Басты ақпарат

Көршінің күңкілі неге көбейді?



Ресей депутаттарының қазақ жеріне көз алартып, даурыққаны қоғамда едәуір сілкініс тудырды. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, Ресей мемлекеттік думасының депутаты Вячеслав Никонов бастап, Евгений Федоров пен В.Жириновский қостаған бұл дау қазір басылғанының орнына үдеп барады. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің наразылық нотасынан да дәнеңе өнген жоқ. Керісінше «атамның шоты аса-аса тиеді» дегендей, жоқ жерден дау іздеп, екі ел арасына жік салған көрші ел депутаттары «Қазақстанды сепаратистік аумақ» дегенге дейін барды. Олай болса, Ресей депутаттарының аяқ астынан бүлініп, Қазақстанға шүйлігуінің себебі неде? Оның астарында қандай саяси мақсат бар?

2014 жылы Ресей Қырым түбегін жаулап алғанда жұрттың көбі мәселені Украина билігінің өзінен іздеген еді. Себебі дәл сол кезде Украин халқы екіге жарылды. Бір жағы Ресейден іргені аулаққа салып, бетін батысқа бұруды қуаттаса, ал екінші жағы Ресейдің сойылын соқты. Міне, осы жағдайды алға тартқан сарапшылар «мәселенің ушығуына Украина билігінің өзі кінәлі, Ресейдің ығына жығылып, сенікі жөн деп отыра берсе, аумақтық тұтастығына ешқандай қатер төнбейтін еді» деп соққан еді. Ендеше, Украина мәселесінің ушығуына украиндар өзі себепкер болды десек, айдың, күннің аманында Ресейдің 3 бірдей депутатының Қазақ жеріне сұғын қадап, ойына келгенін айтқанын қалай түсінуге болады? «Жеке тұлғалар не демейді, айта берсін» деп елемей қояйық десек, олар жай адамдар емес.
Біз білгенде Қазақстан күні бүгінге дейін Ресейге қарсы келген емес. Мың жерден тәуелсіз мемлекетпіз десек те, Кремльді ықтай-жалдап күн көріп келеміз. Халықаралық мәселелерде де Ресейдің қас-қабағына қарап, көршінің көңіліне көлеңке түсіретін қадамға барған жоқпыз. «Еуразия одағы»-на мүше ел ретінде де екі елдің ым-жымы бір. Стратегиялық тұрғыдан алғанда да, Қазақстан мен Ресей – маңызды серіктес елдер. Оның үстіне, Қазақстанда этникалық орыстардың құқығы бұзылып, мүддесі аяққа тапталып жатқан жоқ. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға таяса да, әлі күнге дейін орыс тілі қазақ тілінен үстем тұр. Мемлекеттік тіл қазақ тілі дегенмен, билік те көбінде орысша сөйлейді. Орыс тілінде шығатын газет-журнал, телеарна, радио да аз емес. Қай қала, қайсы ауылда да орыс мектебі мен қазақ мектебі қатар жұмыс істеп тұр. Тіпті Қазақстандағы орыстар қазақтардан жақсы тұрмыс кешіп жатыр. Қазақстандағы этникалық орыстардың «Вячеслав Никоновтың сөзі үшін біз ұялдық» деп мәлімдеме жасағаны – әне соның айғағы. Солай бола тұрса да, орыс депутаттары «қазақта мемлекет болмаған», «Солтүстіктегі облыстар Ресейдің Қазақстанға берген сыйлығы» деп сандырақтап отыруының себебі неде? Жоқ әлде халқы қатты өсіп, орыстарға жер жетпей жатыр ма? Жер жетпей жатыр дейін десек, биыл Ресейде халық саны 158 мыңға азайған. Бұл – соңғы 14 жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. Оның үстінде Ресейдің шекара өңірлері мен шет-шалғай аумақтарында да ауылдар, елді мекендер жабылып, көп өңірі иен қалып жатыр. Сөйте тұрып Қазақстан жеріне көз алартқанын қалай түсінуге болады?! Демек, территориямызға сұқтанған депутаттың сөзінен кейін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «Ресей Федерациясының конституциясына сәйкес, елдің сыртқы саясатын президент айқындайды» деп маймөңкелегенімен, бұл мәселенің астарында үлкен саяси мақсат жатыр ма?
Даулы мәлімдемеден кейін, Қазақстандағы жастар Павлодар мен Петропавл қалаларының атын өзгертіп, солтүстіктегі облыстарға қазақтарды көптеп көшіруді талап ете бастады. Былайша айтқанда, Ресей депутаттары тыныш жатқан жыланның құйрығын өздері басып, үнсіз жатқан елді өзіне қарсы қойды. Тіпті Ресей мен Қазақстан арасындағы сезімтал саяси мәселелерге келгенде әліптің артын бағып, тілсіз қалатын депутаттардың да үні бұл жолы батылырақ шықты.
