Басты ақпаратҚала мен СалаҚоғам

КӨНЕ ТАРАЗДАН ЖЕТКЕН КЕРУЕН



Арқа төсіндегі ажарлы Астананың әр күні мерекеге айналды. Кеше осындай думанды күндердің көркін Тараздан келген этнографиялық керуен қыздырды. Жамбыл өңірінің өнер саласында өзіндік өрнегімен танылып жүрген таланттардан құралған топ та Астанаға арнайы сәлемін ала келді. Кезінде Ұлы Жiбек жолын жалғаған талайғы Тараздың орта ғасырлардағы тарихын таныстыруды діттеген керуен осыдан екі ай бұрын бас қалаға қарай ат басын бұрған еді.


Енді Төле бидей данышпанын, Бауыржандай батырын, Кенендей дүлдүл ақынын, Шерхандай наркес­кен жазушыны, Шонадай шоқ тілді ұлдарын дүниеге әкелген тұғырлы мекеннің талантты өнерпаздары елорданың бес күнін ерекше әсерге бөлеп, ән мен күйден, жыр мен биден шашу шашатын болады.

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында ұйымдастырылған керуен құрамында 20 жүк тиелген түйе, 46 ат, 6 ат арба, 10 жүк автокөлігі, 3 автобус, 150 адам, ішкі істер, жедел жәрдем, төтенше жағдай салаларының қызметкерлері қамтылған 6 қызметтік автокөлік бар. Астанаға дейін 1300 шақырымнан астам жол жүріп, 10 елді мекенде қазақтың салт-дәстүрін, рухани құндылықтарын паш еткен.

Әр аялдамада киіз үй, шатырлар мен сахналар тігіліп, онда қазақ халқының түрлі ұлттық дәстүрлері сахналаныпты. 65 күн бойы жол жүріп, айтулы көрмеге келген керуенді күтіп алу салтанаты елордалық «Ғашықтар» саябағында өтіп, оған Астана әкімі Әсет Исекешев қатысты.

Шежіресі шертпе күйдей, талайлы Тараз тарихынан сыр шертілген ғажап шараның шымылдығы түрілген соң, астаналықтар мен қала қонақтары, ең алдымен, қазақ мәдение­тінің алтын бесігі саналатын киелі өңірдің өткеніне көз жүгіртіп, тарих қойнауына сүңгіп кетті. Өздерімен бірге келген бүкіл құндылықтар сая­бақтың сәнін келтіріп тұрды.

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының «Тараз тарихтың алтын діңгегі» атты жылжымалы көрмесі дәл осы жерде Қазақ хандығы құрылмастан бұрынғы сақ дәуірінен қалған 300 жәдігерді тарту етті.

«Мәдени тұрмыстық құнды заттар, «балбал» тастары, қазба кезінде табылған түрлі замандағы тиындар» және жергілікті суретшілердің еңбектерін де әкелдік. Қонақтарымызға Ақыртас, Айша бибі, қайта жаңғыр­ған Ұлы Жібек жолының тарихи жәдігерлерінің куәсі болады» дейді мұражай директоры Гүлнұр Ембердиева.

Сондай-ақ, бұл күндері мерекелік концерттер, көрмелер, театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылады. Оған облыстық филармонияның, облыстық қазақ драма театрының, «Алатау» фольклорлық ансамблінің ұжымдары мен белгілі әншілері мен композиторлары қатысады екен. Дәулескер күйші Әбдімомын Желдібаев бастаған өнер тарландарын біздің де көзіміз шалып қалды. Қалалық «Қазанат» ипподромы алаңындағы этноауылда шеберлер ауылы орналасып, «Қазақстан» спорт кешені аумағында өтетін ауылшаруашылық жәрмеңкесінде елорданың тұрғындары мен қонақтары сауда жасай алады.

Не керек, бес күн бойы астаналықтарға, қала қонақтарына еліміздің ортағасырлық кенттерінің iшiндегi ең белгiлiсi, ең көнесi саналатын Тараздың өткеніне көз жүгіртіп, бүгінін бағамдауға мүмкіндік бар.

Гүлжан РАХМАН




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button