Әлеумет

Майдангер-­құрылысшы



XX ғасырдың ең ұзақ қантөгісі ретінде тарихқа енген бұл соғыс қаншама тағдырды жалмады десеңізші! 10 жылға созылған қанды қырғынға қатысып, отансүйгіштік пен елжандылықтың үлгісін көрсеткен елордалықтар аз емес. Сондай ержүрек жауынгердің бірі – Қазақстан Респуб­ликасының құрметті құрылысшысы, ІІІ дәрежелі «Айбын» ор­денінің иегері, астаналық зейнеткер Нұрлан Салжанов.

Ол 1960 жылдың 29 қыркүйегінде Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Атасу елді мекенінде дүниеге келді. Орта мектепті ойдағыдай аяқтағаннан кейін, 1977 жылы Целиноград қаласындағы құрылыс техникумына өнеркәсіп және азаматтық құрылыс мамандығы бо­йынша оқуға түсіп, оның 2-курсын тәмамдаған 1979 жылдың күзінде Нұрлан Рахметжанұлы әскер қатарына алынады. Сөйтіп, Семей өңірінің Георгиевка деген жерінде әскери міндетін өтеп, осы тұста 100 миллиметрлік 944-артиллериялық дивизияда наводчик, кейін бөлімше командирі қыз­метін атқарды.

1979 жылдың желтоқсан айында Кеңес әскерінің шектеулі контингентінің құрамында алғашқылардың бірі болып интернационалдық борышын орындау үшін Ауғанстанға жіберілді. 19-ға толмаған өрімдей жас, тепсе темір үзетін кезі еді. Соған қарамастан ұрыс даласында ол өзін жақсы жағынан көрсетіп, ауқымды операцияларға қатысты. Әсіресе Гальян провинциясындағы Чарикар алқабында болған қанды қырғын кезінде команданың кез келген тапсырмасын жанқиярлықпен орындағаны, 1981 жылдың мамыр айында миномет есебінің командирі ретінде 7-ротаның 2-взвод командирі, аға лейтенант В.Н.Кеселевті құтқару операциясына қатысқаны – бәрі-бәрі есінде. Сұрапыл зобалаңда қаншама майдандас досынан айырылды. Отан алдындағы парызын адал атқара жүріп шейіт болған сарбаздардың ерлігі мен батылдығына бас иеді. Олар мәңгі жадында!

Аман-есен елге орал­ғаннан кейін Нұрлан Салжанов оқуын жалғас­тырып, 1982 жылы оны бітіріп, Жаңаарқа ауданының қазіргі Байдалы би ауылында 8 ай құрылыс шебері болды. Одан соң Жезқазған облысындағы бүкілодақтық Жәйрем комсомол құрылыс бригадасында шеберден бастап учаске бастығына дейін көтерілді. Алматыдағы Орталық Азия университетін тәмамдап, 3 жылдай Қаражал қаласындағы ПМК-ға жетекшілік етіп, Жәйремде «Энергокомхоздың» директоры қыз­метін атқарды.

Өзі туып-өскен өлкеде 20 жылдай еңбек етіп, 2002 жылы қаңтарда Астанаға қоныс аударады. Бұл жерде де мамандығы бойынша қызмет етуден қол үзген емес. «ВI Group» компаниясында учаске бастығы болып жұмыс істеді. «Ақ бұлақ» шағын ауданындағы бірыңғай кірпіштен салынған «Британ кварталында» қолтаңбасы қалды. «Жағалаудағы» әлеуметтік тұрғын үйлерді салуға да үлес қос­ты. «Казстройподряд» ЖШС-те еңбек қауіпсіздігі жөніндегі инженер болып жұмыс істеп, сол жерден құрметті демалысқа шықты.

– Құрылыста еңбек ету оңай емес. Ол үшін алдымен шыдамдылық, төзімділік керек. Бастысы, таңдап алған мамандықты жақсы көру маңызды. Өз басым құрылыс саласын бала күнімнен жақсы көрдім. Жұмысымды сүйсініп, жақсы істегеннің нәтижесінде осы салада біраз жетістікке жеттім, – деді ауғандық ардагер.

Бүгінде ол жұбайы Жұмабике Шайкамал­қызымен бірге өздері өсіріп-тәрбиелеген төрт ұлынан он шақты немере сүйіп, солардың қуанышына марқайып отыр. Тұңғышы Сержан – «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ-та теміржол учаскесінің бастығы, Асылжаны – Қорғаныс министрлігінде әскери қызметкер-майор, Ержаны – жеке кәсіпкер және Біржаны – Қорғаныс министрлігі бас штабы материалдық қамтамасыз ету, бағаланып есептеу-­талдау станциясының бастығы, аға лейтенант. Қай-қайсысы да өз ісінің білгірі. Бас­тысы, балалары достық пен татулықты, Отанға деген шексіз сү­йіспеншілік мен патриот­тық сезімді жоғары ба­ғалайды. Бұл, сөз жоқ, ата-ананың өнегесімен оларға бармақтай кезінен дарыған ізгі қасиеттер болса керек.


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button