Ел тынысы

Көпірден секірмек болған қызды құтқарды



14 мамыр күні кешкі сағат 20:00 шамасында Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің сарбаздары патрульдік қызмет кезінде жас қызды ажалдан арашалап қалды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Астаналық тұрғын Сарайшық көшесіндегі көпірден секіруге бел буған. Бұл туралы ақпарат радиостанция арқылы әскери жасақ бастығы, қатардағы жауынгер Нұржан Темірбаевқа берілген. Ол патруль мүшелері – ефрейтор Жүсіп Мұрат пен қатардағы жауынгер Шыңғыс Жуанышевті жанына ертіп, көрсетілген мекенжайға жедел жеткен.

– Көпірден секіруге тырысқан қызды көргенде біз оған бірден ұмтылдық. Осы уақытта ол көпір қоршауының артында тұрып, «Мен өмір сүргім келмейді» деді. Сондай-ақ төменге қарай секіретінін айтып қорқытты, – деді оқиға жайлы баяндаған қатардағы жауынгер Нұржан Темірбаев.

Әскери қызметшілер осы сәтте қызды әңгімеге тартып, асығыс шешім қабылдамауға шақырған. Оқиға орнына жақын маңдағы адамдар да оны райынан қайтаруға тырысты.

Орайы келген сәтте ұландық сарбаздар мен көпірге келген полиция қызметкерлері қызды қоршаудан алып шықты. Содан кейін оны сабырға шақырып, тыныштандырды. Полиция қызметкерлері қыздың мәселесін зерделеу үшін оны Алматы аудандық полиция басқармасына жеткізді.

Құқықтық тәртіп сақшыларының жедел әрекеттерінің арқасында адам өмірі құтқарылды.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button