Басты ақпаратҚала мен Сала

LRT құрылысы қайта жанданды



Астанада жеңіл рельсті көлік құрылысы қызу жүріп жатыр. Қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының хабарлауынша, LRT станциялары қауіпсіздік пен қолжетімділіктің барлық талаптарын ескере отырып салынуда.

Қалада құрылыс жұмыстары қайта жанданды. Бүгінде темір бағаналар орнатылып, инженерлік желілер толықтай жүргізіліп жатыр. Елордадағы LRT құрылысы 2025 жылға дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту жөніндегі кеңесте шаһар басшысына бірқатар тапсырма жүктеді. Олардың бірі әрі негізгісі – жыр болған жеңіл рельсті транспорт жобасын жүзеге асыру. Президент тұрғындарға берілген уәдені орындау керектігін айтты. Осыған орай, қала әкімі бұл бағытта жұмыстың жүріп жатқанын жеткізген болатын.

– Қазір жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Құрылысты жандандыру мақсатында, өткен жылы Үкімет қаржының алғашқы бөлігін бөлді. Бүгінгі таңда бірінші кезеңді аяқтауға күш салынып отыр. Жобаны толыққанды бітіру үшін 2 жыл уақыт қажет, – деді Жеңіс ­Қасымбек.

Астанада жеңіл рельсті көлікте 18 станция болады, олардың әрқайсысы барлық қажетті заттармен жабдықталады. Бұл жөнінде Астана әкімдігінің Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы хабарлады. LRT станциялары қауіпсіздік пен қолжетімділіктің барлық талаптарын ескере отырып салынуда.

– Станцияларда билеттерді сатып алуға арналған аймақтар, соның ішінде автоматтандырылған жүйелер, сауда алаңдары мен дәретханалары бар күту залдары, сондай-ақ адамдардың қауіпті жерлерге шығуын болдырмау жүйелері болады, – делінген баспасөз хабарламасында.

Станцияға эскалатормен, сондай-ақ лифтпен көтерілуге болады. Лифттер бірінші кезекте мобильділігі төмен азаматтарға арналып салынады. Сонымен қатар, станцияға кіру үшін Қабанбай батыр даңғылы бойынша 10 жерасты жаяу жүргіншілер өткелін және Сығанақ пен Қалдаяқов көшелерінде жеті жерүсті өткелін салу көзделген.

Қазіргі кезде Астанада LRT желісінің жобасын іске асыру аясында Сығанақ көшесінің бойында Сауран көшесі мен Ақмешіт көшесінің қиылыстарында монолитті темірбетон балкаларын орнату жұмысы жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты, 25 тамыздан бастап Сығанақ көшесінің бойымен, нақтырақ айтқанда, Қабанбай батыр даңғылынан Түркістан көшесіне дейінгі (оңтүстік жағы) қозғалыс толығымен тоқтатылып, Сығанақ көшесінің бойымен Түркістан көшесінен Қабанбай батыр даңғылына дейінгі аралықта (солтүстік жағы) қозғалысқа ішінара шектеу (екі жолақ) енгізілген болатын. Сығанақ көшесіндегі құрылыс жұмыстарының жүргізілуіне байланысты 30 қарашаға дейін жабылғанын айта келе, «City Transportation Systems» ЖШС басқарма басшысы Ғани Тажиев бүгінгі таңда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Мүмкіндікті пайдалана отырып, келтірілген қолайсыз­дықтар үшін қала тұрғындарынан кешірім сұраймыз. Бұл көше Түркістаннан «Номад» ТК-не дейінгі аралықтағы оңтүстік жағынан уақытша жабылды. Бүгінгі таңда бұл аумақта қарқынды жұмыс жүргізілуде, мұнда көріп отырғаныңыздай, тірек пен монолитті бөлік толығымен құйылады. Біз екі учаскеде, Сығанақ пен Ақмешіт көшелерінде уақытша конструкция жасадық. Енді Сауран мен Сығанақ көшелерінде жұмыс­тар жалғасады. Бұл учаскедегі жұмыстарды жоспар бойынша қараша айының соңына дейін аяқтаймыз. Қазіргі уақытта әуежайдан «Нұрлы жол» жаңа теміржол вокзалының барлық бағыты бойынша учаскелер бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді Ғани Тажиев.

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі таңда бұл жерде шамамен 1 300 адам жұмыс істеуде. LRT желісінің жобасын іске асыру аясында олар жылдың барлық мезгілінде, тіпті ауа райы -10 градусқа дейін төмендегенше жұмысты тоқтатпайды. Өйткені 2024 жылдың соңына дейін алғашқы іске қосу кешенін аяқтауға тиіс.

– Жалпы, кез келген дамыған елдердің қалалары мен астаналарында көліктің баламалы түрі болуы керек. Қазіргі уақытта Астанада бұл тек автобус тасымалымен жүзеге асырылады. Жоспар бойынша 2024 жылдың соңына дейін біз бірінші қабылдау кешенін аяқтаймыз. 2025 жылы сынақ режимінде біз бірінші іске қосу кешенін іске қосамыз, ал 2026 жылдың соңына дейін, әрине, уақтылы қаржыландыру болған жағдайда екінші іске қосу кешенін іске қосатын боламыз. Жалпы 18 аялдаманың 8-і бірінші кезеңде қолданысқа беріледі. Жүрдек пойыздың жылдамдығы сағатына 80 шақырым, басқару жүйесі толығымен автоматтандырылған. Ондағы жолаушылар ағыны 25 мың адамға дейін жеткізілмек. Бәрі қаржыландыруға байланысты. Ақша уақытымен түсіп тұрса, жұмыс та уақытылы аяқталады, – деді басқарма басшысы.

Осылайша, құрылыс жұмыстары екі кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде 18 аялдаманың тек сегізі қолданысқа беріліп, бес метрополитен пойызы сынақтан өтеді. Вагондарға жүк тиеліп, олардың жарамдылығы тексеріледі. Ол 2024 жылдың соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілмек. Осы уақыт ішінде 8 станция салу жоспарланып отыр. Олар Нұрсұлтан Назарбаев халық­аралық әуежайында; Қабанбай батыр даңғылындағы айналма жолда; MEGA Silk Way СОО ауданында; Ботаникалық бақтың жанында; Сығанақ көшесінің басында; Abu Dhabi Plaza жанында; Ұлттық музей ауданында және Нұрлы жол вокзалында болады.

Сондай-ақ 2024 жылдың соңына дейін эстакада бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары, оның ішінде рельстерді монтаждау және электрлендіру жұмыстары аяқталады. Бірінші іске қосу кешенін пайдалану кезеңінде қалған 10 станцияны қамтитын екінші іске қосу кешені бойынша жұмыстар қатар жүргізілетін болады.

LRT маршрутының жалпы ұзындығы 22,4 шақырымды құрайды. Жеңіл рельсті көлік құрылысы сәтті аяқталса, ол Астанадағы әуежай мен «Нұрлы жол» вокзалын байланыстырады әрі шаһардағы кептеліс мәселесін шешеді деп жоспарлануда.


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button