Қала мен Сала

Латын залы ашылды



Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында уақыт талабымен жарақталған латын әліпбиіне арналған зал ашылды.

Мемлекет басшысы өткен жұмада қазақ тілінің кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Елбасы Жарлығы ұлтымыз үшін ұлы істің басталғанын көрсетеді. Алдымыз­да атқарар жұмыс қыруар. Соның алғашқы қадамы елордадағы зия­лылар мен көпшілік қауымның жиі басы қосылатын руханият ордасына айналған академиялық кітапханада жүзеге асты.
Латын әліпбиіне көшу туралы пікірлер бүгін ғана айтылып отыр­ған жоқ. Тәуелсіздік алған жылдары да сөз болды. Одан әрі де тереңдеуге болады. Өткен ғасырдың басында, яғни 1926-1929 жылдары да ұлт қайраткерлері латын графикасын енгізу туралы салмақты ойларын білдірген. Нәтижесінде еліміз 1929-1940 жылдары латын әліпбиін қолданды. Сол кездегі жарық көрген кітаптардың бәрі латынша басылды. Жаңа ашылған залға осы жылдар аралығында жарық көрген кітаптар көрмеге қойылған. Біздің көзімізге Сәкен Сейфуллиннің, Өтебай Тұрманжановтың, Асқар Тоқмағамбетовтің латынша шыққан шығармалары жылы ұшырады. Тіпті 1935 жылы латынша аударылған А.Пушкиннің таңдамалы жинағы мен 1939 жылы басылған Марк Твеннің «Том Сойердің басынан кешкендері» атты хикая­ты көрме сәнін кіргізген. Сондай-ақ, сол кездердегі латын графикасымен терілген мерзімді басылымдарды да көзіміз шалды.
Ашылу рәсімінде Ғарифолла Есім, Әбдіжәлел Бәкір, Қаржаубай Сартқожаұлы, Шерубай Құрманбайұлы секілді белгілі ғалымдар сөз сөйледі. Шараның маңызы жайында ойларын айтты.
– Мемлекет басшысының латын әліпбиіне көшу туралы Жарлығы шықты. Бұл қоғамның көптен күткен қажеттілігі еді. Соны түсініп, басшылыққа алып, жол көрсеткен Елбасыға рақмет айтқым келеді. Жаңа әліпбиіміз – жалпақ әлемде өмір сүріп отырған қазақтың келешек ұрпағының жолын, білімі мен рухани байлығын көрсететін әрі сақтайтын үлкен қазына. Осы байлығымызды әрі қарай күтіп, жетілдіріп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуіміз қажет, – деді тарихшы Қаржаубай Сартқожаұлы.
Шайсұлтан Шаяхметов атындағы Тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының маманы Алмажан Қадырханқызы шараға қатысушыларға латын графикасының жаңа нұсқасын таныс­тырды.
Алдағы таңда пайдалануға берілген жаңа залда латын графикасына қатысты семинар-тренингтер, оқу курстары, лингвист ғалымдардың онлайн кеңестері оқытылмақ.

Азамат ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button