Sport

Саптың қатары сетіней түсті

Өткен сенбі және жексенбі күндері футболдан әлем чемпионатында 1/8 финалдың плей-офф ойындары ойналып, ширек финалға қадам басқан алғашқы төрт құраманың аттары белгілі болды. Осы 4 матчта 14 гол соғылды. Оларда 2 дубль тіркелді, 1 автогол соғылды. Бұлардан бөлек, 3 пенальти белгіленіп, олардың 2-еуі қақпа торынан табылды. Кездесулердің әдепкі екеуі негізгі уақытта жеңімпазды анықтап берсе, қалған екеуінде бұл үшін алдымен овертаймға, содан кейін пенальтилер сериясына жүгінуге тура келді.

Ең бастысы, осы жан алысып, жан беріскен тартысты ұшырасуларда мундиальдың фавориттері саналып келген Аргентина, Португалия және Испания ұлттық командалары жарыс жолынан шығып қалып, мұның алдында чемпионатпен қоштасқан Германияның қатарына қосылды. Олармен бірге, әрине, соңғы он жылдан астам уақыттан бері жаһан футболының көгіндегі ең жарық та жарқын екі жұлдыз болып қатар жанып келген Криштиану Роналду мен Лионель Месси де кетті. Демек, бұл аламанның үздік атанатын футболшыларын біз енді жарыс жолын одан әрі жалғастыратын құрамалардың құрамынан іздеуіміз керек. Соған қарамастан, жанкүйер қауым аталған екі са­йыпқыранға осы кезге дейінгі ғаламат ойындары үшін алғыстарын айтып, қошеметпен шығарып салды.
Сөйтіп, 30 маусымның кешінде басталып, шілденің 2-сіне қараған түні аяқталған 4 ойынның нәтижесінде қарсыластарын тартыс үстінде тізе бүктірген немесе олардан бағы басым шыққан Франция, Уругвай, Ресей және Хорватия құрамалары 1/4 финалға шықты. Олар келесі кезеңде осы тұрған реттік орындары бойынша бір-бірлерімен жұп құрады.
Бүгін түнде плей-офф кезеңінің соңғы ойындары ойналып, ширек финалды түзетін 8 команда толық анықталады.
Енді болған ойындарға қатысты қысқаша шолу жасап өтейік.

Франция – Аргентина 4:3. Қазанда ойналған матчта бірінші болып француздар есеп ашты. Голды Антуан Гризманн 13-минутта пенальтиден түсірді. Бірақ бұл аргентиналықтардың салын суға кетіре қойған жоқ. Ойынды жоғары деңгейде өткізген олар таймның соңына қарай Анхель Ди Марияның күш салуымен есепті теңестірді. Ал екінші таймның бас жағында тіпті алға да шықты. Бұл жолы шабуылға тылдан келіп қосылған қорғаушы Габриэль Меркадо мергендігімен көзге түсті.

Алайда Аргентина футболшылары бұдан кейін өз қақпаларына қарай дауылдата лекіген қауырт шабуылдарға төтеп бере алмай қалды. Сол дауылдың өтінде француз құрамасының 19 жасар тұйғыны Килиан Мбаппе жүрді. Ойын біткеннен кейін оны «футбол королі» Пеленің өзі құттықтап, 1958 жылы 17 жасында әлем чемпионатында дубль жасаған өз жетістігін қайталағанын атап өтті. Дегенмен жаңа жас таланттың жарқ ете түсуіне дейін таблодағы есепті қорғаушы Бенжамен Павар теңестіріп беріп еді. Содан кейін Килиан екі гол салып, өз командасының басымдығын нығыз­дай түсті.
Бұған дейін де жақсы ойынымен көрініп жүрген Мбаппеге аргентиналықтар кедергі келтіріп-ақ бақты. Оны алып та шықты, шалып та жықты, бірақ құйынперен жас періні бәрібір тұсаулай алмады. Мынадай найзағайдың жанында Мессидің өзі күңгірт тартып, қатардағы көп ойыншының бірі сияқтанып қалды. Ойындарында олқылық көп кездескен Аргентина құрамасы негізгі уақытқа қосылған 3-минутта ғана тағы бір доптың қарымтасын қайтара алды. Сонымен, бұл ойындағы интрига да аяқталды.

30 маусым
1/8 финал
Қазан. Франция – Аргентина 4:3
Голдар: Антуан Гризманн (13, пенальти), Бенжамен Павар (57), Килиан Мбаппе (64, 68) – Анхель Ди Мария (41), Габриэль Меркадо (48), Серхио Агуэро (90+3)

