Қоғам

МАМАНДЫҒЫ – ӘУЛЕТ МАҚТАНЫШЫ



Астана қаласы ІІД-нің мұрағатындағы дерек Қабиевтер отбасының жинақталған жалпы еңбек өтілі 113 жылды құрайтынын айғақтайды. Соның 20 жылы – полиция подполковнигі Қарлығаш Қабиеваның еншісінде.

kabieva-kopirovat

Қарлығашқа осы бір ғимарат сыр­ты суықтау болғанымен, аса ыстық. Сонау Целиноград кезінен бері тыс жағы түрлі өзгеріске түссе де, ішкі ахуалы сол қалыпта қалған көпшілік әдетте сырт айналып өтуге бейіл тұратын сұрғылт үйге полиция подполковнигі Қарлығаш Қабиева неге ынтық? Ойлап көрсе, оның төркінін оқалы погонды қыз, негізінен, бір ғана нәрседен көреді. Әулет дәстүрінен! Олай пайымдауының өз қисыны бар. Қарлығаштың ес білгелі көргені ілгіште қатар тізіліп тұратын иығында жұлдыздар жарқыраған әскери пішіндегі киімдер болса қайтпек… Ата-анасы – милиция қызметкерлері, тәртіп сақшысы нағашы атасының 33 жылғы жұмыс орны осы болса. Марқұм інісі Серік те осы үйдің табалдырығын күнде аттаса… Осының бәрі санасында игі із қалдыруы заңды ғой.

Бірде Астана қалалық ІІД-де жаңадан жұмысқа қабылданатын үміткерлерді іріктеу өтті. Іріктеу комиссиясының құрамында департаменттің ақпараттық-талдау орталығының бастығы ретінде Қарлығаш Қабиева да болды. Осы іріктеу кезінде бұдан ширек ғасыр бұрынғы бір жай ойына оралды. Тұлымы желбіреген бойжеткеннің алғашқы осындай ғимараттың есігін имене ашқан кезі-тін. 1995 жыл еді. Торғай облыстық Ішкі істер басқармасы.

Маңайына шоли қараса, бәрі қатқыл өңді. Кәдімгі күнделікті өмірдегідей емен-жарқын, ағыл-тегіл ақтарылып сөйлесіп жүрген жан көрмейсің. Әрі кеткендегі ілтипаты бас изеу. Кезекшіден сұрап, ІІБ бастығының кабинетін бетке алған. Бұл жерде енді тіптен басқа көрініс. Көптен күтіп отырған кәделі қонағы келгендей қабылдаған облыстық ІІБ департамент бастығы Жазит Ахметов бойжеткенді үйреншікті сұрақтармен әңгімеге жетектей отырып, Қарлығаштың Қабиевтер отбасынан екенін естігенде сәл кідіріп барып, Әлихан Іргебайұлының немересі болдың ғой, өте жақсы деп ықыласын танытты. Лайықты маман болатыныңа сенемін, енді арнайы оқу орнын бітірсең өте жақсы болар еді, өмір-бақи қатардағы полицей немесе сержант болып жүре алмайсың ғой деп қамқорлық таныта, өтінішіне шиырлап қолын қойған еді. Аға сөзі түрткі болды ма, әлде өзінің көкейінде жүрген ойы ма еді, көп ұзамай Қостанайдағы милиция мектебінің курсанты атанған бойжеткен еңбектен қол үзбей жүріп сырттай оны бітіріп алды.

Содан бастап 2011 жылға дейін жедел-іздестіру қызметінде жемісті еңбек етті. Жазит Ахметов сөзінің жаны бар еді. Қазір Қарлығаш еңбек ететін Астана департаментіндегілер де Қабиевтер әулетін мақтанышпен атайды. Жалпы жиынтық өтілі 113 жылды құрайтын бұл династияның әрбір мүшесі – өз ортасының құрметтісі. «Маған қанат бітірген басшының сол бір ауыз жылы сөзі еді» дейді бүгінде өзі бір саланы басқарып отырған Қарлығаш Аманкелдіқызы.

