Қоғам

КІТАП ЖӘНЕ ПОЭЗИЯ МЕРЕКЕСІ



Елордадағы Абай ескерткіші алаңында Астана күніне орай қалалық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Өркениеттің құт мекені болған ұлы дала» атты кітап және поэзия мерекесін өткізді.

Биылғы шара аясында қала күнімен қатар, «Алаш» партиясының 100 жылдығы, «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі, ҚР Мемлекеттік рәміздердің 25 жылдығы мен белгілі ақын-жазушылардың мерейтойлары ұйымдастырылды. Жиналғандар алдымен хакім атамыздың ескерткішіне гүл шоғын қойды. Одан кейін елордада дүбірлеп өтіп жатқан әлемдік көрме жайындағы айтулы оқиғаны бейнелеген дарынды жастардың қойылымын тамашалады. Танымал өнерпаздар тамылжытып ән шырқады. Арқалы ақындар тебіреніп өлең оқыды. ҚР Білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз Оспан Сүлейменов, ақын Асылзат Арыстанбек көпшілікке ақжарма тілегін жеткізді.

– Бүгін біз кітап және поэзия мерекесін 19-шы рет атап өтіп отыр­мыз. Елордада 18 кітапхана бар. Солардың бәрі өз үлестерін қосуда. Жыл басынан көрнекті ақындар Төлеген Айбергенов пен Кәкімбек Салықовтың мерейтойларына арнап мүшәйра өткіздік. Оған астаналық оқушылар белсенді атсалысты. Соның қорытындысын жариялап, жеңімпаздарды марапаттап, жаңа жарық көрген кітаптарды жұртшылыққа насихаттаймыз, – деді Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мәдібаева.

Сонымен бірге шара барысында «Өркениеттің құт мекені болған ұлы дала» атты 20 бөлімнен тұратын үлкен кітап көрмесі өтті.

Азамат  ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button