Рухани жаңғыруРуханият

Күй өнерін көркейткен Төлеген



Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі-бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов кезінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының кафедра меңгерушісі болғанда, өзінің шәкірті, сол кездегі жас ұстаз Біләл Ысқақовты Қаратау шертпе күй мектебінің шебері Төлеген Момбековтен күй үйренуге, сол өңір күйлерін жинақтауға жіберген. Нәтижесінде Біләл Алпанұлының Төлегеннің 32 күйі енген «Салтанат» атты кітабы жарық көрді.

Жуырда ұстаз бен шәкірт бір сахнада бас қосып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Төлеген Момбековтің туғанына 100 жыл толуына арналған күй кешін өткізді. «Астана» концерт залында өткен бұл кеште Төлегеннің «Анама» күйі бастаған бірталай туындысын астаналық филармонияның қазақ оркестрі мен Анар Мұздаханова сынды белгілі күйшілермен қатар жас домбырашылар шертті. Кештің тізгінін ұстаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Біләл Ысқақовтың өзі де бірнеше күйді шалқытып, көрерменнің құлақ құрышын қандырды.
«Төлеген Момбеков Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғысқа өз еркімен кеткен. 1943 жылы Беларусь жерінде жараланып, елге оралды. Бір жарым ай жол жүріп келсе, анасы төсек тартып жатыр екен. Ұлының соғыстан аман-есен келгенін көріп, үш күннен соң өмірден өтіп кетті. «Анама» күйі сол кезде туды» деген Біләл Ысқақов күйшінің шығармаларының тарихын тарқатып отырды.
Төлеген Момбековтің күйлері тір­шіліктің өзінен туған. Мәселен, «Қат-­қабат» күйін малшылардың өмірін көрген соң шығарған. Ал «Мың жылқы» күйі осы аттас Қаратаудың ең биік шоқысының атауын иеленген. «Сол шоқының жанында бес терең сай бар. Соның әрбіреуіне мың жылқыдан сыяды. Осыған Төкең өзінің күйімен үлкен ескерткіш орнатып қойды. Бұл күйдің сазында Қаратаудың көне күмбірі, Қаратаудың бүкіл дыбыстық суреті тұнып тұр» деді Біләл Ысқақов. Айтқали Жайымов оркестрге тамаша етіп түсірген осы «Мың жылқы» мен «Салтанат» күйлерін де тыңдадық.
Төлеген Момбековтің кейбір күйлері ұстазы Сүгір Әліұлына телініп кетті. Біләл Алпанұлы оның сырын да айтып, ақиқатын ашты. «Созақтықтардың бәрі Сүгірді пір тұтады. Өздері бір күй шығарса, Сүгірдің әруағынан именеді. Дина Нұрпейісова да өзінің алғашқы күйлерін Құрманғазынікі деп таныстырады екен. Сол сияқты Төкең де «Қосбасарын» алғаш рет радиоға жаздырарда Сүгірдің күйі деген. Бірақ «Қосбасар» – өзінің төл күйі. Өмірден өтерінде маған: «Бірнеше күйім басқа күйшілерге телініп кетті. Саған аманат, жүрген жеріңде айта жүр, «Қосбасар» – ішімнен шыққан шерім еді» деп айтты» деді Біләл Ысқақов.
Аталған күйлермен қатар Төлеген Момбековтің «Қоштасу», «Қаратаудың шертпесі», т.б. күйлері тартылды. Тәттімбеттің «Сары жайлау» күйі де қалықтады.
Айтқали Жайымовтың өзі: «Төле­ген Момбеков кешегі Асан қайғы, Қорқыттан басталған сүрлеуді жал­ғастырып, күй өнерін көркейтті. Қазір біз Мәңгілік елге айналып келе жатырмыз. Мәңгілік елдің – мәңгілік ұрпақтарымыз. Осындай күйшілер тұрғанда, біз тұрғанда өнеріміз өш­пейді» деп кешті түйіндеді.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button