Мәдениет

Кітап сыйлауға шақырды



Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі елордадағы Орыс үйімен бірлесіп, Халықаралық кітап сыйлау күніне орай «Махаббатпен кітап сыйлаңдар» апталығын өткізді. Соның аясында қала кітапханаларында әдебиет күндері ұйымдастырылды.

Апталық «Арман» кинотеатрында «Чебурашка» фильмінің көрсетілімімен ашылды. Биыл прокатқа шыққан бұл көркем фильмді қала мектептерінің 200-ден астам оқушысы тамашалады. Қызықты ойындар мен викториналарға қатысты.

– «Махаббатпен кітап сыйлаңдар» апталығын өткізу жыл сайынғы дәстүрімізге айналды. Балаларды кітап оқып, сыйлауға шақыратын бұл шара өскелең ұрпақты рухани байытуға бағытталған. Себебі бала жаста оқыған кітаптар жеткіншектің танымын арттырып, өміріне азық болады, – дейді Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мәдібаева.

Апталықтың екінші күні №12 көпшілік кітапханадағы Қазақстан әдебиетіне арналды. Онда оқушылар жазушы Дина Оразбен кездесіп, оның ертегілерін тыңдады. Бұл кітапханада өткен орыс әдебиеті күнінде Александр Пушкиннің ертегілері оқылды. Сондай-ақ «Kemel club» отбасылық кітап клубының отырысы өтті. Бір күн араб ертегілеріне бөлініп, «Аладдиннің сиқырлы шамы» секілді туындылар тыңдалды.

Орталық балалар-жасөспірімдер кітапханасы бір күнді Беларусь әдебиетіне арнады. Осы елдің Қазақ­стандағы елшілігінің өкілдері кітапханаға кітаптар сыйлап, сол мемлекеттің қаламгерлері жайлы әңгімеледі, олардың шығарма­ларымен таныстырды.

Апталық аясында кез келген оқырман қала кітапханаларына кітап сыйлау мүмкіндігіне ие болды. Жиналған кітаптар қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қорын толықтырды.

 

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button