Басты ақпаратБілім

Көп ғалымнан не пайда, жаңалығы болмаса…



Небір атаққа, шенге, ғылыми дәрежеге жеткен адам жоғары бір саланың тұтқасын ұстары да хақ. Құдайға шүкір, ондайлардың саны да көп. Алайда мұндай жанның өзге адам түсінде ғана көрер небір атақтары мен шенді дәрежесі оның қолына билік тигенде ел экономикасын өркендетуге септігін тигізе ала ма? Тигізе алмаса неліктен?

Жарайды, аспандағы айды да екі орар асқақтаған атақтары жоқтарды айтпай-ақ қоялық, атағы «жер жарғандар» не істеп отыр?! Сол бір атақтарды алғанша жанталаса «күресті» емес пе. Енді сол атақ, дәрежесіне сай жиған білім, тәжірибесін халықтың пайдасына жарқ еткізіп жүзеге асырып, неге көрсетпейді?! Қайда? Олардың халыққа пайда келтіретін билік тұтқасы қолында бар ғой. Не кедергі? Сөйтсек, бәрі құр атақ үшін екен. Ендеше құр атақ үшін күресетін жандар билікте отыруы тиіс пе?

Бұл орайда халық айтса, қалт айтпайды. Ол – бұлтартпас айғақ. Өйткені кімнің кім екенін жұрт жақсы біледі. Әсіресе көпшілік биліктің бір пұшпағына ие болғандардың оған дейін қандай амалмен қалай әрекет жасағанын жасырмай айтады. Бірақ шындық шыңыраудан шыққанша уақыт керек. Дегенмен біртіндеп ұзақ жылдар бойы жабулы тұрған қазанның да қақпағы ашыла бастаған сыңайлы. Шын мәнінде, кімдердің құр атақ үшін мемлекеттің қыруар қаржысын ғана жымқырып қоймай, нағыз ғалымдардың алдын орап кеткені туралы нақты белгілі болатын күн де таяған секілді. Тіпті әрісін айтпағанда, бұл туралы күні кеше ғана Президенттің өзі де: «Қазір қоғамда құр атақ үшін ғылыми дәреже алғысы келетіндердің бар екені жасырын емес. Бұл жағымсыз үрдіске айналып барады. Олар, шын мәнінде, ғылыми атаққа ие болғанымен, ғылым жолын жалғастырмайды. Соның кесірінен мемлекеттің қаншама қаражаты босқа кетеді. Бұған біржола тосқауыл қоятын кез келді. Біз ғылымға шынайы берілген азаматтарды ғана қолдауымыз қажет. Оның жолдарын жан-жақты ойластырған жөн» деді.

Сұраныс болған жерде табыс та болуы қажет. Бірақ жұрттың пайдасына ­аспай қалатын ғылыми «еңбектерден» не ­қайыр? Қарасаңыз, қағаз жүзінде көп, ал нәтижесі жоқ

Мемлекет басшысы қара қылды қақ жарып, шындықты айтқанын халық естіді. Мұны қазіргі жалпы жағдайға байланысты айтылған ахуал күйі дейміз. Енді бұл сөзге қарсы болатындар кімдер? Әрине, лайықсыз ғалым атанғандар, биліктің бір пұшпағында жүргендер. Олар академик, ғылым докторы, профессор деген атаққа лайықсыз екенін іштей мойындағанымен, сырт жұрт білмейді деп ойлайтын шығар. Білгенде қандай! Жазылып та жатыр ғой. Қайсыбірін айтарсыз. Әйтпесе академияға лайықты тұлғалар ғана ашық әрі әділ сайлануы қажеттігі мемлекеттік деңгейде көтеріліп, нақты ғылыми талаптарға сәйкестендіріп, түбегейлі өзгерту керектігі күн тәртібіне қо­йылмас еді. Ғылымда жаңалық не ғылыми болады, не көзбояу­шылық қана болады. Жұрт қайсыбіріне сенерін білмей қалды. Сондықтан ғылымның беделін арттырған жөн. Бірақ бедел ақшамен артпайды, бедел жұрт қалайтын іспен, соның тигізген пайдасымен артады. Сондықтан нағыз ғалымдар еңбегінің құны қымбат. Алайда елдің экономикасына, мәде­ниетіне, тарихына, т. б. айтулы үлес қосып жатқан еңбек аз.

