ЖаңалықтарРуханият

Кітапханаға саяхат



Қалалық №3 көпшілік кітапханада «Менің алғашқы кітабым» атты тақырыпта тағылымды шара өтті. Оған №40 Әлкей Марғұлан атындағы орта мектептің бастауыш сынып оқушылары қатысты.

Бүгінде «балалар кітап оқи ма?» деген сауал жиі қойылады. Ғаламтор мен ұялы телефонның дәуірі аспандап тұрған қазіргі уақытта қызығушылықтың азайып кеткені жасырын емес. Дегенмен, кітаптың қадірі ешқашан кемімейді. Саналы адам онымен мәңгі дос болады. Біз қатысқан шарада оқушылардың кітап оқуға деген ынтасын көріп, қуанып қалдық. Кеш барысында балалар өздерінің алғаш оқыған ертегілері жайында әңгімелеп, алған әсерлерімен бөлісті. Кітап туралы айтқан тұлғалардың асыл сөздерін оқыды. Мақал-мәтел айтудан жарысты. Кітаптың құндылығын дәріптейтін шағын көрініс қойды. Екі топқа бөлініп, өздері оқыған шығармалардан жұмбақтар жасырып, қызықты ойындар ойнады. Кітапхана ішін аралап, сөреде жинақтары тұрған ақын-жазушылардың туындыларымен танысты.
«Кітап пен кітапхана – егіз ұғым. Біз – соның арасын жалғайтын көпірміз.
Кітап бір оқылып, ертең ескерусіз қалатын мерзімдік дүние емес. Ол – ұрпақтан ұрпаққа мирас болатын рухани мұра. Сондықтан балаларға кітаптың қасиеті туралы тағылымды ой айттық. Олардың да пікірлерін білдік. Бір жағынан, оқушылардың кітапқа деген құрметі ерекше екені байқалды. Соған тәнті болдым» деді кітапхана меңгерушісі Нұргүл Әміржанова.

Мерей ДІЛДӘБАЕВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button