Мәдениет

Кейіпкерлерімен қайта қауыштырды



Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры осы жылдың алғашқы премьерасын ұсынды. Көрнекті жазушы, драматург Оралхан Бөкейдің әңгімелері желісімен сахналанған «Ауыл хикаялары-2» драмасы – осының алдында аталмыш өнер ошағында қойылған «Ауыл хикаялары» спектаклінің жалғасы. Қоюшы режиссерлері – Әли Бидахмет пен Нұржігіт Мүсілімов.

Оралханның «Дос сыры» атты әңгімесінде Алтай деген қойшы жігіттің махаббат хикаясын шертетіні бар. Спектакль сол көріністен басталады. Бірақ режиссерлер көркем шығарманы дәлме-дәл көшіре салмай, бірнеше әңгімені араластырды. Атап айтқанда, «Күлпаштың
ұршығы», «Құмар қол бұлғапты», «Бес тиын», «Іздегенін тапты ма?», «200 грамм энергия», «Өзі сүйген», жоғарыда аталған «Дос сыры» әңгімелерінен жып-жылы қойылым дүниеге келді. Сол арқылы көрермендер қаламгердің кейіпкерлерімен қайта қауышты. Арманшыл Алтай, оның алғашқы махаббаты Еркежан мен жары Күмісайым, өз ісіңе адал почта бастығы Зәкең, аңшы Құмар көркем шығармадан театр сахнасына көшірілді. Арасында әңгімелердің авторы, яғни Оралхан Бөкейдің де бейнесін көрдік. Оны актер Мағжан Тұрарбек сомдады.

Осының алдындағы «Ауыл хикаясы» драмасы Оралхан Бөкейдің «Апамның астауы», «Қош, махаббатым» және «Маңдайдан бағың шайқалса» әңгімелерінен құрастырылған еді. Екі спектакльдің де қоюшы режиссерлерінің бірі Әли Бидахметтің айтуынша, бірінші қойылымға сыймай қалған әңгімелерді екінші спектакльге енгізуге мүмкіндік туды.

«Ауыл хикаялары» драмасын жалғастыруға көрермендер түрткі болды. Өйткені бірінші қойылымды олар өте жақсы қабылдап, драма көңілдерінен шықты. Осы спектакль қойыл­ған сайын залымыз толып отыратын. Сосын спектакльді жалғастырып, жылдың басын сонымен бастайық деп шештік. Тағы бір себеп: эксперимент жасап көргіміз келді. Театр қойылымдарында «1», «2» дегенді көрмейміз ғой, бұл киноға тән дүние. Бізге соны сахнаға көшіру, халықтың қалай қабылдайтыны қызық болды. Сосын қала тұрғындарын ауыл өміріне сапар шеккізсек, сөйтіп ауылға, балалық шаққа сағынышын бассақ деген де мақсат қойдық» дейді Әли Бидахмет.

Музыка – кез келген спектакльдің ажырамас бөлшегі. «Ауыл хикаялары-2» драмасына өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап, бертінге дейінгі әндер енгізілді. Атап айтқанда, Сыдық Мұхамеджановтың «Қырманға кел, қалқатай», Шәмші Қалдаяқов­тың «Бақыт құшағында», Ұлықпан Жолдасовтың «Табиғатым-махаббатым» әндері актерлердің орындауында берілді. Спектакльде негізінен ауыл халқының таза, кіршіксіз көңілі, еш арамдығы жоқ, аңқау, аңғал кейпі менмұндалап тұрды. Кейіпкерлерді Мәмбетов театрының тәжірибелі актерлері – Мәдениет қайраткері Айбол Шәкіржанов, Мәдениет саласының үздіктері Гүлмира Жакилина, Ажар Шәкіржанова және жастар әсерлі сомдап шықты. Соның ішінде бізге Ернұр Балмаш (Сергей), Ақжол Амантай (Құмар), Айнұр Жұмабаева (Еркежан), Нұрайым Тезекбаева (жас Күмісайым) сынды актерлердің кейіпкерлерді беруі ұнады. Қойылымда кездесу мен қоштасу, қуаныш пен мұң, махаббат пен қимас­тық сезімдері астасты.

Әли Бидахмет пен Нұржігіт Мүсілімов алдындағы «Ауыл хикаялары» драмасын ұстаздары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Қамиевпен бірге сахналады. Сол кезде ұстаздарының материал таңдауда, бағыт-бағдар беруде үлкен көмегі тиді. Содан алынған тәжірибе арқылы жалғасын қоюға бел буды. Енді «Ауыл хикаялары-3» бола ма деген заңды сұрақ туындайды. Әли Бидахметтің айтуынша, ол тағы көрерменге байланысты. «Ауыл хикаялары-2» спектаклін жақсы қабылдаса, әрі қарай да жалғасып кетуі мүмкін.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button