ДенсаулықҚоғам

МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ САПАСЫ АРТАДЫ



Астана қаласы мәслихатының депутаты, №5 қалалық емхананың бас дәрігері Алтыншаш Табулдина №8 қалалық емхана ұжымымен жүздесіп, Елбасының биылғы халқымызға арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын талқылады.

090

Мәслихат депутаты алды­мен дәрігерлерді Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтап, әріптестеріне ізгі тілегін білдірді. Одан кейін  Мемлекет басшысының Жол­дауындағы негізгі басымдық­тарға тоқталды.

– Еліміз 25 жылда көп жетіс­тіктерге қол жеткізді. Енді алдымызда үлкен асу тұр. Ол – Елбасы Жолдауында айтылған 2050 жылға қарай әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылу. Біз осы бағытпен ілгері жүре беруіміз қажет. Маңыз­ды құжатта әлеуметтік салаға көп басымдық берілген. Айталық, елімізде халықаралық тәжірибеге негізделген медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Бұл – медицина мамандары үшін үлкен жауапкершілік. Енді адамдар өздерінің салымдары үшін бізден сапалы біліктілікті талап етеді. Бүгінде мемлекеттік емханалардағы дәрігерлердің жалақысы аз болса да, салмақ көп. Қалада жеке медициналық мекемелер 14 пайызды құрайды. Сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін таңдау емделушіге түседі. Сол кезде бәсекелік күшейіп, медициналық қызметтің сапасы артады, – деді Алтыншаш Жұмашқызы.

Сондай-ақ, ол «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламасы туралы салмақты сөз қозғады. Елбасының таяуда «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған ойларымен бөлісті.

Кездесуді №8 қалалық емхананың бас дәрігері Айгүл Қасымова қорытындылап, ақ халатты абзал жандармен бірге Мемлекет басшысының Жолдауын жан-жақты талқылаған Алтыншаш Табулдинаға ризашылығын білдірді.

Азамат ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button