Уругвай – Португалия 2:1. Сенбі күннің түнінде Сочиде ойналған бұл екінші матч та біріншісіне қатты ұқсас болып шықты. Екі жақта да командалардың талассыз лидерлері Месси мен Роналду емес, Мбаппе мен Кавани ерледі. Бірі «альбиселестені» талқандап берсе, екіншісі «селестені» екінші кезеңге шығарды.
Рас, өзімен деңгейлес күшті шабуылшы Луис Суарестің көмегінсіз Эдинсон Кавани «еуропалық бразильдер» қақпасына бірінен-бірі өтетін тамаша екі голды сала алмаған болар еді. Бірінші жағдайда Луис Эдинсонға керемет пас шығарып берді. Бұдан кейін португал Пепе есепті теңестіріп үлгерді. Содан соң Родриго Бентанкурдың солға қарай көлбей жөнелткен добын Суарес өзінен кейін тұрған Каваниге қарай өткізіп жіберді. Ал Эдисон оны тоқтатпастан қиялай ұрып, тордан шығарды. Осылайша тағы да қуғыншы рөлінде қалып қойған пиренейліктер тұйықтан шығаратын тұлға ретінде команда капитаны Роналдуге үміт артты. Бірақ жан-жақтан қоршап, қыспаққа алып қойған қарсы жақ ойыншылары оның еркін қимылдауына жол бермеді. Сол сәтте Фернанду Сантуш шәкірттері арасында оның орнын басып кете алатын ешкім табылмады. Сөйтіп, бір ойыншының ыңға­йына бағынып, ығына жығылған құрама басқалай қауқар таныта алмай, жеңіліске ұшырады.

1 шілде
Сочи. Уругвай – Португалия 2:1
Голдар: Эдинсон Кавани (7, 62) – Пепе (55)

Испания – Ресей 1:1. Ресей құрамасы турнирде жанкүйерлерін желпіндіруді жалғастырды. Ол мұның алдында топтық жарыс­тың соңғы турында Уругвайдан 0:3 есебімен ұтылып қалғаны болмаса, алдыңғы екі кездесуде өте жоғары деңгейде өткізген еді. Енді, міне, плей-оффтың бірінші матчын да өзінің пайдасына шеше білді.
Расы керек, бұл ойында мундиальдың басты фавориттерінің бірі саналған Испания құрамасы жан-жақты басым ойнады. Пиреней түбегінің келесі жасағы ойынның 74 пайыз уақытында допқа егелік етті. Оның қарсы қақпаға ұрған доптарының саны да әлдеқайда артық. Бірақ солардан бір-ақ рет нәтиже шығара білді. Онда да өз қақпасы алдында допты қайтарамын деп жатып, қорғаушы Сергей Игнашевич өз қақпасына түсіріп алды. Ал тайм түгесілуге қараған шақта испан Жерар Пике өз айып алаңында допты қолымен қағып, пенальти тағайындалуына себеп болды. Он бір метрлік соққыны Артем Дзюба дәл түсіріп, тепе-теңдікті қайта қалпына келтірді.
«Қызыл фурия» ұжымы кездесудің соңына дейін тынбай шабуылдай берді. Бірақ бұдан оң нәтиже шығара алған жоқ. Алаң иелерінің тас-түйін қорғанысы қайта қателесе қоймады. Сондықтан ойын овер-таймға ауыс­ты. Бәсекелестер онда да есепті өзгерте алмады. Ақырында 1/8 финалдағы бірінші пенальтилер сериясына кезек келді. Онда испандардың екі добын қайтарған қақпашы Игорь Акинфеев командасын келесі кезеңге сүйреп шығарды.

1 шілде
Мәскеу, «Лужники». Испания – Ресей 1:1 (овертайм 0:0, пенальти сериясы 3:4)
Голдар: Сергей Игнашевич (12, автогол) – Артем Дзюба (41, пенальти)

Хорватия – Дания 1:1. Бұл ойын да өзінің алдындағыға біршама ұқсас сценарий бойынша өрбіді. Бірақ мұнда екі гол да кездесудің басындағы 4 минуттың ішінде соғылып бітті. Алдымен дат құрамасының ойыншысы Матиас Занка Йоргенсен 1-минутта есеп ашып, чемпионаттағы ең тез голды соқты. Арада 3 минут өткенде, хорват Марио Манджукич оның есесін қайтарды. Бұдан арғы ойын екі жақтың кезек-кезек шабуылдауы арқылы өтті. Алайда матч соңына қарай хорваттардың басымдылығы айқындала берді. Ол тіпті овер-таймда анық байқалды. Соның бірінде Йоргенсен дарбазаға ашық келіп қалған қарсыласын қағып құлатып, пенальти белгіленуіне себеп болды. Әйткенмен, оны ұруды мойнына алған хорваттар команда капитаны Лука Модрич тепкен доп голкиперге тура барып, қақпаға кірмей қалды.


Текетірес соңы ақырында мұнда да пенальтиге алып барды. Бұл «лотерея» сынағында басында екі жақтан екі футболшы доптарын қақпашының оңай олжасына айналдырып алды. Тек соңынан Иван Ракитич жасаған соққы ғана кездесу тағдырын Хорватия пайдасына шешіп берді.

2 шілде
Нижний Новгород. Хорватия – Дания 1:1 (овертайм 0:0, пенальти сериясы 3:2)
Голдар: Марио Манджукич (4) – Матиас Занка Йоргенсен (1)

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button