Sport

«Elorda Aqparat» – күміс жүлдегер

БАҚ арасындағы бәсі биік бәсеке – С.Бердіқұлов турнирі. 30 маусым күні қалам ұстаған тілшілердің шағын футбол шеңберінде басын қосқан доп додасында «Elorda Aqparat» командасы күміс жүлдегер атанды.

Белгілі спорт журналисі Сейдахмет Бердіқұловты еске алуға арналған, «Журналис­тердің чемпиондар лигасы» атанып кеткен бұл додада Астананың ғана емес, аймақтардың тісқаққан командалары атын оздыруға барын салады. Барлығы 19 команда бақ сынады. Олар төрт топқа бөлініп, іріктелді.
«С» тобында сыналған «Elorda Aqparat» алғашқы ойында «Айтыскерлерге» есе жіберіп алғанымен (3:1), қалған ойындарда ұпайын түгендеп үлгерді. «Қазақ спорты» басылымын қапы қалдырып (2:0), топтың жеңімпазы Қызылорданың «Ақмешітімен» тең түсіп (1:1), соңғы шешуші ойында Алматы облысының «Жетісу БАҚ» құрамасын тізе бүктіріп (3:0) плей-офф кезеңіне өтті.
1/8 финалда «А» тобынан бірінші орынмен суырылып шыққан «Qazaqstan» РТРК құрамасымен кездесті. Негізгі уақыт тең аяқталып, матч тағдыры пенальти сериясында шешілді. Мұнда «Elorda Aqparat» командасының бағы басым болды.
Ширек финалда Талды­қорғанның «Тұраны» тап ке­ліп, ойын 1:1 есебімен бітті. Финалист 5 метрлік нүктеден анықталды. Елордалықтардың тағы да еңсесі тік шықты.
Ал финалда бір топта тайталасып, бір-бірін ала алмаған «Ақмешітпен» бас жүлдені сарапқа салды. Елордалықтар есепті бірінші боп ашқанымен, екінші таймда басымдықты беріп қойды. Ойын 3:1 есебімен қызылордалықтардың пайдасына аяқталды.
Сонымен, турнир жеңімпазы «Ақмешіт» болса, екінші орында – «Elorda Aqparat», үздік үштікті «Тұран» командасы түйіндеді.
Бұған қоса, «Үздік шабуылшы» атағын «Ақмешіт» командасының ойыншысы Әділбек Жақанов иеленіп, Тұран командасының ойыншысы Азамат Имамбетов «Үздік қорғаушы» атанды. Ал «Elorda Aqparat» командасының бірінші нөмірі Азамат Нұрматов «Үздік қақпашы», «Хабар 24» телеарнасынан Жасұлан Қасымберкебай «Үздік ойыншы» болды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button