Басты ақпаратМәдениет

Көшпенділер әлемінің кереметі



Елорданың іргесіндегі «Қазанат» атшабары аумағында орналасқан «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде байырғы бабаларымыз­дың жауынгерлік һәм шеберлік өнерін жаңғырту мақсатында «Көшпенділер әлемі» атты халықаралық этнофестиваль болды.

Мәні бар шараның ашылуында қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев игілікті дүниенің Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру және елорданың 20 жылдық мерекесі аясында ұйымдастырылып отыр­ғанын айтты.
Елорда төрінде алғаш рет байрағын көтерген көшпенділер то­йына Венгрия, Болгария, Түркия, Украина, Башқұртстан, Якутия, Қырғызстан және отандық командалар қатысып, олар ортағасырлық жекпе-жек сайыс түрлері мен көшпенділердің атүсті ойындарын елге көрсетті.
Ұйымдастырушылар мәдени сайыс шараларын өткізу үшін «Ақ мерген», «Шабыт», «Тайбурыл», «Керуен сарайы», «Ақ сақа», «Батыр», «Шебер» атты жеті ауылдық кешен тұрғызыпты. Онда қазақтың ұлттық спорт ойындары мен қолөнер шеберлері жасаған бұйымдар қойылған. Сондай-ақ, көшпенділердің жауынгерлік өнерін жетік меңгерген жаужүрек сарбаздар мен мергендер садақ атып сайысса, ат құлағында ойнайтын шабандоздар жұртшылықтың делебесін қоздырды.
Тойға келген ағайын қатысушы елдер әкелген этнографиялық жәдігерлерді аралап көрді. Сонымен бірге, этномузыка майталмандары «Әрқайым» және «Тұран» топтары, Саха елінің жұлдызы Юлиана Кривошапкина мен танымал көмей жыршы Тюргэн Камның өнерін тамашалады.

ЖАҢА ЖҰЛДЫЗДАР ЖАРҚЫЛЫ

Кеше қала күні қарсаңында жыл сайын дәстүрге айналған «Шаттық» атты жас дарындардың X халықаралық фестивалі басталды.

Биыл байқауға еліміздің өнерлі өрендерімен бірге, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Армения, Әзербайжан, Грузия, Украина, Беларусь, Латвия, Чехия, Болгария, Қытай, Түркия және Италия мемлекеттерінен талантты балалар қатысуға келді. Бір ерекшелігі – жыл санап айтулы шараның ауқымы үлкейіп келеді. Думанды бәсеке үш күнге созылады. Жас конкурсанттардың өнерін сарап­қа салатын қазылар алқасын әйгілі бұлбұл көмей әнші Бибігүл Төлегенова басқарады. Сондай-ақ, оның құрамында белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев, өнертанушы ғалым Николай Текелиев, ҚР еңбек сіңірген әртісі Қаракөз Ақдәулетова, «Фестиваль в Кобрине» дирекциясының директоры Антонина Сальникова және композитор, «Рижская симфония» халықаралық байқауының директоры Елена Швильпе бар. Кешеден бастап байқауға қатысуға ниет білдірген 600-ден аса жас дарын елордалықтар мен қала қонақтарын өз өнерлерімен тамаша әсерге бөлеуде.

ТҮРКІ ЖҰРТЫНЫҢ ТЕКТІ САЗЫ

Мерейлі мереке аясында «Астана Опера» ­театрында «Астана-Арқау» атты дәстүрлі түркі музыкасының фестивалі ашылды. Оған алыс-жақын елдерден түркі халықтарының 80-нен аса дарынды өнерпаздары келді.

Бұл байқаудың жөні бөлек. Фестиваль алғашқы күннен бабалардан қалған музыкалық мұраны сақтаған Шығыстағы тамырлас халықтардың басын біріктіретін бірегей алаңға айналды. Айтулы шара түркі музыкасы мәдениетінің ұмытылып кеткен дәстүрлерін жандандыруға бағытталған. Онда бүгінде саны азайып, жер бетінен жойылуға тақау қалған түркі тілдес халықтардың өкілдері өнер көрсетеді. Фестивальдің концерттік бағдарламасында барлық түркі халқының музыкасы орындалды. Әсіресе, жұртшылық аутентикалық музыканы сүйер қауым шамандық әндерді, виртуоздық композицияларды (хомус), көмекеймен ән айту, Орталық Азия мен Қазақстанның, Закавказье мен Анатолий, Поволжье мен Сібір түркі халықтарының өнерін құмартып тыңдады. Ежелден қаны мен жаны бір түркі жұртының өнерінде еш айырмашылық жоқ. Әр музыкалық аспаптың әуезді үні тыңдармандардың құмарын қандырды.

