Қоғам

ЛАТЫН ӘЛІПБИІ: ҚОҒАМ ӨКІЛДЕРІ ҚОЛДАДЫ



Қала әкімдігінде «Руxани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу мәселесі талқыланды.

Қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев: «Ұлттың өзін-өзі тану­ға, Қазақстанның руxани және эконо­микалық дамуына бағыт жаңа қазақ әліпбиі арқылы келеді. Бұл туралы сан алуан пікір бар. Қарсы пікір айтып жатқан адамдар да бар. Алайда әр қазақстандық латын қарпіне көшу әлемдік өркениетке қосылу деп түсіну керек» дейді. Оның айтуынша, латын әліпбиіне көшу осы жолдағы нақты қадам деуге болады. Латын әліпбиі – тәуелсіз елдің жан-жақты байланыстырылған замана сұрақтарына жауап беретін сабырлы да еркін таңдау. Бұл таңдау тіліміздің төл табиғатын сақтау, одан әрі дамыту, әлемдік ақпарат кеңістігіне белсенді ену үшін жасалмақ. «Ендеше, осы стратегиялық қадамның жүйелі түрде орындалуын, оның жан-жақты үйлесу амалдарын бірлесе қарастырғанымыз әбден жөн болмақ» дейді әкім орынбасары.

Еуразия ұлттық университетінің проректоры, академик Дихан Қамза­бекұлы да латын әліпбиінің алғашқы таныстырылымы туралы өз ойын ортаға салды.
«Әрине, халық болғаннан кейін түрлі ойлар, ұсыныстар айтылады. Ең бас­тысы, принцип анықталды. Екінші қағидат, латын қарпінің пернетақтадағы барлық таңбасын пайдалану. Онда 26 қаріп болса, соның 25-ін ұстану. Ішкі әлеуметтік желіде айтылып жатқан түрлі диграфтардың байланысы кезіндегі буын, дыбыстардың сақталуы – ғалымдардың еншісіндегі дүние. Алдағы кезде толықтырылады, түсіндіріледі, пысықталады. Мұның бәрін табиғи процесс деп қабылдаған жөн. Қай алфавит болсын өз тұсында қабылданған кезде осындай мәселелер болған. Әртүрлі сауалдар туындауы мүмкін. Мен әдебиетші ретінде Алаш зиялылары кезінде алфавиттің ауысуы, қоғамға оның пайдасы мен зияны, қандай өзгерістер болды деген мәселелерге жауап беремін. Бүгінгі күні әлемдік коммуникация, ықпалдастық кезінде өз жөнімізді, өз деңгейімізді анықтап алу керек-ақ болып тұр» дейді Дихан Қамзабекұлы.

«Өзбек» этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатовтың пікірін­ше, қазақ елінде тұрып жатқан түр­лі этнос өкілдері Елбасының латын әліпбиіне қатысты бастамасына қолдау білдіреді. «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында латыншаға көшудің терең логикасы бар екенін мәлімдеді. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланыс­ты» дейді ол.

Шараға келген елордалық белсенді жас­тар да өз ойларын ашық айтты. «Астана жастары» мемлекеттік меке­месінің белсенді мүшесі Аманжол Бекарыстан: «Әрине, бұл – халықтық тал­қылау. Таныстырылған латын әліпбиінің нұсқасы бекітілген жоқ. Сондықтан да өз ұсыныстарымызды жолдауға уақыт бар. Біз үшін ең маңыздысы – латынға көшу» дейді.

Жиынға Парламент Мәжілісінде мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің нұсқасын таныстырған Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов те қатысты. Оның айтуынша, жаңа жазу нұсқасын қабылдау, әлбетте, бір таңбаларды екінші таңба­лармен ауыстыру ғана емес, ол – бұ­рынғы әліпбилерде жіберілген емлеге қатысты жаңсақ жазуды дұрыстау.

«Осы жаңа әліпби нұсқасы негізінде Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы қызметкерлері және сырттан шақырылған тұрғындар арасында бірнеше рет апробация жүргізілді. Оған қатысушылардың көпшілігі осы нұсқаға қолдау білдірді. Латын әліпбиіне еліміздегі көптеген азаматтардың, әсіресе, жастардың көздері үйренген, яғни белгілі бір деңгейде көбіміздің көздағдымыз қалыптасқан. Ал жазу дағдысының қалыптасуы уақыттың еншісінде. Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің енгізілуі кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, демек Қазақстан азаматтарының жаңа әліпбиін игеріп кетеріне сенім мол» деп түйіндеді.
Отырыс соңында шараға қатысу­шылар латын қарпіне көшу идеясын бір ауыздан қолдауға шақырды.

«Латын қарпіне көшу – біздің жан-жақты ойластырған, мақсатты түрде қабылданған шешім. Бұл заманауи егеменді мемлекеттердің талабына сай. Біз бүгінгі жиынның қатысушылары – Астана қаласы интеллигент өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, ҚХА мүшелері, елорданың белсенді жастары Елбасының сарабдал саясатын қолдай келе, қазақстандықтарды қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу бастамасын бір ауыздан қолдап, мақұлдауға шақырамыз» делінген үндеуде.

Гүлмира  АЙМАҒАНБЕТ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button