Басты ақпаратМәселе

Коммуналдық қызмет қымбаттай бере ме?



Қазақстанда коммуналдық төлем қымбаттады. Әлеуметтік желіде жұрт жылу, ыстық, су, электр қуатына шыққан ақының екі есе өскенін жазып жатыр. Елорда тұрғындары биылғы жыл басталғаннан келген түбіртектерді алып, жылу мен электр энергиясы үшін төлемдердің артқанын байқады. Онсыз да айлығы шайлығына жетпей жүрген астаналықтар былтырдан бері коммуналдық қызметке екі еседей едәуір ақша төлей бастады. Бұлай жалғаса берсе, коммуналдық қыз­мет ақысы жалақысы біраздан бері көтерілмеген тұрғындардың қалтасын қағатыны анық.

Себептері қандай?

– Астанада қарапайым ғана механик болып жұмыс істеймін. Жалақым 100 мыңнан сәл ғана асады. Тариф өсті, жылуға ғана 20 мың төлеймін, жарыққа, суға төлейтін ақшаны ойласам, ұйқым қашады, – дейді елордалық Санат Жанаманов.

– Пәтер жалдап тұратын біздің отбасымыздың бюджеті жылдан-жылға қусырылып келеді, азық-түлігіміз өз алдына, коммуналдық қызметке төлейтініміз бара-бара тіпті қымбаттап барады. Ал жұмыс істейтін мекемеміз айлығымызды көтере қойған жоқ. Тарифті көтергенде де халықтың қамын ойлауы керек қой, – деп ағынан жарылды астаналық автобус жүргізушісі Арман Қасенов.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің елордалық департаменті тұрғындарға коммуналдық қызметтердің тарифтері туралы түсініктеме берді. Департамент ұсынған ақпаратта былай делінген: «Елордада жылумен жабдықтау қызметін «Астанаэнергосбыт» ЖШС көрсетеді. Тариф 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбекақы төлеуге арналған шығыстардың өсуін, стратегиялық тауар құнының өсуін және көрсетілетін қызметтер көлемінің ұлғаюын ескере отырып түзетілді. Жылу энергиясының тариф деңгейі жылу энергиясын өндіруге, тасымалдауға және жеткізуге қажетті шығындар деңгейіне байланысты. Сонымен қатар жылумен жабдықтау тарифінің деңгейі, ең алдымен, отын түрінің, атап айтсақ, газ, мазут, көмір құнына байланысты, оның құрылымында ол негізгі үлесті алады. Тиісінше, отын бағасының өзгеруі, сондай-ақ оларды тасымалдау жылумен жабдықтауда тарифтің өзгеруіне алып келді» дейді департамент хабарламада.

Өткен жылдың жазында Астанада жылу тарифін екі еседен астам арттыру жоспарланғаны туралы хабарланған болатын. Күзде Қазақстанның қай аймағында коммуналдық қызметтердің бағасы өскені туралы жазылды. Содан кейін елордада суық су 15,7 пайыз­ға, су бұру 15,5 пайызға, электр энергиясы 7,6 пайызға, газбен жабдықтау 8 пайызға қымбаттады деп хабарланды. Орталық жылыту тарифтері өзгеріссіз қалды.

«Инвестицияға айырбастау тарифі» бағдарламасы аясында коммуналдық қызметтерді жеткізушілер бағаны көтере алады, бұл ретте олар инфра­құрылымды ретке келтіруге және өз қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартуға міндетті.

Былтырғы жылдың жаз айы­нан бастап Астана әкімдігі коммуналдық қызмет тариф­терін 15-20 пайызға көтерді. «Мысалы, Алматыда және басқа қалаларда кВт-сағ құны әлдеқайда жоғары. Сондықтан Астанада тарифтерді мұндай деңгейде ұстай алмаймыз. Біз электр желілеріне инвестиция салуымыз керек, оларды ретке келтіруіміз керек» деп түсіндірді мұны қала әкімі Жеңіс Қасымбек орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиын барысында.

Оның айтуынша, судың текше метрі Астанада 48 теңге болса, Алматы, Қарағанды және басқа қалаларда 100-ден 150 теңгеге дейін, кейбір елді мекендерде 200 теңгеге дейін барады.

Бағаны тоқтату мүмкін болмай тұр

Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 30 қаңтардағы Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында биыл коммуналдық қызмет тарифі шамамен қаншаға өсетінін айтқан болатын. Ол бағдарлама жеті жылға жоспарланғандықтан, жыл сайын баға өсетінін де айтқан еді.

– Тариф жыл сайын өседі, өйткені бағдарлама жеті жылға созылады. Орташа есеппен алғанда, кейбір субъектілер мен ТКШ түрлері бойынша тариф шамамен 10-15 пайызға өседі, сонда орташа есеппен 20-30 пайызға қымбаттайды, – деген еді Қуантыров.

