Руханият

Күй керуені үзілмейді



«Әбікен Хасенов – біздің тұсымыздағы ұлы күйшілердің бірі. Ауырып жатып қалғанда, үйіне магнитофон апарып, әл-қуаты бар шағында тартатын барлық күйлері мен төл туындыларын Қазақ радиосының музыка хабарлары бөлімінің бас редакторы, композитор Өмірбек Байділдаев үнтаспаға түгелдей түсіріп алыпты. Бұл, міне, азаматтық! Бұл, міне, өнерпаз қадырын ұғынғандық. Болашақ ұрпақтар қамын ойлағандық!» Күні кеше ғана дүниеден озған Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаев кезінде қойын дәптеріне осындай жолдарды түртіп алған екен.

Шынымен де, егер Әбікен Хасенов болмаса, ол шерткен күйлерді радио қызметкерлері жазып алмаса, күй тәңірісі – Тәттімбеттің мұрасы бүгінгі күнге саф күйінде жетер ме еді, жетпес пе еді деген сұрақ туады.
Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, өнертану ғылымдарының кандидаты Раушан Малдыбаеваның сөзінше, Тәттімбетті еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Тәттімбет сыныбы ашылған соң барып тани бастадық.
Ал биыл туғанына 125 жыл толып отырған Әбікен әлеміне бойлай алдық па? Бұл жағынан олқылығымыз бар. Қазақ ұлттық өнер университетінің «Шабыт» шығармашылық сарайында күйшінің мерейтойына арналып ұйымдастырылған «Қоңыр» атты күй кеші осы олқылықтың орнын толтыр­ғандай болды.
Белгілі күйші-ұстаз, өнертанушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай тізгінін ұстаған кеште күйге қатысты тың мәліметтер айтылды. Өткен ғасырдың отызыншы жылдардағы дүрбелең қай өнерпазға болсын ауыр тиді. Басына бұлт үйірілген, аштықта әйел, бала-шағасынан айырылған Әбікен Хасенов Алматыға Сәкен Сейфуллинді сағалап барды. Сәкен күйшіні Қазақ драма театрына (қазіргі М.Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театры) әртістік қызметке орналастырды. Әбікен театрда қосалқы рөлдерді сомдап жүрсе де, қолынан домбырасын тастаған жоқ. Кеште осыған қатысты құнды деректі Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосынов жаңғыртты.
«1936 жылы Сәкен Сейфуллин Сайдалы Сары Тоқаның күйлерін жинақтап, Мәскеу қаласында күміс күйтабақ шығартты. Оған енген күйлерді Аққыз Ахметқызы, Жаппас Қаламбаев және Әбікен Хасенов тартты. Оның бес-алты данасы Мәскеуде сақталғанын таяуда ғана естідік. Ал 1956 жылы Жаппас Қаламбаев Одақ астанасына: «Кезінде біз күй орындап, күйтабақ шыққан еді. Бізге жетпей қалды, соны елге жіберсеңіздер» деп хат жазған екен. Бірақ жауап болмапты» деді әйгілі әнші.
Осы сияқты, Әбікен шерткен біраз күйдің таспаларын Мәскеу мұрағатынан алдырып, күйтабаққа жазылуына белгілі ғалым Рахманқұл Бердібай мен өнертанушы Жарқын Шәкәрім көп еңбек сіңірді.
Мемлекет және қоғам қайраткері, академик Мырзатай Жолдасбеков Әбікеннің көзін көрген екен. Кешке арнайы қатысқан ол мәнді де, мағыналы әңгіме өрбітті. «Қазіргі заманда дәстүрлі өнер шеттеп, шоу қаптады. Нағыз өнер соның астында қалды. Әбікен Хасенов – қазақ күйінің бір дәуірі. Біздің бақытымызға орай сол кісіні көріп қалдық. 1955 жылы Алматыға келіп, оқуға түстік. Сонда театр, филармонияға жиі баратынбыз. Рүстембек Омаров, Әбікен Хасенов сынды құдыреттердің өнеріне сол уақытта сусындап үлгердік» деді ғалым.
Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ осыдан бес-алты жыл бұрын Тәттімбет туралы деректі фильм түсірді. Өкінішке қарай, бұл туынды қалың көрерменге әлі жете қойған жоқ. Филология ғылымдарының докторы, ақын Аманжол Әлтаев Әбікен Хасенов жөнінде де деректі фильм түсірсек, артық болмайтынын жеткізді.
«Ұлттың ұлы тарихын тек қана сөз өнерімен емес, музыкамен де сомдауға болады екен. Соны дәлелдеп берген бірегей тұлғаның бірі – Әбікен Хасенов. Әбікен – үлкен трагедиялы тұлға. Әбікен атамыздың ғұмырнамасы, өмірі арқылы жиырмасыншы ғасырда қазақ халқы көрген бүкіл нәубетті көз алдымызға елестетеміз. Әбікен туралы көркем фильм түсіруге болады. Оған қаржы жетпеген жағдайда деректі фильм түсірілуі тиіс. Қазір ешқандай пайдасы жоқ арамшөп секілді миллиондаған қаржыға түсіріліп жатқан «Жаным», «Күнім» секілді сериалдарды түсіре бергенше, Қыздарбек, Сембек, Әбди секілді күйшілер, осы кештің негізгі арқауы Әбікен туралы бір-бір фильм түсірсек, бұл ұлттық өнерге келіп қосылған қазына болар еді» деді Аманжол Әлтаев.
Ақын есімдерін атаған Қыздарбек, Сембек, Әбди сынды күйшілер кезінде Әбікенмен үзеңгі қағыстырып, бірге жүрген. Алайда Әбекеннен басқасы өткен ғасырдың отызыншы жылдары атылып кетті. Құдайға шүкір, елдегі Дәулетбек Сәдуақасов сияқты тума таланттардың арқасында мұралары бұл күнге жетті. Бұл кеште осы Дәулетбек күйшінің баласы, «Күй-керуен» шертпе күй орталығының жетекшісі Қайролла Сәдуақасов, Қалкен Қасымов, күйші Аққыз Ахметқызының туған жиені Болат Тәкішев, жас дарын Балжан Серікболқызы, Қазақ ұлттық өнер университетінің ұстаздары Тәттімбет бастаған Арқа шертпе күй мектебі өкілдерінің күйлерін шертіп, жан сарайымызды ашты. Әрине, Әбікен Хасеновтің төл туындысы, Сәкен Сейфуллинге арналған «Қоңыр» күйі шертілмей қалған жоқ.

