Басты ақпаратЕлорда тынысы

Мейірім қонған елорда



Астана мешіттерінің тарихы жайлы айтқанда, Республика даңғылы мен Абай көшесінің қиылысында орналасқан «жасыл мешіттің» ақ түсті дуалы еске түседі. Кезінде «татар мешіті» деп аталып кеткен ғимарат 1895 жылы ақмола­лық бай көпес Н.Зәбировтің қаражатына салынған екен.

Бұдан басқа 1838 жылы аға сұлтан Қ.Құдаймендінің жеке қаражатына салынған мешіт қазіргі «Астана» концерт залының артында орналасқан. Ол қаладағы алғашқы мешіт болған. Жанында шәкірттерге арналған медресесі болыпты. Өкінішке қарай, нысан 1920 жылы өртеніп кеткен.

Көп жылдан кейін ақмолалық жамағат 1943-1944 жылдары Құсайын деген азаматтың екі бөлмелі шағын үйін сатып алып, мешітке ықшамдап, сонда құлшылық еткен. 2005 жылы оған кеңес өкіметі тұсында 20 жыл (1952-1972 жж.) Қазақстан мұсылмандарының қазиы болған Сарыарқа өңірінің тумасы, дін ғұламасы Сәдуақас қажы Ғылмани (Сәкен қалпе) есімі берілді.

Елорданың екі мұнаралы мешіті – 2004 жылы ашылған «Төлебай» мешіті.

«Нұр Астана» мешіті Есілдің сол жағалауында бой көтерген алғашқы мешіт саналады. 2005 жылы Наурыз мерекесінде ашылған нысан жобасының авторы – ливандық сәулетші Чарльз Хафиз. Ал безендіру және көркемдеу жұмысының авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ғазиз Ешкенов. Мешіт орналасқан жердің көлемі – 6,7 гектар, ал ішкі сыйымдылығы – 5 мың адам. Төрт жолдың торабында орын тепкен ғибадатхананың айналасы жасыл саябақпен қоршалған. Биіктігі 63 метрлік төрт мұнарасы бар.

Астаналық ингуш-шешен ­диаспорасының қаржысына салынған «Шейх Кунта қажы» мешіті 2009 жылы ашылған. Қаланың сырт аудандарында да бірнеше мешіт бар. Соның бірі Теміржолшылар кентінде орналасқан «Әс-Сәләм» мешіті 2011 жылы ашылды. 2019 жылы «Өндіріс» елді мекенінде «Ар-Рахман» ғибадатханасы есігін айқара ашты. Бірер жыл бұрын елорда күні қарсаңында теміржол вокзалы мен «Сапаржай» автобекетінің жанынан «Рахымқызы Раиса ана» мешіті бой көтерді.

Бас қалаға ұшақпен келген адамның жолда бірінші көретін зәулім ғимараты – «Әлжан ана» мешіті. 2014 жылы маусым айында пайдалануға берілген құлшылық үйінің сыйымдылығы – 1400 адам.

750 адамға лайықталған, постмодерн стилінде салынған «Ырыскелді қажы» мешітінде баламалы энергия көздері қолданылады. Жоба авторы – Сағындық Жамболатов.

Ал көркімен көз тартатын «Ақ мешіт» 2018 жылы желтоқсан айында ашылған.

Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің салтанатты жиынында Нұрсұлтан Назарбаев: «4 мұнаралы сәнді және сәулетті мешіттің «Әзірет Сұлтан» деп аталуы бекер емес. Бұл – кезінде күллі қазаққа рухани орталық болған Түркістанның рухы енді елордамызда жаңғырады деген сөз. Ғұлама бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің Түркістандағы кесенесі осылай аталатынын баршаңыз білесіздер. Енді Астананың да өз «Әзірет Сұлтаны» бар» деген еді.

2022 жылы жаздың соңғы айында Орталық Азиядағы ең үлкен мешіттің құрылысы аяқталды. Аумағы 10 гектар алқапты алып жатыр. Ғимараттың жалпы көлемі – 68062 шаршы метр. Үлкен күмбездің биіктігі – 83,2 метр, диаметрі – 62 метр. Мешіттің 4 мұнарасы бар. Оның биіктігі – 130 метр. Сол қанатындағы мұнара «Туристік мұнара» деп аталады. Келген қонақтар жеделсаты арқылы немесе жаяу көтеріліп, елорданы құс ұшар биіктен тамашалай алады. Ішіне 35 мың адам сыятын мешіттің жалпы сыйымдылығы ішкі-сыртқы бөліктерін қамтығанда 235000 адамды құрайды. Мешіттің кіреберіс есігі – әлемдегі ең биік ағаш есіктің бірі. Ол тропикалық Африкадан шыққан ироко дейтін қатты ағаштан қолмен жасалған. Биіктігі – 12,40 м, салмағы – 1,5 тонна. Мешіттің барлық есігі қазақтың ұлттық ою-өрнегімен безендірілген. Ғибадатхананың құбыла жағындағы (Меккедегі Қағбаға бағытталған) қабыр­ғасында Алланың 99 көркем есімі қашалып жазылып, алтын нұрмен нұрланған. 25 миллион түрлі түсті шыныдан жасалған мозаика қабырғасының ұзындығы – 100 м, биіктігі 22 м-ден асады. Мешіттің қабырғалары мен күмбезінің іші түрлі түсті оюлармен, Құран аяттарымен, дұғалармен (негізінен, қазақша) безендірілген. Әйелдерге арналған үлкен зал мен намазхана қолдан жасалған кілемдермен қапталған. Олар қазақы ою-өрнекпен безендірілген. Мешіттің ішіне төселген кілем Жаңа Зеландияда таза жүннен тоқылған. 1 миллион 300 мың кристалл фрагменті бар үлкен шам негізгі намазхананы жарықтандырып, көркін ашып тұр. Оның ­диаметрі – 27 м, салмағы – 20 тонна. Залдың бұрыштарында тағы төрт аспалы шам ілінген. Мешіттің бірінші және екінші қабатында намазхана, оқу кабинеті, мәжіліс залы, неке залы, Құран оқу залы, телестудия, кеңсе, қызмет көрсету бөлмесі, дүкен, мұражай, техника бөлмесі бар. Жертөледе банкет залы, автотұрақ, дәрет­хана, техникалық және ғұрыптық қызмет көрсететін, құрбандық шалатын орын бар. Сонымен қатар, ғимарат астында жерасты тоннелі орналасқан. Мешіттің айналасы абаттандырылып, ағаштар отырғызылған. Субұрқақ атқылап, гүлмен көмкерілген ашық алаңда орындықтар қойылып, демалысқа да жағдай жасалған.


Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button