Көп жыл бұрынғы сол сурет көз алдынан жылдам сырғып өткен подполковник мына бойжеткендер мен бозбалаларға да сондай демеу қажет-ақ деп түйген. Қалай десе де, бұл ұжымдық ұйғарым арқылы шешілмек. Бірақ ол әр саладан біреу­ден ғана ұсынылып отырған 5-6 орынға 30 үміткердің бәрі орналаса алмайды ғой деп өзін жұбатады. Бүгінде Астана қаласы ІІД ақпараттық-талдау орталығының бастығы, полиция подполковнигі Қарлығаш Қабиева бұл әулеттің үшінші ұрпағы болып саналады. Өз ісінің майталманы, өмірлік ұстанымы тастай Қарлығаш нағашы атасы Әлихан Іргебайұлының алдында тербеліп отырып тәрбиеленді десе болады. 33 жыл аяқ жазбай учаскелік инспектор болып қызмет атқарған ақсақалдың әскери тәртібі немересіне жұқпай да қалмады.

«Мен ертең майор боламын» дейтін еді деп сол кездегі бүлдіршіннің бал тілін еске алады Қарлығаштың анасы Рысалды Әлиханқызының сөзіне қарағанда, 17 жыл АІІБ бастығының жедел жұмыстар бойынша орынбасары болып қызмет атқарған әкесі Аманкелді Қабиев өмірінің соңына дейін балаларының мамандық таңдауына килікпегенін айтады. Өзінің де балаларының шешіміне қарсы болмағанын, алайда басқа мамандықты игергенін қалағанын жасырмайды. Өзекті өртейтін өкініштер де болады. Рысалды Қабиеваның көкейінен Ақмола облыстық ІІБ-ның аға тергеу­шісі – ұлы Серіктің қызметтік міндетін атқару үстінде ажал құшқан қайғысы ғана кетер емес. Ана жүрегі бұл қазаны өзгелерден ауыр қабылдады.

Астана қаласы ІІД-де бір жетістік болса, онда Қабиевтердің үлесі жататынын департамент басшылығы да орайы түскен жерде атап отырады. Осы Қарлығаш жетекшілік ететін ақпараттық-талдау орталығы департаменттегі қосымша сала болып есептеледі. Қылмыскердің қолға түсуі, халықаралық іздеудегілердің, із-түзсіз жоғалғандардың табылуы осы орталық талдап беретін құнды дерекке тікелей байланысты. Дерек. Талдау. Бұл – орталықтың күнделікті жұмысы. Таяуда ғана ауыр қылмыс жасағаны үшін іздестірілуде жүрген Ресей Федерациясының азаматы Б.Абдумаликов Астана қаласы қабылдау орнына жеткізілген.

Ол бірнеше құжатпен құрыққа түспей жүрген екен. Соны осы бөлім анықтады. Бұл – орталық тірлігінің бір ғана мысалы. Бейнелей айтқанда, әр нысанды лупамен қарағандай тексеретін бұл жерге білікті де білімді, талдауға бейім адамдар қажет. Бұл міндетті Қарлығаш Аманкелдіқызы басқаратын орталық абыроймен атқарып келеді. Басшы болса, қазір өзге қылмыс түрлерімен қатар назардың негізінен лаңкестікке қойылып отырғанын айтады. Ал әріптестері жұмысты шебер ұйымдастыратын Қарлығаштың нағыз орнын тапқан маман екенін мақтанышпен жеткізеді. «Жаным – арымның садағасы» деген ұстанымдағы подполковниктің үлгісі біз тілге тиек етіп отырған династиялық дәстүр берген нәтиже екенін баса айтқан жөн. Бұл орайда «мұндай династиялық дәстүрдің өз тиімділігі бар.

Ол – әулет мүшелері тарапынан жауапкершіліктің молдығында. Кейінгі буынның өзінен бұрынғы үлкендердің атына кір келтірмеуге бекінетіндігінде. Сөйтіп, түптеп келгенде, полиция органы тазалығын сақтауға зор үлес қосатындығында» деген еді бірде Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов. Біздің кейіпкеріміз министр айтқан пайымның толық дәлеліндей. Шашына ақ бантик байлаған кешегі қыз Қарлығаш – бүгінде қыз қылығын қиядан байқап, сіңліге жол сілтейтін, ағайын арасында ала жіптің жатпауын жадында берік ұстаған дана әйел. Сұрғылт киім ажарына айқыш әкеле алмаған абзал ананың мерейін ұлы мен қызы одан әрі өсіре түскен.

Атадан алған абыз ақыл, әке-шешеден бұйыртқан өнеге «оқ жонуға да, тон пішуге де» жарап тұр.Қиындығы мен қызығы қатар өрілген полиция қызметінде дөңгелеген «алдыңғы арба» барда сүрлеуден жаңылмайтынына ол бек сенімді.

Айтқадыр ТІЛЕУОВ,
журналист




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button