Қала мен Сала

Маңызды нысандарды аралады



Amanat партиясы Астана қалалық филиалының ұйымдастыруымен партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жергілікті жерлерде іске асыру аясында Парламент Мәжілісінің депутаттары Павел Казанцев, Мәди Тәкиев, Татьяна Савельева, Самат Нұртаза, Дәулет Тұрлыханов, Дәулет Мұқаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев, қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов елордадағы №3 су сорғы-сүзгі стансасы жұмысымен танысты.

Соңғы жылдары бас қала тұрғындары санының күрт өсуі мен қала құрылысының қарқын алуына байланысты су тұтынушылардың көлемі артып, ауызсу тапшылығын тудырды. Осы мәселені шешу мақсатында №3 су сорғы-сүзгі стансасы іске қосылды.

«Жыл сайын елордада 3 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй және әлеуметтік нысандар, коммерциялық алаңдар пайдалануға беріледі. Халық саны жыл сайын 50 мыңнан астам адамға артады. Бұл жағдай су тұтынудың, қаланың инженерлік инфрақұрылымына түсетін жүктеменің едәуір ұлғаюына алып келеді. Осы мәселелерді шешу үшін өткен жылдың соңында құрылысы аяқталған №3 су сорғы-сүзгі стансасы пайдалануға берілді. Оның қуаты тәулігіне 105 текше метрді құрайды. Бүгінгі күні елордада ауызсу тапшылығы байқалмайды. 2023 жылдың маусым айында Астана су қоймасынан су құбыры іске қосылды. Ол қаланы тәулігіне қосымша 90 мың текше метр сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ал №3 су сорғы-сүзгі стансасы 2028 жылға дейін үлкен қуат қорын жасайды» деді Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаевтың айтуынша, №3 су сорғы-сүзгі стансасының құрылысы Интернациональный тұрғын алабында қалалық Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының тапсырысымен 2021 жылдың қазан айында басталып, өткен жылдың желтоқсанында аяқталды. Жоба құны 58 млрд теңгені құрап, тиісті қаржы республикалық бюджеттен бөлінді. Оның жалпы ауданы – 17 511 шаршы метр.

Жоба аясында №3 су сорғы-сүзгі стансасы алаңынан №31 көше бойымен Тұран даңғылына дейін, ұзындығы шамамен 17 шақырым болатын магистральді су құбырын салу қарастырылған. Жобаны іске асыру қаланы судың қажетті көлемімен қамтамасыз етуге, елорданың сол жағалауындағы сумен жабдықтау желілерінің қысымын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

«Стансада химиялық, биологиялық, бактериялық екі лаборатория орналасқан. Вячеслав су қоймасынан күн сайын 100 мың текше метр шикі су келіп тұрады. Шикі су химиялық, механикалық, ультракүлгін 3 кезеңнен өтіп, өңделеді. Бұл стансаның іске қосылуы сол жағалауды сумен толық қамтамасыз етті» деді «Астана cу арнасы» кәсіпорны бас директорының бірінші орынбасары Абылай Елжасов.

Мәжіліс депутаты, Amanat партиясының Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Павел Казанцевтің пікірінше, су тапшылығын алдын алу үшін қала тұрғындары суды үнемдеуді үйренуі керек.

«Бақшаларды ауызсумен суару, ауыз­сумен көлік жуу дұрыс емес. №3 су сорғы-сүзгі стансасы іске қосылды. Бірақ қаланың өсу қарқынын ескерсек, мәселе жалғасын табады. Әрине, №4 су сорғы-сүзгі стансасын салу жоспарланған. Бұл жоба су көзі тапшы аудандарға жүргізілмек» деді депутат. Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов су мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында екенін айтып, Президент «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында су мәселесіне ерекше тоқталып өткенін атап өтті.

«Су мәселесі – өзекті мәселе. Елімізде, елордада ғана емес, бүкіл әлемде су тапшылығы байқалып жатыр. Осы орайда №3 су сорғы-сүзгі стансасының Астана инфрақұрылымында алатын орны зор» деді депутат.

Жалпы Астанада жоспарланған нысандар құрылысының сапалы әрі өз уақытында аяқталуын Amanat партияcы өз бақылауында ұстап отыр. Мәжіліс депутаттары елордадағы басқа да маңыз­ды нысандарға барды. Атап айтқанда, Дәулет Тұрлыханов Кирпичный тұрғын алабында салынып жатқан № 12 мектептің құрылыс барысымен және №1 Автобус паркінің жұмысымен танысты. Ал Павел Казанцев пен Самат Нұртаза «Оңтүстік-Шығыс» газ жылыту стансасын аралады. Мәди Такиев, Татьяна Савельева және Дәулет Мұқаев болса, №96 мектеп-гимназия және «Тұран» газ жылыту стансасына барды.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button