Басты ақпаратҚоғам

КИМ КІМГЕ АРҚА СҮЙЕП ОТЫР?



КХДР-дың соңғы бірнеше жылдан бері әлемдегі қуатты державалардың ескерту жасағандарына қарамастан, ядролық қару жасау жолындағы ізденістерін бір сәтке де тоқтатпай, оның арасында АҚШ-қа азу тісін ақситып тұруы кім-кімді де ойландырмай қоймайды.

Ал бұдан бірер күн алдын Жапонияның премьері Синдзо Абэ НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенбергпен Токиодағы кездесуі барысында КХДР-дың Еуропа территориясына емін-еркін жететін континент аралық баллистикалық ракета жасап шығарғанын мәлімдеді. «Бұл – бүкіл халықаралық қауымдастық алдында тұрған елеулі қатер» деді ол өз сөзіне ерекше мағына мен мән бере отырып.
Егер КХДР лидері Ким Чен Ынның бұған дейін АҚШ-тың Гуам аралындағы әскери базасын ғана емес, мұхиттың арғы жағалауындағы құрлықтық Америкаға да ядролық соққы жасауға қауқары бар екенін бірнеше рет айтқанын ескерсек, мына мәлімдемеге назар аудармасқа болмай қалады. Ал Пхеньян мен Вашингтон арасын 11 056 шақырым су айдыны бөліп жатса, Пхеньян мен, айталық, Лондонның бір-бірлерінен қашықтығы 8 862 шақырымға тең. Демек, жапон үкіметі басшысының қаупі бекер емес.
Бірақ Солтүстік Кореяға ядролық қарудың не керегі бар? Ыңыршағы айналып тұрған елге соншалықты қымбатқа түсетін қаруды жасап, дамыту неге қажет? КХДР-дың қарулану бағдарламасы туралы сөз етілгенде, көп адамның осындай ойда болатыны анық. Бұл шынында солай ма?
Ким Чен Ын 2011 жылдың соңында билік басына келгеннен бастап екі негізгі мақсат – әскери жаңғыру мен елдің экономикалық жағынан гүлденуі жолында күресуді өз саясатының басыңқы бағыты етіп алды.
Негізінде КХДР-дың ядролық амбициясы сонау 60-шы жылдардың басынан басталған еді. Ол елдің АҚШ, Оңтүстік Корея және Жапония тарапынан жасалған ашықтан-ашық жаулық әрекеттерге, тіпті, негізгі тарихи әріптестері Ресей мен Қытайдың қарсылық білдіргеніне қарамастан, елдің саяси және әскери автономиясын қамтамасыз етуді мақсат етуге ұмтылуынан шықты. Пхеньян өзінің бұл тірлігін елдің стратегиялық мүддесін тиімді бағалаумен түсіндіреді. Мұның арғы жағында Ливия мен Ирактың бастан кешкен теперіштерінен өнеге алып, ұлттың сақталып қалуы үшін осындай жаппай қырып-жою қаруына қол жеткізуді мақсат етеді. Мұндай уәж айтылғанда, Мәскеу мен Бейжің де ләм-мим дей алмай қалады.
Тағы бір назар аударар жайт, кейінгі кездері Солтүстік Корея экономикасы білікті сарапшылардың өзін қатты қайран қалдырып отыр. Әлемдегі ең жабық елдердің бірі болып табылатын Солтүстік Корея дәулеті ондаған жылдар бойы халықаралық санкциялардың қыспағында дамып келді. Сондықтан оның былтыр ішкі жалпы өнім өсуін соңғы 17 жылдан бергі рекордтық деңгейге 3,9 пайызға жеткізуі әлем қауымдастығы үшін мүлдем күтпеген жағдай болды. Бұл ретте КХДР-ға тіпті басты геосаяси қарсыластары – Оңтүстік Корея мен АҚШ-ты да артта қалдырып кетудің орайы келді. Ал ел экономикасының өсуіне ең алдымен тау-кен өнеркәсіпшілігі мен электр энергиясы, сондай-ақ шикізат экспорты серпін берді.
«КХДР корей соғысы кезінен бері халықаралық санкциялар қыспағында келеді, – дейді Кореяларды біріктіру институтының сарапшысы Пак Ён Хан. – Бірақ олар БҰҰ, АҚШ пен басқа да елдер үміт артқандай дәрежеде ықпал ете алып отырған жоқ. Қытай оған экономикалық көмек көрсетуді жалғастыруда. Екі мемлекеттің арасында орнаған айрықша қарым-қатынас мұның тоқтатыла қоятынын бірден жоққа шығарады. Сондықтан Пхеньянға толық блокада жасалған кезде ғана шарадан белгілі бір нәтиже күтуге болады. Әзірге бұл ел шектеулерді айналып өтетін саңылауларды оп-оңай тауып алып келеді».
Саясаттанушылар Солтүстік Кореяның айтарлықтай экономикалық өсімін соңғы бес жылдың көлемінде барлық деңгейдегі, соның ішінде ұсақ өндірісшілер – шаруаларға, жеке кәсіпкерлер мен саудагерлерге нарықтық қатынастарды дамытуға арнайы жария етілмей-ақ рұқсат берілгенімен байланыстырады. «Бұл өндіріс, сауда және тұтыным салаларына айтарлықтай табыс әкелді. Қазір іс жүзінде орталықтандырылған сектордың экономикада алатын үлесі үштен бірдің көлемінде қалды, мұның өзі соғыс өндірісімен байланысты. Қалған кәсіпорындар мен компаниялар өздерінің мемлекет алдындағы міндеттемелерін орындаумен айналысады» дейді Ресей Экономика институты Орталық Азия секторының директоры Георгий Толорея.
Қазір Солтүстік Кореяның экономикасы мейлінше сенімді ырғақты кезеңде тұр. «Солтүстік Кореяда құрылыс пен өнеркәсіп белсенді дамуда, ішкі сұраныс өте жоғары. Сондай-ақ, жеке инвестицияның құйылуы да айтарлықтай өсті. КХДР-ды зерттеушілердің көпшілігі елдегі жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 5 пайыздан асып түсуге тиіс деп санайды» деген тұжырым жасайды Оңтүстік Кореяның Кённам университетінің Қиыр Шығыс проблемалары институтының профессоры Лим Ыль Чхуль осыған орай.
Ал Солтүстік Корея кімге арқа сүйеп отыр дегенге келсек, АҚШ-тың бірқатар саясаткерлері бұл сұрақ қойылғанда, Ресей мен Қытайға қарай көз қиығын тастап қояды. Бұл шынында солай ма, жоқ па, оны алдағы өмір көрсетеді. Қалай дегенде де, Пхеньян алған бетінен қайтар емес. Олай болса, АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы текетірес ұзаққа созылатын түрі бар.

P.S: Күні кеше Солтүстік Кореяның Пунгеридегі ядролық полигонында күшті жарылыс болғаны жөнінде хабар тарады. Сол кезде туннельде 100 адам болған. Тағы 100 адам оларға көмектесеміз деп жүріп, екінші рет болған жарылыс үйіндісінің астында қалған. Әзірге мұның неден болған себебі айтылған жоқ.

Серік ПІРНАЗАР




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button