Басты ақпаратБілім

Людмила РОЖДЕСТВЕНСКАЯ: Қазақстанның білім жүйесінде өзгеріс көп



Биылғы тамыз кеңесі кезінде білім беру жүйесіндегі табыстың құпияларымен шетелдік спикерлер де бөлісті. Мектеп реновациясы, Эстония мемлекетінің тәжірибесі туралы білім беру технологы, доктор, профессор, Сингапур мемлекетінің білім саласындағы халықаралық сарапшысы, Эстония мұғалімдерін оқыту бойынша жаттықтырушы Людмила РОЖДЕСТВЕНСКАЯ өз тәжірибесі туралы айтқан болатын. Екі елдің білім жүйесінің артықшылығы мен кемшілігі жайында эстониялық мейманмен аз-кем тілдескен едік.

– Қазақстан мен Эстония мектептерінің айырмашылығы қандай? Екі елдің білім беру жүйесінің ерекшелігін қалай бағамдар едіңіз?

– Бұл – менің Астанаға осымен үшінші сапарым, көптеген білім мекемесінің шақыртуымен Қазақстанға тағы келіп отырмын. Екі елдің білім жүйесін салыстыру үшін әуелі мемлекеттердегі жағдайға көз салуымыз қажет. Эстония халқының саны Астана қаласы тұрғындарымен пара-пар. Посткеңестік елдерге тән нәрсе: демографиялық қартаю процесі байқалуда. Қазақстан тұрғындарының демографиялық жақсы өсіміне қарамастан, екі елге де ортақ өзекті мәселе бар. Білім жү­йесіне ортақ проблема – балалар санының азаюы және мұғалімдер жасының ұлғаюы. Эстония білім жүйесі жаңа өзгерісті оншақты жыл бұрын бастап кетті. Бұл оңды өзгеріске алып келді. Сондықтан да біз кейбір сала бойынша Еуропада көшбасшы орында тұрсақ, әлемде де ойып алар орнымызды айқындап үлгердік. Міне, сондықтан да Қазақстан инновациялық білім жүйесіне қатысты жұмысымызға, нәтижемізге қызықты. Бізге сіздерден тәжірибе алмасуға отандастарыңыз жиі келеді. Әрине, үлгімізді сол күйінде көшіріп алуға болмас, өйткені халықтың аздығынан бізде балалар саны азайып жатыр, ауылда немесе елді мекендегі сыныптарда 20 шақты баласы бар мектептерді жергілікті билік, қоғамдастықтар сақтап отырса, елорданың мыңдаған оқушысы бар мектептері туралы мәселені енді басқаша қарауға болады. Екі елдің білім саласындағы айырмашылық жер мен көктей. Әсіресе мектептің архитектуралық құрылысынан бастап талаптар да басқаша қо­йылады. «Жайлы мектепте» жалпы барлығы қолайлы, жайлы болуы тиіс. Қазақстанға, Астанаға келіп мектептерді аралағанда, көзге көрінетін өзгерістер: жоғары жылдамдықпен өсіп жатқан технология, күнделікті тұрмыс-тіршілікте жаңа техникалардың өсуі. Эстония да жаңа технологиялар, электронды мемлекеттік қызмет көрсету жөнінен Еуропада алдыңғы орында тұр. Электронды қызмет көрсету сапасы білім саласының да бағытын жақсы жаққа бұрып, ілгерілеу байқалады. Қазір оның нәтижесі айқын сезілуде. Жаңа инновациялық жобалар бойынша бала негізгі орында, мұғалім онымен үнемі байланыста, бірлесе отырып, жаңашылдыққа үйренеді, шешім қабылдайды. Бұл жерде екі елдің білім жүйесінде айырмашылық бар: Эстония мектептерінде балаларда еркіндік, дербестік бар, ол білім саласының барлық негізгі құжатында айқын белгіленген. Бұл бағыт практика жүзінде де жалғасады. Еліміздің Білім министрлігі тек кеңес беруді басшылыққа алды, білім саласына бұйрықпен міндеттеу болмады. Сондықтан да сапалы білім беру жолындағы дұрыс әдіс-тәсіл жеміс бере бастағанына көзіміз жетті.

Эстония мектептерінде балаларда еркіндік, дербестік бар, ол білім саласының барлық негізгі құжатында айқын белгіленген. Бұл бағыт практика жүзінде де жалғасады. Еліміздің Білім министрлігі тек кеңес беруді басшылыққа алды, білім саласына бұйрықпен міндеттеу болмады. Сондықтан да сапалы білім беру жолындағы дұрыс әдіс-тәсіл жеміс бере бастағанына көзіміз жетті

– Сонда Эстония мектептері өз бетінше барлық проблеманы шеше бере ме? Еркіндік берілген бе?

