Мәдениет

Композитор байқауы мен бенефисі



Астанада музыка және өнер мектептері мен қосымша білім беру мекемелері шәкірттері арасында белгілі композитор Кентау Назарбектің әндерін орындаудан «Қазағым, жаса мәңгілік» атты республикалық байқау өтті. №1 Өнер мектебі ұйымдастырған байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері, композитордың шәкірттері мен үзеңгілестері әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында өткен бенефисінде туындыларын шырқады.

№1 Өнер мектебінің директоры Фархад Сәбиевтің айтуынша, аталмыш байқау 20 сәуір мен 5 мамыр аралығында өтті. Оған эстрада-вокал, хор және ансамбль аталымдары бойынша Астана және еліміздің әр аймағынан оқушылар қатысты. 

Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевтың атынан үздік өнер көрсеткені үшін елорданың №2 Өнер мектебінің «Айналайын» балалар хоры (жетекшісі – Гүлмира Жангелді), Р.Бағланова атындағы №2 Балалар музыка мектебінің «Әдемі-ай» триосы (жетекшісі – Құрал Сәбитхан), Ұлдана Рымбекқызы (жетекшісі – Маржан Ибрайханова), Ұлытау облысынан Ерқанат Азаматов (жетекшісі – Нұрдәулет Кәдірбеков), елорданың №1 Өнер мектебінің оқушысы Жоламан Сырым (жетекшісі – Гүлмира Жұмағалиқызы) марапатталды.

Бенефис композитор мен кеш жүргізушісі, әнші-радиожүргізуші Жасұлан Наурызбайұлымен сұхбат форматында өрбіді. Онда Кентау Назарбек әндерінің шығу тарихы жайында әңгімеледі. Композитордың шығармашылығы, негізінен, отаншылдыққа үндейтін рухты көтеретін туған ел мен туған жер туралы, отбасы құндылықтарын дәріптейтін әндерден тұрады. 

Бірнеше әннің сөзін композитордың өзі жазды. Сондай-ақ оның қоржынында ұлы Абайдан бастап, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың, көрнекті ақын Жүрсін Ерманның, ақындар Серікзат Дүйсенғазының, Ерғожа Тілепбердиевтің, басқа да көптеген ақындардың өлеңдеріне жазылған әндер бар.

№1 Өнер мектебі тарапынан композитор құрметтеліп, иығына шапан жабылды. Мемлекет және қоғам қайраткері Серік Әбдірахманов, ақын Ерғожа Тілепбердиев шығармашылығы жайында жылы лебіздерін айтты. 

Айтпашқы, 7 маусым күні Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Кентау Назарбектің елорданың 25 жылдық мерейтойына арналған «Қазағым, жаса мәңгілік» атты шығармашылық кеші өтеді. 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button