Мәдениет

Әсерлі әдеби-сазды кеш

Елорданың №28 мектеп-лицейінде республикалық «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында белгілі ақын, ұстаз, филология ғылым­дарының кандидаты Оңайгүл Тұржанның шығармашылығына арналған әдеби-сазды кеш өтті. Шараның мақсаты – өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды дарыту, балаларды көркем әдебиет оқуға баулу.

Кешке №28 мектеп-лицейі­нің жоғары сынып оқушылары, Астана қаласы Білім басқармасы жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдістеме бөлімінің басшысы Асыл Амангелдіқызы, Астана қаласы Әдістемелік орталықтың басшысы Сындар Дәуешова, ақын, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Баянғали Ғалымжанұлы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы Сейілбек Асанов қатысты.

Мектеп оқушылары Оңайгүл Тұржанның шығармаларын мәнерлеп оқып, көрермендерді дарындылығымен тәнті етті. Сахнаға шыққан оқушылар арасында орыс тілінде білім алып жүрген өзге ұлт өкілдері де болды.

Оқушыларға арнаған сөзінде ақын жастардың талпынысына ризашылығын білдірді. Шәкірттердің мәнерлеп оқу деңгейін жоғары бағалаған Оңайгүл Ізтұрғанқызы: «Сіздер жас болсаңыздар да, терең ойлы өлең жолдарының мағынасын түсініп оқығандарыңыз бірден байқалды. Өте әсерлі болды. Бұл әркімнің қолынан келе бермейді» деді. Ақынның айтуынша, жастар – біздің ертеңіміз емес, бүгініміз. «Жастардың жарқын идея­лары, жаңаша форматта ойлау қабілеті бізге үлгі» деп қорытындылады ақын.

Мектеп оқушылары өнерде жан-жақтылығын көрсетіп, ән де айтты, би де биледі, күй де шертті. Би тобының көрермендерге арнаған қойылымы да ерекше болды. Кеш қонақтары №28 мектеп-лицей өткізген бұл іс-шара республикалық «Оқуға құштар мектеп» атты жобаның жүзеге асуына үлкен үлес қосқанын атап өтті.

– Шараға қатысып жатқан балаларға ризамын. Өлең жолдарын оқыған балалардың да, көрермен ретінде қатысып отырған балалардың да шынайы ниеті мөлтілдеген көзінен-ақ көрініп тұр. Бұл – қазақ әдебиетіне, қазақ тіліне деген үлкен құрмет. Баршамыз әдемі, жоғары деңгейде ұйымдастырылған шараның куәгері болып отырмыз. Мұндай іс-шара еңбек тәжірибемде соңғы 15 жылда бірінші рет өткізіліп отыр, – деді Астана қаласы Білім басқармасы жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдістеме бөлімінің басшысы Асыл Амангелдіқызы.

Әдеби-сазды кешті ұйым­дастырып, қазақ тіліне деген құрметті арттыру жұмысына белсенді қатысып жүрген мектептің қазақ тілі сабағынан беретін ұстаздарына ерекше құрмет көрсетілді. Олардың ішінде 20 жылдан астам уақыт бойы ұстаздық етіп жүрген Гүлнәр Баймұратова да бар.

Мектеп басшылығының айтуынша, мектепте қазақ әдебиеті мен өнерін дәріптейтін іс-шаралар тізбегі мұнымен тоқтамай, әлі де жалғасын табады.

Айсамал Әбілхан

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button