– Эстония мектептерінің ­басты жетістігі оқу ордаларының өз бетінше басқарылуы, керек бағытты анықтап, сол бойынша жұмыс істеуінде дер едім. Егер көрші мектеп жақсы нәтижеге жетсе, әріптестері барып, олардан үздік үлгісін үйренуге тырысты. Яғни мектеп мұғалімдері жоғарыдан бұйрықты күтпей, білім саласының өзекті мәселелерін, түрлі проблемасын өз бетінше шешуге тырысты. Яғни біз тәжірибе аламыз, зерттеп, оны іс жүзінде асыра бастаймыз. Бұл білім сапасына ерекше әсер ететініне жетістігіміз арқылы көз жеткіздік. Педагог біліктілігі мен мектепке бөлінетін қаржыны – бәрін білім ордасы өзі шешеді. Сосын тест кезінде оқушыға да, мұғалімге де анкета сұрақтары беріледі, сол жауаптар арқылы басымдықтар қай салаға, не нәрсеге бөлінуі керек екені айқындалып, сол бойынша жұмыс істейді. Ал Қазақстанда білім жүйесінде жоғарыдан жарлық күтіп, жалтақтау басым. Әлде төменгі жақтан кері байланыс жоқ па, ол жағын әлі де зерттеп, осы кемшіліктер бойынша жұмыстану қажет шығар деген ойдамын. Бізде педагогтың біліктілігін арттыру курсының бағыты, нәтижесі нақты мектептердегі білімнің сапасына қызмет етсе, өкінішке қарай, сіздерде олай емес.

– Эстонияда бастауышты оқыту әдіс-тәсілі қалай?

– Біздегі басты айырмашылық – бастауышта пәнге бөлу, жіктеу жоқ. Тек бізде де көп тілді білуге қатысты проблема бар. Эстон тілі, орыс тілі, ағылшын тілі қолданылады, себебі миграция көші қомақты, сосын бұл тұрғыдан келгенде күрмеуі шешілмеген мәселелер бар. Ағылшын тілі 1-сыныптан бастап оқытылады. Эстон тілі мемлекеттік болса, орыстілді мектептерде орыс тілі қолдануына қарай, сосын қосымша ағылшын тілі оқытылады, қытай тілі, тағы басқа тілдер оқытылып жүр. Бұрын 6-сыныптан жасағымыз келген, бірақ 10-сыныптан бастап оқушының өз еркі бойынша қосымша фин, француз, испан, неміс, қытай тілдерін оқытуды қолға алдық.

– «Жайлы мектеп» деген сіз үшін қандай мектеп?

– Бұл, ең алдымен, баланың қолайлы психологиялық климатта, жайлы ортада тәрбиеленуі, ата-анамен жақсы қарым-қаты­наста болу, баланың жанын түсініп жұмыс істеу. Бұрын ата-аналар сапалы білім мен жақсы бағаны талап етсе, қазір олай емес, олар өз тәжірибесінен бала кездегі психологиялық қысымнан зардап шеккенін еске ала отырып, оқушының психологиялық жақсы ортада білім алуын, парасатты болуын қалайды, бірақ мектептен озат болу, үздік атану «жарақатын» алмауын көбірек қадағалайды. Жалпы әлемде бала құқығы басты орынға шықты. Себебі біз бұрын естіп-білмеген балалардың арасында аутизммен, гиперактивті әрекетімен көрінген балалар көбейді. Бұл қиындықтың бәрімен мұғалім жалғыз күресіп жүргені жасырын емес. Бұрын қалжың ретінде айтылатын сөздер, әрекеттер қазір балаға моральдық соққы беретін іске айналды. Бұрын үлгерімі нашар оқушылардың есімі ата-аналар жиналысында айтылса, қазір педагог олай көсіліп сөйлей алмайды. Ата-аналармен бірге білім саласының проблемаларын шешудің ортақ жолын ашық іздейтін дәрежеге жетті.

– Педагогикалық ұжым құрамының тәрбиеге, білімге әсері бар ма?

– Әрине. Қазіргі жағдайға байланысты мектепте екі психолог, екі әлеуметтік педагог, тағы басқа ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін мамандар бар. Еуропа осы бағыттарды жақсы қаржыландыратынын ескерсек, бұрын нашар оқитын балалар – миында интеллекті сақталмайтын балалар – арнайы мектептерге барады, ал академиялық үлгерімсіздік танытқан оқушылар 4-5 адамнан тұратын арнайы топта оқиды. Онда педагог бірнеше пәнді оқыта алады.

– Сонымен, білім саласының басты проблемасы неде?

– Бізде, мысалы, мұғалімдердің жетіспеушілігі, педагогтар жасының қартаюы сынды проблемалар бар.

– Мамандар неге жетіспейді?

– Оқыту процесі эстон тіліне көшкендіктен, мамандар тапшылығы байқалуда. Шара соңғы бір-екі жылда қабылдан­ғандықтан, қазіргі ең өзекті мәселенің бірі саналады.

– Жергілікті халықтың тілге қатысты пайыз қатынасы қандай?

– Орыстілді халықтың пайыз қатынасы – 30 пайыз. Мектептері де осы цифр шамасында. Таллинде орыстілді халық үлесі – шамамен 50 пайыз. Көптеген ата-ана орыстілді мектептің сақталуына мүдделі. Осыған қарамастан, эстон білім жүйе­сінде ана тіліндегі мектептер жылдан-жылға көбейіп келеді.

– Людмила Борисовна, өзіңіз қай пәннен сабақ бердіңіз?

– Мен математика және информатика пәндерінен сабақ бердім. 40 жылдай мектепте балаларды оқыттым. 15-16 жылдан бері педагогтармен білім саласына жаңа технологияларды енгізу бойынша жұмыс істеймін. Екі ел арасында тәжірибе алмасуға педагогтар үнемі келіп тұратынын айтуымыз қажет. Әрине, барлық мұғалімді Эстонияға шақыра алмаспыз, бірақ бұл тәжірибе алмасудың екі жаққа берері көп деп ойлаймын.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button