Қоғам

МӘДЕНИ АШЫҚТЫҚТЫҢ МАҢЫЗЫ



Кеше Тәуелсіздік сарайында Азиядағы өзара сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) ұлттық-мәдени орталықтарының «Мәдени ашықтық – бейбітшілік пен келісімнің негізі» атты халықаралық форум өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған аталмыш жиынға ҚР Парламенті депутаттары, отандық және шетелдік ғалымдар, мемлекеттік органдардың өкілдері, АӨСШК мүше елдердің және өзге мемлекеттердің Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының басшылары қатысты.

Халықаралық форум ашылмас бұрын қатысушылар ұйымның 25 жылдығына арналған «АӨСШК сәті» көрмесі мен АӨСШК мүше елдерінің ұлттық-мәдени орталықтарының өнер көрмесін тамашалады.

– Қоғамдық келісім елдің тұрақтылығы мен дамуының негізі екені белгілі. Татулықты сақтаудың бір шартты – ұлттық құндылықтарымызды, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді сақтау. Мұның маңыздылығын Елбасымыз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айқын көрсетті, – деді форумды ашып, жүргізіп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары-Хатшылық меңгерушісі Дархан Мыңбай.

Ассамблея аясында өткізіліп отырған АӨСШК халықаралық форумы 2008 жылдан бері дәстүрлі диалог алаңына айналғанын атап өткен ол биылғы басқосудың тақырыбы тектен-тек таңдалмағанын жеткізді. «Мәдени ашықтық – адамдар мен ұлттарды жақындастырып, тіл табыстырады. Мәдениет – ұлттың болмысын сипаттайтын, жасампаздық рухқа ие үлкен күш. Біздің басқосуымыз Астана «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің қонақтарын қабылдап отырған уақытта өтіп отырғаны бұл жиынның маңызын арттырып отыр» деді Дархан Қамзабекұлы.

Одан кейін сөз алған ҚР Сырт­қы істер министрінің орынбасары Ақылбек Қамалдинов АӨСШК әлемдік саясатта өзінің лайық орнын алып, ұйымға мүше елдердің арасында қауіпсіздік пен сенімділік жібін тартқанын айтып өтті. Осы тұрғыдан Қазақстан этникалық және діни қарым-қатынаста толеранттықтың үлгісін көрсетіп келе жатқан тілге тиек етті. «Елімізде әртүрлі этностар мен конфессиялардың татулықты, келісім мен өзара түсіністікті сақтап өмір сүруінің үздік моделі жасалды. Мәдени және діни араздықтан халықаралық саясаттың кез келген деңгейінде қорғануға болады. Ал Қазақстан ұлтаралық және ұлттар арасындағы мәдени диалогты жүргізуді жақтайтын бірден-бір ел» деді Ақылбек Әбсатұлы.

Бұдан соң қонақтар сөз сөйледі. Солардың бірі АӨСШК хатшылығының атқарушы директорының арнайы өкілі Виджай Шарма аталмыш жиынның маңызына тоқталды. «Өзара әрекеттестік жолдары: ниеттестік және жаңғыру», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «ХХІ ғасырдағы ақ­па­рат­тық ағындар: мультимәдени көрініс» атты сессиялармен жалғасқан форумда тиісті қарар қабылданды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button