Басты ақпарат

Келер жылы төрағалық Қазақстанға өтеді



Кеше Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) бейнеконференция форматындағы кезекті отырысы өтті. Онлайн саммитте ЕЭО-ны дамыту мәселелері талқыланды. Отырыста Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан мен Куба республикаларына Еуразия экономикалық одағы жанындағы бақылаушы мемлекет мәртебесін беру арқылы бірлестіктің географиялық ауқымын кеңейтудің келесі кезеңінің маңызын атап өтті.

«Біз жұмысты одан әрі күшейтіп, одақтың өзге елдермен және интеграциялық бірлестіктермен өзара ықпалдастығын жалғас­тыруымыз керек» деді Елбасы.
Тұңғыш Президент Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасында COVID-19 пандемиясына қарсы күресте өзара гуманитарлық көмек алмасудағы ынтымақтастықтың деңгейі жоғары екенін атап өтті. «Бірлескен іс-шаралар дағдарыс салдарын еңсеруге және одақтың дамуын жоғары деңгейге көтеруге септігін тигізеді деп сенемін» деді Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы.
2021 жылы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің төрағалығы Беларусьтен Қазақстанға өтеді. Кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан бұл мақсатта қандай жұмысқа мән беретінін мәлімдеді. «Еуразиялық экономикалық одақтың жарғылық органдарындағы төрағалық жаңа жылдан бастап Беларусьтен Қазақстанға өтеді. Келесі жылы басты басымдықты экономикалық одақ туралы келісімді толыққанды орындауға, кедергілерді жоюға, өзара тиімді кооперациялық және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, комиссияның кадрлық құрамын қалыптастыру процедурасын жетілдіруге, оның функционалдығын нығайтуға бергелі отырмыз. Құрметті әріптестер, менің ресми ұсыныстарым келесі жылдың қаңтар айында сіздерге жолданады» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ЕАЭО аясындағы ынтымақтастық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басымдыққа ие бағыты болып қала беретінін жеткізді. «Алда бізді тағы бір күрделі жыл күтіп тұр. Күш біріктіру арқылы еуразиялық интеграцияның жаңа әрі сапалы деңгейіне шығармыз деген үміттемін» деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button