Сенатор, халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед «бұл – саяси жауапсыздық қана емес, миллиондаған қазақ пен орыс­тың тарихи танымын қорлау» деп бағаласа, «қазақтың тарихында бізге ешкім ешқандай жер сыйлаған жоқ» деп кесіп айтқан Nur otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «ресейлік депутаттардың мәлімдемесі арзан атқа ие болудың амалы, қара бастың қамы» деп мәлімдеді. «Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды» деп сөзін астарлап жеткізген Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев көрші ел депутаттарының жоқ жерден бүлінуіне «Еуразия экономикалық одақ жөніндегі талқылағанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың келісімнің кей тұстарын тағы да қарау керек деп қарсы болғаны ықпал етуі мүмкін» деп санайды. Ал Сенатор Мұрат Бақтияр­ұлы «төзімнің де шегі болуы керек. Сондықтан Қазақстан сыртқы саясатта Еуропа, АҚШ, Түркияға арқа сүйегені дұрыс. Өйткені өте қиын жағдайдамыз, бір жағымызда – Ресей, бір жағымызда – Қытай. Ресей депутаттарының артында үлкен саяси күштер тұр» деген пікірде. Ал Парламент Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев орыс депутаттарының тарихты білмейтін сауатсыздығын айта келіп, «Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұған қатаң жауап қайыруы керек, екі ел халқының арасына сына қаққан мұндай адамдарға Қазақстанға кіруіне шектеу қою шарт» деді Күрішбаев.
Ресей Кеңес одағы құлағаннан кейін тәуелсіздік алған 15 елдің бірі болғанына қарамастан өзін одақтың заңды жалғасы санайды. Сосын да шығар, әлі күнге дейін Орта Азиядағы елдерді уысынан шығарғысы келмейді. Керек болса, ел де, жер де біздікі деген пиғыл да жоқ емес. Демек, Лениннің тұсында ұлы шекарасы айқындалып кеткен Қазақстанның солтүстігіне Ресей шенділерінің сұқтануында осындай мән бар. Бірақ олар Орынбордың 1920-1925 жылдары аралығында қазақ елінің астанасы, Самара, Баянауыл өңірлерінің бұрын қазақтың жері болғанын айт­қысы келмейді. Орынбор демекші, ресейлік депутаттардың сөзінен кейін Мәскеудегі «Новая газета» басылымында «Шибануло заземлением» атты мақала жарық көрді. Ресейді «Маңайындағы мемлекеттермен жауласып шыққан Ресейге енді Қазақстанмен ұрысу ғана қалды» деп сынаған мақала авторы Вячеслав Половинко «Шынтуайтына келгенде, Қазақстанның қандай да бір бөлігін жаулау туралы Кремльдің жоспары жоқ. Шекаралары 7.5 мың шақырымды алып жатқан көршілес елмен соғысу өз-өзіңе қол жұмсаумен бірдей ғой» депті. Сондай-ақ Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара мәселесі он бес жыл бұрын шешілгенін алға тартқан журналист «2005 жылы шекара мәселесі бойынша екі жақты келісім ратификацияланған. Сол құжатқа сәйкес Ресей мен Қазақстанның бір-біріне қояр талаптары жоқ. Ресейдің Солтүстік Қазақстанға, ал Қазақстанның Орынборға таласы жоқ» депті.
Екінші тұрғыдан алғанда, іргедегі Қытай елінің Орталық Азияға ықпалы артқан сайын Ресейден тыныштық кете бастады.
Қарабақ мәселесінің Түркияның араласуымен Әзербайжанның пайдасына шешілуі және Лачин дәлізі ашылып, Орталық Азия­мен еркін байланыс орнатуы көрші елдің ұйқысын қашырғандай. Ол аз болғандай, Қытайдың Қазақстанды басып, Испания­ға дейін баратын теміржол желісін іске қосып, Стамбулдан Тбилиси – Баку – Ақтау арқылы Шанхайға жүк тасымалдай бастауы Ресейді қарап отырып табысынан айырды. Экономикалық одақты желеу етіп біздің елді ауыздықтап отырған Ресей бұдан былайғы жерде Қазақстанға әлімжеттік жасаса, экономикалық мүддесін көбірек ойлайтын Қытай мен бауырлас­тық парызды басты орынға қоятын Түркия да қол қусырып қарап отырмайтыны анық. Өйткені Ресей мың жерден ірі ел болғанымен, Қырым үшін қыспақта қалып, санкция садағына ілінген Кремль экономикалық тұрғыдан Қытай және Түркия елдерімен санасуға мәжбүр. Демек, «шыдамаған буаз итін жүгіртеді» дегендей, соңғы кездегі жағдайларға «іші күйген» кейбір саясатшылар осындай қадамға барғандай…Біздіңше, Ресей депутаттарының айтқанының астарында осындай ұшқын жатқан сияқты.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button