«ҚОҢЫРДЫ» ТЫҢДАҒАНДА

Руслан НҰРБАЙ,
ақын

Күй төгілді іш қызды….
Қайда апарып соғады осы күш бізді.
Тәттімбеттен жақсы үмбетке
аманат,
Итаяқтай* иірімдерді сабалап,
Қалғандарын атып-айдап, қамап-ап,
Итаяқтан сары суды ішкізді.

Тақ пен табыт иесі кім жұмақта?!
Перне үстіне періштелер тұрақтап…
Кетбұқадан «Ақсақ құлан» аңырап,
Махамбеттен «Жұмыр-Қылыш»
жамырап,
Құрманғазы «Кісен ашқан» тағы дат!
Неге бізде күй түседі сынаққа?…

«Қорқыт» – дедік, көрден көңіл аһ ұрды,
Ықылассыз ырыс қайда шақырды?!
Жүрек жібіп, жанарлардан шық үзді,
Тағалаңа тақай бердің түбі ізгі,
Қыл қобыз бен дүр домбыра, сыбызғы…
Дірілдейсің деміңдей боп ақырғы.

Ол да алаң, мен де алаң…
Кеберсіген еріндердей кең далам.
Қатқақ жолда қашқындардан ізің тұр,
Домбырадан дәмің менен тұзың тұл,
Қызыл туға шырмалғанда қызыл тіл,
Зар илетті зар заман мен кер заман.

Қоңыр-тірлік…
Тілдесу ғой хақпен сол,
Тектілерді тұйықтайды оқ пен тор.
Тағылы мен Бұғылы боп бұлқынып,
Жетім қалған жамау-жамау
жұрт ұлып,
Қоңыр адыр қобылжиды ұлты ұмыт…
Қос ішекте қатар ойнап бақ пен сор.

Тақ пен табыт иесі сол Тәңір би.
Саусақтардан солқылдайды тамыр-ми,
Шежіреммен шертпе күйде шерім бар,
Таңдайда шөл, маңдайдағы терім бар,
Келер ұрпақ көңіл аудар кегімде ал-
-деп құлаққа сыбырлайды
«Қоңыр» күй…

*Итаяқ – Тәттімбет күйлерінің
үлгісін жалғастырушы,
Арқадағы шертпе күй мектебінің
тегеурінді тұлғасы

Қапаш Құлышева, Гүлмира Сарина сынды белгілі әншілер, талантты өнерпаз Сырым Мұхамеджанов Сәкен салған және Сәкеннің өз әндерін шырқады. «Шабыт» шығармашыл жастардың халықаралық фестивалінің лауреаты, ақын Руслан Нұрбай күй табиғатын ашатын жырларын оқыды. Түйіндеп айтқанда, бұл күйшілер мен күйді зерттеушілердің басын қосқан бір тамаша кеш болып, күй керуені үзілмейтініне көз жеткізді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button