ҚУЫРШАҚ ӘЛЕМІНІҢ ҚЫЗЫҚТАРЫ

Астана күні аясында қуыршақ өнеріндегі алғашқы кәсіби режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, елордалық Мемлекеттік қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Құралай Ешмұратова атындағы ІІ «Құралай» қуыршақ театрының халықаралық фестивалі өтті.

Байқау алдымен бас шаһардағы Республика даңғылының бо­йымен Жастар сарайынан театрға дейінгі қатысушылар шеруімен басталды. Қаланың кең көшелерімен ұлттық киім киген балалар мен әртістердің сүйемелдеуімен үрмелі аспаптар оркестрі, бойшаң қуыршақтар, «Зара» шоу-балетінің әртістері, ағашаяқпен жүрушілер шоуы жүріп өтті. Төрт күнге созылған думанды мерекеде Эстония, Сербия, Ресей және отандық қуыршақ театрлары өнер көрсетті.
Шараның алғашқы күні Алматы қуыршақ театры «Қаңбақ шал» халық ертегісін қойды. Одан кейін Ресей мемлекеттік сахналық өнер институты қуыршақ театры факультетінің дарынды түлектері «АДАДЖО» сахналық миниатюрасын көпшілік назарына ұсынды. Сондай-ақ, италиялық «Верди» қуыршақ театрының интерактивті шоуы мен түркиялық «Қаракөз» қуыршақ театрының орындауындағы «Мусорный монстр» қойылымы да әдемі әсер қалдырды. Санкт-Петербордан келген Виктор Антонов «Жіптегі цирк» ойынымен елді таңғалдырды. Сонымен қатар, серб режиссері Амела Вученович қатысушыларға «Қуыршақ және бала», «Адамгершілікке тәрбиелеу», «Қуыршақ ойнатушы әртістің өнері» аталған шеберлік дәрістерін өткізді. Байқау соңы елордалық Қуыршақ театры белгілі жазушы-драматург Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» спектаклімен аяқталды. Кеше фестивалдің салтанатты жабылуы болып, жүлдегерлер марапатталды.

КӨШЕДЕГІ КӨРМЕ

Көрменің ашылу салтанатына келген қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев: «Елбасынан қала күнін тойлауға арнайы пәрмен берілген күні көрменің ашылғанында үлкен мән бар. Фотография майталмандары үшін қаланың әртүрлі палитрасы кәсібилікке жол ашпақ. Қазір 100-ден астам адамның алдында фестиваль көрмені ашып тұрсақ, күнделікті мұны 1000-ға жуық жан көріп өтеді» деді.
Осы мәдени шараға Санкт-Петербургтен арнайы келген сондағы Суретшілер одағының басшысы Александр Валерьевич: «Шақырту алғанда қатты қуандым. Қала күнінде бұдан да тамаша кадрлар жасауға ниеттімін» деп жымиды.
Ал Омбы қаласынан көрмені тамашалауға келген кәсіби фотограф Мақсат Бәйкенов: «Фотография өнерін кәсіби түрде оқыдым. «Дельфин» ойындарының осы саладағы жеңімпазымын. Кәсіби маман ретінде әлемде репортаж жанры ақсап тұр. Мына жерден Астана жайлы репортаж жасауға талпыныстар барын байқадым. Бір жағы өзімнің осындай айтулы шараға қатыспай қалғаныма өкіндім» деп отыр.
Байқағанымыз, қазақ қызының келбетін түсірген индонезиялық Париндра Пракарсаның, «Әзірет Сұлтан» мешітін кескіндеген малайзиялық Иаман Ибрахимнің туындыларына аялдағандар көп.

«СЕРПЕР» ЖҰРТТЫ СЕРПІЛТТІ

Бас қаланың керемет сахналарының бірі – амфитеатрда осымен алтыншы рет өтіп отырған «Серпер» ­республикалық халық аспаптар оркестрлері фестивалінің шымылдығы түрілді.

