Рухани жаңғыруРуханият

Аққулар сазы

Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде дарынды қобыз­шы, Қазақстанның мәдениет қайраткері Раушан Оразбаеваның «Аққулар сазы» атты концерті өтті.

Шара аясында қобызшының кеш атымен үндес «Аққулар сазы» жинағының таныстырылымы болды. Кітаптың лентасын № 1 балалар музыкалық мектебінің директоры, ұлағатты ұстаз Сәулеш Төлегенқызы мен Білім беру ісінің үздігі, ақын Оспан Сүлейменұлы қиып, авторға ізгі лебіздерін білдірді.
Аққу – халық ұғымында сұлулық, тазалық, бекзаттық нышаны саналады. Жаңа жинаққа Аққуға арналған 26 күй енген. Бұл кітапқа алғаш рет бұрын-соңды жарыққа шықпаған бірнеше күйлер жүйеленді. Сондай-ақ, мұнда қобыздың төл күйлерімен қатар домбыраға да лайықталған туындылар бар. Және кітаппен бірге қосымша диск те жарық көрген. Айтулы еңбек кәсіби қобызшыларға, өнер зерттеушілеріне, музыкатанушыларға арналған.
«Менің қолыма түскен Раушанның «Аққулар сазы» атты тұңғыш жинағы – педагогика-психологиялық, музыка-эстетикалық, тарихи-философиялық тұрғыда жан-жақты сараланған, талданған еңбек екен. Көтерген жүгі ауыр, көркемдік шеберлігі жоғары, өнерсүйер қауымның көңілінен шығар дүние боларына сенімдімін» деп жазыпты белгілі өнер зерттеушісі Пернебек Момынұлы кітаптың алғысөзінде.
Концерт барысында кеш иесі жинаққа енген күйлерді орындады. Раушанның қобызды тарту мәнері де көркем. Күйді тереңнен толғап, тыңдаушыны мұңлы сезімге бөлейді. Кешегі әйгілі қобызшылар Дәулет Мықтыбаев пен Жаппас Қаламбаевтардың жолын жалғап, солар қалдырған мұраны бүгінгі күнге жеткізген өнерпаз жұртшылыққа халық күйі «Аққудың» алты тараудан тұратын бөлімін толық орындап берді. Күрделі туындыны ұйып тыңдаған ел дарынды қызының өнеріне тәнті болып, ұзақ уақыт қол шапалақтады. Одан кейін сахнаға қобызшының шәкірттері шықты. Олар: Ықыластың, Сүгірдің, Жаппас Қаламбаев, Дәулет Мықтыбаев және Нұрғиса Тілендиев секілді көрнекті тұлғалардың шығармаларын қобызда нақышына келтіріп сарнатты.
Алдағы күндері Раушан Оразбаева «Аққулар сазы» тақырыбымен шет мемлекеттерге барып, қазақтың киелі қобыз өнерін насихаттауды жоспарлап отыр екен. Ендеше, біз де талантты өнерпазға сәттілік тілейміз!

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button