Басты ақпаратҚала мен Сала

Көшелер көріктеніп, саябақтар көбейеді



Астанада аулаларды абаттандыру жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, бұған дейін үй салуға бөлінген елордадағы кейбір учаскелерде енді саябақтар ашылады. Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында елордалық Урбанистика орталығының бөлім жетекшісі Аслан Қандығұлов мәлім етті

Қалалық Урбанистика орталығының бөлім жетекшісі алдымен қаланы абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыс­тарға тоқталды.

– Бүгінгі таңда Ақбұлақ өзенінің жағалауы Амман көшесі мен Тәуелсіздік даңғылына дейін абаттандырылды. Ал көпірлердің астында Ақбұлақ өзені бойындағы саябақ клас­терін жалғайтын жаяу жүргіншілер өткелдері ашылды. Қ.Сәтбаев көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолының бірінші бөлігі ашылды. Есіл өзенінің жағасында Ш.Бейсекова көшесінен «Көктал» елді мекеніне қарай қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмысы жүріп жатыр. Осылайша, амфитеатр, спорт алаңдары, серуендеу орындары, ойын алаңқайлары жабдықталады, – деді Аслан Қандығұлов.

Сонымен бірге орталық жағалаудың тарихи көшелері – Желтоқсан, Бейбітшілік, Бұқарбай батыр, Ә.Мәмбетов көшелері көркейіп келеді. Бұл жұмыстар жаңа қоғамдық кеңістіктерді бұрын құрылған кеңістіктермен байланыстыруға мүмкіндік береді. Яғни Demalys Promenade жаяу жүргіншілер көшесі, «Театральный» бульвары, «Қалалық алаң» тұтас кластер болмақ. Сондай-ақ, Ақан сері – Фахд бен Абдул, Кенесары – Б.Бейсек­баев, Кенесары – «Егемен Қазақ­стан» газеті, Қордай – Н.Ахметбеков көшелерінің қиылысында, Абылай хан даңғылынан Ш.Құдайбердіұлы даңғылына де­йінгі жағалауда, К.Әзірбаев көшесі, 10, А.Храпатый көшесіндегі қоғамдық кеңістіктер абаттандырылды.

Урбанистика орталығындағы бөлім жетекшісінің мәлімдеуінше, Бөгенбай батыр даңғылында Ш.Айманов көшесінен Ш.Уәлиханов көшесіне дейінгі 10 ауланы қамтитын шаршы алаң абаттандырылады. Ш.Құдайбердіұлы даңғылы, 5, 31, 36, 36/3; Р.Қошқарбаев даңғылы, 26, 39; Күйші Дина көшесі, 46/1, 46/3; Ғ.Мүсірепов көшесі, 9 және басқа да мекенжайларда жұмыс жүргізілуде.

– Қаладағы Ш.Уәлиханов пен Қ.Сәтбаев көшелерін кешенді абаттандыру жұмысы аяқталуға жақын. К.Күмісбеков – Ш.Қосшығұлұлы көшелерінің қиылысында, Бөгенбай батыр даңғылының бойында жаңа қоғамдық кеңістіктер құрылуда. Қала ортасында 496 мың және Астананың жасыл белдеуінде 457 мың көшет егіледі. Көктемде Мәңгілік ел, Ұлы дала даңғылдары, Ш.Бейсекова, Шарль де Голль, Қ.Сәтбаев көшелері көгалдандырылды. Біз жергілікті климатқа бейімделген ағаш түрлерін егеміз. Көшеттерді елордалық жылыжайларда өсіріп, көктемде және күзде отырғызады, – деді Аслан Қандығұлов.

Айтуынша, алдағы уақытта Астананың Алматы ауданында барлығы – 66, Байқоңыр ауданында – 32, Сарыарқа ауданында 30 аула мен қоғамдық кеңістік абаттанады, онда көгалдандыруға басымдық беріледі.

– Жалпы қазір қала бо­йынша тұрғын үйге бөлінген барлық учаске қайта қаралуда. Біз қазір оларды көгалдандыру, саябақ клас­терін, әлеуметтік нысандарды ұлғайту үшін қайта қарастырып жатырмыз. Сондай-ақ, тұжырымдамамызда көшелерді және қосымша ағаш отырғызуға болатын барлық учаскені барынша көгалдандыруды қарастырамыз, – деді бөлім жетекшісі.

Соңғы бес жылда Астанада абаттандыру бойынша мыңнан астам жоба іске асқан, оның ішінде 181 қоғамдық кеңістік пен 873 аула салынған. Биыл қаланың бес ауданында 165-тен астам аула абаттандырылуда.

– Біз елордалық сәулетшілер ретінде бұл саябақтар тұрғындардың қала қарбаласынан бір сәт демалуға арналған сүйікті орнына айналарына сенімдіміз. Эскиз жобаларын әзірлеу кезінде тұрғындардың сын-тілектері ескеріледі. Сонымен қатар, урбанис­тер әлемдегі ең жақсы тәжірибелерді қолданады. Мысалы, қалада веложолдар саны артып келеді, бұл болашақта көшелердегі көліктер санын азайтуға және көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді, – деді Аслан Қандығұлов.

 


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button