Жаңалықтар

КҮМӘНДІ КОМПАНИЯЛАРдан абайлау керек



1675433c6cdd0e94

Елордада тұрғын үй құрылысының қарқыны жақын жылдары бәсеңдемейді. Жыл басынан бері бұл салада атқарылған жұмыстардың көрсеткіштеріне қарап, мұны сеніммен айтуға болады. Мәселен, биылғы алғашқы жартыжылдықта 942 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Былтырғы аталмыш кезеңмен салыстырғанда бұл 1,8 есе көп. Сонымен ағымдағы жылдың 1 шілдесінде бас қаланың тұрғын үй қоры 18,1 миллион шаршы метрге жетті. Жалпы алғанда 2005 жылдан бері қалада жыл сайын 1 миллион шаршы метр­ден астам тұрғын үй тұрғызылуда. Ал Есілдің жағасына елорда қонған уақыттан бері шаһардың тұрғын үй қоры 14 миллион шаршы метрге ұлғайған.

Бейсенбі күні Астана қаласы әкімі­нің бірінші орынбасары Сергей Хорошунның төрағалығымен өткен баспасөз мәслихатында осындай жағымды жаңалықтармен қатар тұрғын үй құрылысына қатысты түйткілдер де айтылды.
Елордада баспананың 15-20 пайы­зы ғана бюджет есебінен салы­нуда. Бұл мәселені «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заң рет­тейді. Кейінгі кезде кейбір құрылыс компанияларының осы заңды белден басып, сәйкес рұқсаттарды алмас­тан пәтерлерді саудалау фактілері жиіледі. Негізінен, кез келген құрылыс компаниясының иесі пәтерлерді са­тылымға шығарудан бұрын баспана тұрғызуға рұқсат беретін құжаттарды алуы қажет. Мұндай құжаттар жоқ болса, бірден-ақ істің арты таза емес­тігін аңғаруға болады. Қала әкім­дігі ұйымдастырған баспасөз мәслихатының негізгі мақсаты да халықты алаяқтарға алданып қалмаудан сақтандыру.
– Қолданыстағы заңдар тұрғын үйді тиісті лицензиясыз сату фактілерін жоспарлы түрде тексеруге рұқсат бермейді. Бұл жұмыс тек бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар немесе азаматтардың шағым­дары негізінде ведомствоаралық комис­сияның отырыстарында атқарылады. Мәселен, жыл басынан бері осы комиссия қалада 30 нысан бойынша пәтерлер заңсыз сатылғанын анықтап, құқық қорғау органдарына тиісті материалдарды жіберді, – деген Сергей Хорошун, «арзанның жілігі татымайтынын» еске салды.
«Шаңырақстрой КЗ» ЖШС-ін мысалға алған ол бұл серіктестіктің сату бөлімі пәтердің 1 шаршы метрін нарықтағы бағадан төмен – 700 бен 1000 доллардың аралығында сатылымға шығарғанын, бұған қоса 10 немесе 15 жылға төлемді шегеруге мүмкіндік бергенімен қоймай, пәтерді алушы артық шығындалмайтынына сендіргенін, мұндай құйтырқылықпен инвестордың ақшасын тезірек қарпып қалуды көздегенін, сатып алушы алдын ала төлем енгізбегенше онымен келісім жасалмайтынымен қызықтырғанын айтып, бұл тұзақтан сақ болу керектігін жеткізді.
Оның айтуынша, баспана сатып алушы арзан бағаға елікпей, алдымен құрылыс компаниясының мына құжаттарын тексеріп алғаны жөн: біріншіден, құрылыс салушының жер телімі өзіне тиесілі екенін растайтын құжаттарын, бұл – жеке меншікке иелік ету немесе жалға алу құқығын дәлелдейтін акті де болуы ықтимал; екіншіден, құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат беретін қаулы; үшіншіден, құрылыс жұмыстарының басталғаны туралы «ГАСК» мекемесіне жіберілген хабарлама.
– Мұнымен барлық құжаттар түген­делді деп айтуға болмайды. Заңға сәйкес пәтерлерді саудалаушыда оларды сатуға рұқсат беретін тиісті лицензия немесе нақты бір нысанның құрылысын жүзеге асыруға екінші деңгейлі банктен ашылған 100 пайыз несие желісі болуы шарт. Баспананы сатып алардың алдында, яғни, келісімшартқа қол қоймастан бұрын осы құжаттарды талап ету керек, – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Сергей Хорошунның сөзіне сүйенсек, күмәнді құрылыс компаниялары ғана емес, пәтер сатумен айналысатын бірқатар агенттік те сатып алушыларға ашық ақпарат бермей, істі қиындатты. Мәселен, «Центр продаж №1» және «Дом в Астане» агенттіктері 12 құрылыс компаниясының рұқсат қағаздары жөнінде нақты ақпарат ұсынбай, сатып алушыларды адастырған. «Егер іс осылай жалғасып жатса, онда құқық қорғау органдарына шағымданамыз» деді С.Хорошун.
Сондай-ақ, оның аузынан елордада тұрғын үй құрылысына 823 жер телімі бөлінгенін, ол жерлерде жалпы ауданы 20 миллион шаршы метрден астам баспана салуға болатынын, бүгінгі таңда 9 миллион шаршы метр аумақта 341 нысанның құрылысы жүргізіліп жатқанын, 11,2 миллион шаршы метрге 482 нысанды салу жоспарлануда екенін естідік.
– Ағымдағы жылдың басынан бері 611 құрылыс компаниясының басшыларынан кепілдік хаттар-міндеттемелерді алдық. Сондай-ақ, 48 тұрғын үй кооперативінің төрағаларымен кеңес өткізілді. Қала әкімдігі теріс әрекеттер орын алмас үшін әр нысан жөнінде ақпаратты ұсынуға дайын. Бұл ақпаратқа қызығушылық танытқан азаматтар мұны www.astana.gov.kz сайтынан ала алады немесе қала әкімдігіне, әкімдіктің құзыретті органы – Сәулет және қала құрылысы басқармасына және Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына хабарласа алады, – деп түйіндеді сөзін Сергей Хорошун.

Керек дерек
Заңға қайшы әрекет еткен құрылыс компаниялары: «Азбука жилья», «Әл баракат», «Төленді», «Орал дизайн стройсервис», «ТМ Құрылыс плюс»,«Қазмұнайстрой», «Азия», «Expolis investment», «ҚазГазАстана-НС»,«Ақмолтеплосервис», «Amanat Building», «Central house building», «Әл Баракат Компани», «Селигер», «Ассем», «Астанажылу».

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button