Сонымен қатар министр су бағасын көтеру себептерін де түсіндіріп өтті. Оның сөзінше, тариф қымбаттаған сайын азаматтар үнемдеуді үйренеді.

– Бұл субъектінің қуатына байланысты. Сондай-ақ судың тарифі де өте төмен. Былтыр мен Батыс Қазақстан облысында болдым. Онда судың бір текше метрі – 44 теңге. Әрине, осыдан кейін су тиімсіз пайдаланылады. Мысалы, сіз моншаға барсаңыз, онда судың текке ағып жатқанын көресіз. Оны өшіру керек. Өкінішке қарай, үнемдеу жоқ. Өте маңызды ресурс болғандықтан, суды үнемдеуіміз керек. Тариф өседі. Бүгінде суға 200-500 теңге төлейміз. Сондықтан тарифті біршама көтеруге болады. Олай істемесек, үнемдей алмаймыз, – деген еді бұрынғы министр.

Сондай-ақ мердігерлер мен құрылыс ұйымдары бәрін жаңартып үлгеруі үшін тарифтерді біртіндеп көтеру жұмыстары жүргізілуде.

Былтыр да коммуналдық қызмет 30 пайызға қымбаттады. Бұрынғы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов шілдеде тарифтер қымбаттайтынын ашық айтқан болатын. 10 пайыздан 30 пайызға дейін қымбаттату – ұстамды тариф екенін, онсыз коммуналдық инфрақұрылымның сапалы жұмысын қамтамасыз ету және оны жаңғырту мүмкін емес екеніне де тоқталған.

– Тариф мәселесінде біз барлық жақтың мүддесі еске­рі­летіндей шешім шығаруымыз керек. Яғни, саланы дамыту қажеттілігін де, халықтың мүмкіндігін де ескеруміз қажет, – деген болатын бұрынғы Премьер-министр. Әлихан Смайылов стансалар, коммуналдық кәсіпорындар іс жүзінде 3 жылдан аса уақыт табыссыз жұмыс істегенін, сондықтан жөндеу жұмыстарына қаржы салмағанын да алға тартқан еді.

– Қаражат салынса да, ол қарыз алу арқылы немесе мемлекет есебінен жүзеге асырылды, ал энергия объектілерін жөндеу құны ондаған есеге қымбаттап кетті. Металл мен құбырлар, арматура мен электро-техникалық бұйымдардың және басқа да жабдықтардың бағасы айтарлықтай өсті. Жалақының аздығына байланысты білікті мамандар энергетика саласынан кете бастады. Кәсіпорындар оларға тиімді жұмыс жағдайын ұсына алмады, – деп нақты мысал келтірген болатын.

Уәж

– Жемқорлықтың жолы кесілмесе, қанша ақша бөлінсе де, тиімсіз жұмсалады. Негізі, жылына 180 миллиард теңге бөлінеді. Биыл, қателеспесем, 316 миллиард теңге ЖКХ-ға, 180 миллиард ЖЭО-ні жаңарту және модернизациялауға бөліп жатыр. Ол ЖЭО-ге онсыз да жылына осынша ақша бөлінеді. Оған қоса, 316 миллиард БЖЗҚ қаражатын бөліп жатыр.  Мәселе – ақшада емес, мәселе проблемалардың азаймауы, қанша ақша бөлінсе де, ақаудың азаймауы. Жылда қағаз жүзінде модернизация жасадық, ауыстырдық дейді. Дегенмен жылда бір мәселе шығады. Неге? Себебі біріншіден, ақша өзінің мақсатты бөлінген жағына жұмсалмайды, екіншіден, тиімсіз жаратылады, үшіншіден, қағаз жүзінде аяқталды деп ресми құжат жүзінде тапсырады. Ақшаны бақылайтын, қадағалайтын, сапасын тексеретін бір орган болуы керек деп ойлаймын. Ақшаны бөлетін Қаржы министрлігі, Үкімет, оны игеретін жергілікті әкімдіктер, ал тексеретін кім? Міне, осы мәселені назарға алу керек, Жемқорлықтың жолы кесілмесе, мәселе шешілмейді, – дейді энергетика саласының сарап­шысы Абзал Нарымбетов.

Қалай болғанда да халық­тың мұң-мұқтажына құлақ асатын еститін Үкімет қымбатшылық жайлаған мына заманда жұмыс берушілерге де қызметкерлерінің жалақысын көбейтуге міндеттеуі керек секілді. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедінің» кері келіп жүрмесін. Мемлекеттің басты байлығы – адам екенін ұмытпаған жөн.

 

 


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button