Сұраныс болған жерде табыс та болуы қажет. Бірақ жұрттың пайдасына аспай қалатын ғылыми «еңбектерден» не қайыр? Қарасаңыз, қағаз жүзінде көп, ал нәтижесі жоқ. Мұның кейпін шет елдік жайнаған көліктердің көптігімен, бірақ көпшіліктің оған қолы жете бермейтінімен де салыстыруға болады. Ел халқы үшін пайдасы жоқ жүйе осылайша жұмыс істей береді. Дәл сондай көріністі халқымыз қазіргі ғылым деңгейінен көріп отыр десек асыра айтқандық болмас. Бізде жер де, от та, су да, небір қазба байлықтары да, т. б. бәрі бар ғой. Бірақ неге бәрі шетелден сатып алынады? Бұл да нарық заңы ма? Әлде соларды ұқсататын білім, ілім жоқ па? Сол сияқты төл тарихымыз бен мәдениетіміздің әлемдік деңгейде бұлтартпас ғылыми дәлелдемелері қашан туатыны туралы, әр саладағы озық технология, компьютер, қалта телефоны шығатыны немесе қазақ тіліндегі сапалы ғылыми оқулықтар түзілетіні, т. б. өзгерістердің болатыны жөнінде айту арман ғана шығар. Импортқа тәуелдіміз. Неліктен? Себебі түсінікті.

Бірақ осы жерде ашық айтуым керек: бізде академиктер тым көп, кейбір академиктердің таза ғылымға еш қатысы жоқ. Бір қарағанда, академик деген аты бар. Бірақ ғылымды дамытуға қосқан үлесін ешкім білмейді. Осындай академиктердің ғылыми сапасы да, олардың ғылымға қосқан үлесі де күмәнді…

«Бірақ осы жерде ашық айтуым керек: бізде академиктер тым көп, кейбір академиктердің таза ғылымға еш қатысы жоқ. Бір қарағанда, академик деген аты бар. Бірақ ғылымды дамытуға қосқан үлесін ешкім білмейді. Осындай академиктердің ғылыми сапасы да, олардың ғылымға қосқан үлесі де күмәнді… Нағыз ғалым болу академик не болмаса доктор атағына ие болу емес, жан-дүниеңмен беріліп ғылыммен айналысу, зерттеу жүргізу арқылы қоғамға, елге пайдаңды тигізу екенін назарда ұстау қажет» деді Президент.

Міне, көрдіңіз бе, осындайлардың салдарынан еліміздегі мықты, қолынан нақты ғылыми іс келетін және сол істің басы-қасында жүрген абзал азаматтар беделіне де көлеңке түседі. Ал шыны керек, олардың арасында әлемге әйгілі орталықтардың өзін ғылыми ісімен еңсерген ғалымдарымыз бар екені жасырын емес. Солардың арқасында соңғы жылдары ғылым саласында біршама өзгеріс болды, ғылымды қаржыландыру тәсілдері жақсарып, қаржы көлемі едәуір артты. Ғылыми мекемелер біртіндеп жаңғырып, әлемге әйгілі ғылыми орталықтарда тәжірибеден өткен мамандар саны көбейе түсті. Бірақ мұндай оңды өзгерістерді, яғни ғылымды мемлекет тарапынан қаржыландыруда оны жоғарыда айтылған псевдоғалымдар «майшелпек» ретінде қарайтыны шын ғалымдардың қолын байлайды. Олар және ғылымда құр атақ, даңққа кенелген соң, сол күйін сақтап қалу үшін биліктің пұшпағын ұстауға ұмтылады. Оған қол да жеткізеді. Бірақ нәтиже қандай болады? Олардан пайда бар ма? Адам ретінде жақсы шығар, бірақ жақсының елге жақсылығы неде?

Бірде пайғамбарымыз ­Мұхаммедтен (с.ғ.с.) бір кісі: «Уа, Алланың елшісі, ең жақсы адам кім?» деп сұрағанда, ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген адам» деп жауап берген екен. Ендеше жұртқа керегі жаңалықтың пайдасы, өзгерістің өркендеген өрісі ғой!

Александр ТАСБОЛАТОВ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button