Басты ақпаратҚала мен Сала

Көлікке келгенде көңілшек

займ онлайн срочно

«Астана ақшамы» газетінің осы жылғы 4 шілде күні санында «Көлігіңе қарай көсіл» деген көлдей мақаламыз жарық көрді. Қазақстанда сапасы әжептәуір жеңіл көлік шығаратын 3 зауыт бола тұра, біздің басшылардың бүйрегі шетелдік қымбат көліктерге бұрыла беретіні сараптамада егжей-­тегжейлі айтылған еді.

Парламент Мәжілісінің депутаты Кеңес Әбсатировтың Үкіметке сауал тастап, ортанқол бюджеттік мекемелер – Атырау музыка колледжі мен Жамбыл облыстық филармониясы неге құны 80 мың доллардан асып жығылатын қымбат көліктерді сатып алған, бұған кім жол берген, кім жауап береді деген жанайқа­йын жеткізген едік. Үкіметке қарайтын орталық, аумақтық органдар, ұлттық компаниялар, мемлекет үлесі бар құрылымдар, 2 қала, 14 облыс, 160 аудан, 17 қалалық аудан ұйымдары, мыңдаған бюджеттік, мемлекеттік мекемелер «көрпесіне
қарай көсіліп», отандық көлікке қол созса, автокөлік өндірісін өрге сүйрейтін едік деп көсілген екенбіз аталмыш сараптамада.
Хош, сонымен, жаз өтіп, қоңыр күз келді, не өзгерді, сілкініс, серпіліс, өзгеріс бар ма осы салада? Өкінішке қарай, «баяғы жартас – бір жартас» күйі екен. Біздің басшылар көлікке келгенде көңілшектігін қоя алмапты. Бұл мәселені депутат К.Әбсатиров өткен аптада Мәжілісте тағы да қозғады. Қозғамай қайтсін, жоғары органдардың қымбат шетелдік көлік алуға жол бергендерге әкімшілік шара көріледі деген уәдесінен ештеңе шықпады, нәтиже жоқ. Яғни, кінәлі тұлғалар табылмады. Сондықтан да бұл салада тәртіп орнаған жоқ. Қазақстанда министр де, әкім де ұялмай мінетін көлік құрастырылады. Біз жоғарыда атаған мақалада бұл туралы егжей-тегжейлі айтқанбыз. Бірақ амал не? Тоғыз айда мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар 6 миллиард теңгеге 508 шетелдік көлік сатып алған. Бұл өткен жылғы межеден 7 еседей көп. Осының әсері болу керек, 9 айда сатылған жалпы құны 570 миллион доллар болатын 30 мыңнан астам көліктің 24 пайызы ғана Қазақстанда жасалған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 59 пайызға кем. Жыл ішіндегі табыс та 100 миллион долларға кеміп кеткелі тұр.
Отандық өндірісті өрге сүйрейтін саланың бірі – автомобиль өнеркәсібі. Өкінішке қарай, құзырлы мекемедегі билігі барлар өзіміздің көлікке келгенде көңілшектік танытып, шетелдің жылтырығына көз салып отыр. Бұл қашан, қалай тыйылады, беймәлім?!.

Еркін Қыдыр

Тағыда

Еркін Қыдыр

«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button