясын пайдалану және болашақ технологиясын қолдану жөніндегі Катар компанияларының зерттемелеріне, елдің тұрақты дамуы үшін және халықтың энергетика ресурстарына ұқыпты қарауын қалыптастыру үшін жасалып жатқан шараларға қаныға алады. Бұдан бөлек, төрт тақырыптық аймаққа бөлінген павильонда көрме қонақтары Катар мемлекетінің тарихымен, мәдениеті мен ұлттық ерекшеліктерімен таныса алады.


Мерекелік шараның ресми бөлімінен кейін құрметті қонақтар Қазақстанның «Нұр әлем» павильонын аралап, Таяу Шығыстағы танымал өнер ұжымы «Maqam Ensemble» өнерін тамашалады.

Айгүл УАЙСОВА




Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button