Биылғы байқау елорданың 20 жылдық торқалы тойы мен шертпе күйдің шебері Төлеген Момбековтің жүз жылдығына арналды. «Осы жылы фестиваль қалалық деңгейден асып, республикалық мәртебеге ие болды. Әрине, бұған қуаныштымыз. Осыған үлес қосқан азаматтарға алғысымды білдіремін. Биыл шараға еліміздің өнерпаздарымен бірге Түркия, Пәкістан, Оңтүстік Корея, Иран, Ресей және басқа да мемлекеттерден ұжымдар мен жеке орындаушылар келді. Жылдан-жылға байқаудың арнасы кеңейіп, халық шығармашылығының мерейі асуда» деді қалалық Қазақ оркестрінің бас дирижері Айтқали Жайымов.
Екі күн бойы елорданы думанға бөлеген фестиваль күй атасы – Құрманғазының «Серпер» күйімен ашылды. Одан кейін қатысушылар сахнаға көтеріліп, өздерінің ұлттық музыкалық аспаптарымен әуезді нақышқа бай ән мен күйлерін орындады. Жұртшылық та оларға дән риза болып, қошеметін аямады. Сондай-ақ, шара аясында өнерпаздар «Астаналық» және «Студенттік» сая­бақтарда сазды бағдарламаларын ұсынды. Алыстан ат терлетіп келген өнер ұжымдары мен жеке орындау­шылардың «Күй керуен» атты концерті дүбірлеп өтті.
Дағыстан мемлекеттік филармониясының халық аспаптары оркестрінің солисі Шамиль Шерифалиев «тар» деп аталатын шертпелі музыкалық аспапта шебер ойнайды. «Серпер» фестиваліне қатысуға шақыру алғаныма қуандым. Астанаға алғаш табаным тиіп тұр. Әдемі, заманауи қала екен. Маған ұнады» дейді ол ақ жарма пейілмен.
Кеше амфитеатрда фестивальдің салтанатты жабылуы болып, рәсім соңы «Күй әлемі» аталған гала-концертке ұласты.

ТҮҢЛІГІ «ӘРУАҚПЕН» ТҮРІЛГЕН

Астанада жаздың ең жарқын мәдени іс-шарасы – XIV халықаралық «Еуразия» кинофестивалі жалғасуда. Халықаралық шараның құрылтайшысы – Мәдениет және спорт министрлігі. Бұл – 1998 жылы Қазақстанда негізі қаланып, FIAPF (Халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығы федерациясы) аккредитациясынан өткен және беделді британдық International FilmGuide басылымы әлемнің 35 танымал кинофестивальдер қатарына енгізген шара.

Киногерлер жиыны биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасына бағытталып отыр. Фестивальдің түңлігі Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов басты рөлде ойнаған Хуат Ахметовтің «Әруақ» фильмінің халықаралық тұсаукесерімен түрілді. Бірнеше күндік маңызды жобаға Еуропа мен Азияның, Африканың, Американың киножұлдыздары, «А» санатындағы кинофестивальдердің жетекшілері, киноиндустрия саласының мамандары мен сыншылары, танымал мәдениет өкілдері қатысады. Бұл алаңды еркін диалог майданы деуге болады. Мәселен, жаңа технологиялармен жақсы фильм түсіру үшін жақсы талғам, батылдық және ұялы телефон камерасы жеткілікті көрінеді қазір.
Биылғы кинофестивальдің айтулы іс-шарасының бірі – «Еуразия» ХКФ (Айман Мұсақожаева) пен «Пролог» ХКФ-тің (Ойбек Абдущукуров, Өзбекстан) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі. Ойбек Абдущукуров қазақ делегациясын алдағы өтетін өзбек кинофестиваліне шақырды.
Сонымен қоса, сербиялық режиссер, актер және музыкант Эмир Кустурицаның қатысуымен баспасөз мәслихаты қызықты өтті.
Фестиваль аясында «Eurasia­pro­jectmarket» байқауының жеңімпаздары анықталды. Қазылар алқасы қатысушылардың арасынан үздік деп тапқандар: екі бірінші жүлде – NewYorkFilmAcademy америкалық киноакадемиясына 2 айлық тағылымдама – «Ыстық күн, салқын сыра» атты жоба (Әмір Әменов, Қазақстан) мен «Жалғыз қарағай» жобасы (Дальмира Тілепберген, Қырғызстан). Екінші сыйлық – «Еуразия» халықаралық ХКФ-тің делегациясымен бірге «А» санатындағы фестивальге жолдамасын отандық «Шекара» фильмі алды. Бұдан бөлек, қазылар алқасы «Альчики» (Артур Веэбер, Қырғызстан/Ресей) жобасын ерекше тамаша деді.

Бетті дайындаған
Азамат ЕСЕНЖОЛ,
Қарлыға ИБРАГИМОВА




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button