Жаңалықтар

Конституция күніне арналған Халықаралық Симпозиум



Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Конституция күніне арналған «Интернет дәуірі: Құқық үстемдігі, Адам құндылықтары, Мемлекеттік Тәуелсіздік» атты тақырыпта халықаралық симпозиум онлайн режимде өтті.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі «Астана» халықаралық қаржы орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.

Халықаралық симпозиумды Конституциялық Кеңес Төрағасы Қайрат Мәми ашып, кез келген мемлекетте тәуелсіздік-бүкілхалықтық құндылық екенін атап өтті. Республиканың қолданыстағы Конституциясы Тәуелсіздік контурын түпкілікті ресімдеді және барлық салалардың жедел дамуы үшін қолайлы жағдай жасады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың құттықтауы іс-шараға ерекше мән берді. Онда атап көрсетілгендей, мемлекеттің дамуы Конституция негізінде, оның әрпі мен рухына толық сәйкес жалғасып келеді. Қазіргі заманғы мемлекет пен азаматтық қоғам жолындағы барлық ірі жетістіктер халықтың ерік-жігерімен қабылданған Ата Заңға негізделген. Мемлекет басшысы Симпозиум тақырыбының өзектілігін атап өтіп, цифрлық дамудың ауқымы мен жылдамдығы халықаралық қоғамдастықтың алдына адам мен азаматтың іргелі құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз ету, оның заңды мүдделерін қорғау, цифрлық теңсіздікті жою, қоғам мен мемлекеттің цифрлық тәуелсіздігін сақтау сияқты маңызды міндеттер қойып отырғанына назар аударды.
Форумға қатысушыларға Еуропа Кеңесінің Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық Комиссиясының (Венеция комиссиясы) президенті Джанни Букиккио, Еуразиялық экономикалық одақ сотының төрағасы Э.Айриян және Германия халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорының Бас директоры Фрауке Бахлер құттықтау сөз арнады.

Симпозиум жұмысы цифрландыру және ұлттық егемендік, интернет жағдайында адамның құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қоғам мен адам алдындағы жауапкершілігін арттыру мәселелеріне арналған үш сессияда өтуде.

Бірінші сессияда Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің төрағасы, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов баяндама жасап, АХҚО-ның цифр­ландыру мен құқықтық жүйе эволюциясындағы рөлі туралы айтып берді.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі минис­трі Бағдат Мусин цифрландыру және технологияларды дамыту саласындағы еліміздің жетістіктеріне тоқталып өтті.

Форумның қонақтары қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерейтойы­мен құттықтап, Симпозиумды табысты өткізгені және Азиялық қауымдастыққа ойдағыдай төрағалық еткені үшін Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне шынайы ризашылықтарын білдірді.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button