Басты ақпаратБілім

Мектепке қарай жүгірді…



Көп тілеуі – көл. Ата-аналар да, ұстаздар мен оқушылар да мектепке оралар күнді асыға күтті. Бір жарым жыл қашықтан білім алған кездер өткен шақта қалды. Енді ешбір ата-ана баламның білімі төмендеді деп алаңдамайды, енді ешбір мұғалім көшеден интернет іздеп сабылмайды, енді ешбір оқушы төрт қабырғаға қамалмайды…

 

Мұғалімдердің бәрі мәртебелі емес

Жаңа оқу жылы жақындаған сайын көптің көңілінде «Бұл жылы қандай тосынсый күтіп тұр екен?» деген сауалдың жүргені анық. Осы 1,5 жылға жуық уақытта мектепке дейінгі және орта білім беру саласындағы олқылықтар мен келеңсіздіктердің талайын бастан өткердік. Соның барлығына төзіп, педагог мәртебесін құлатпай, асқақтатқан әр педагог қаһарман атануға әбден лайық. Өкінішке қарай, сол мерзімде кейбір педагогтардың білімі мен біліктілігі, мамандыққа адалдығы мен кездейсоқтығы, әділеттілігі мен әсірешілдігі айқын көрінді. Ең сорақысы, әлеуметтік желіде, мессенджерде, оқушылар мен ата-аналар чатында жазған кейбір педагогтардың сауаттылығы мен салмақтылығы да пайдаланушы қауымға мәлім болды. Сөйлемді былай қойғанда, тіпті бір сөзді бірнеше қатемен жазған мұғалімдердің жазбасын көзіңді шұқып көрсеткенде оқып, жерге кіргендей боласың.

«Балаларды қандай адам оқытып жүр?» деп жағаңды ұстайсың. Кейбір мұғалімдердің балаға ұрыса сөйлеп, «Әй, өй, пәленше…» деп неше түрлі сөздерді айтып балағаттағанын естігенде педагогтық этиканың алыс­та қалғанын түсінесің. Иә, өз балаңа тәлім беру қиын, ал өзгенің баласын оқыту тіптен қиын. Бірақ ұстаздық ұлы жолды таңдағаннан кейін әр маман өз саласында ғана емес, адамгершілік тұрғысынан да толысқан болуы шарт. Өйткені партада отырған оқушы алдындағы мұғалімінің сөйлеу әдебіне, киінген киіміне, жүріс-тұрысына қарап еліктеп өседі. Кезінде біз де дәл солай апайларымыздай болуға тырысқанбыз. Бірақ қазіргі педагогтардың мәртебесін асырған сайын аспандап бара жатқанына қарап таңғалмау мүмкін емес. Онлайн оқу кезінде камерасын өшіріп қойып ар жағында басқа жұмыстарын істеп отыратын, WhatsApp арқылы тапсырмасын беріп, ел қыдырып жүретін мұғалімдердің де болғаны өтірік емес. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен жаңа оқу жылында осы қателіктердің орны толып, әр мұғалімнің «Педагог мәртебесіне» лайық еңбек етеріне сенеміз.

 

Мектеп формасы не үшін керек?

Тамыздың ортасына дейін оқудың қандай форматта басталатынын білмегендіктен де шығар, жаңа қаулы шыққанда ата-аналар қалың ұйқыдан шошып оянғандай болды. Өйткені балаларға не керекті құрал-жабдық, не киім-кешек алынбаған. Министр Асхат Аймағамбетов былтыр да, биыл да «Мектеп формасын киюге міндеттемейміз, классикалық үлгіде киінсін» десе де, базарда форма іздеген ата-ана көп. Өйткені елорданың кейбір мектептері форма кию керек десе, кейбірі өздерің біліңдер деп отыр. Жалпы бірыңғай мектеп формасын кию керек пе? Мектеп формасының болуы, ең алдымен, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін керек. Әйтпесе өткен жылы кезекші сыныптар арасында қымбат киімдердің жарысы болғандай классикалық үлгі дегеннің өзін ақшасы бар жұрт мың құбылтып киді. Ал әлеуметтік жағдайы төмен балалар, амал жоқ, жасиды. Сондықтан қандай жағдай болса да мектеп формасын міндеттеу керек. Мектеп формасы мектептегі тәрбие жұмыстары үшін де аса маңызды. Тағы бір айта кететін жайт – оқушылар арасындағы смартфон үлгілерінің бәсекесі. Қазір үлкен қалаларды қойып, ауылдардың өзінде балалар білімімен емес, қолындағы телефонның үлгісімен жарысып жүр. Ал сол қаптаған қалың айфондарды ата-аналар жағдайы жетпей тұрса да, баласының қатарынан қалмауы үшін қарызданып жүріп несиеге алып береді. Кей ата-­аналар «беске оқысаң алып берем» деп ұтысқа тігеді. Алдындағы оқушысы ең қымбат телефон ұстап отырғанда кейбір ұстаздар өз телефондарын шығаруға да жасқанады. Сондықтан да мектептегі осындай әлеуметтік теңсіздікті жою үшін бұл жағдайларға да жаңа реформа керек. Мектеп – білім алатын орын, жарысатын жер емес.

Нұр-Сұлтан қаласында 36 қазақ мектебі, 53 аралас мектеп, 18 таза орыс тілінде білім беретін мектеп бар. Аралас мектеп деген аты ғана, онда, негізінен, басымдық орыс тіліне беріледі

 

Көңілдегі қорқыныш қандай?

Иә, қашықтан оқыған 1,5 жылда барлық бала мінсіз білім алды деп айту қиын. Пандемия білім саласы деңгейінің түсуіне бәрібір әсер етпей қоймады. Оның орны тола ма, жоқ па, оны да алдағы уақыт көрсетеді. Соңғы кезде желі қолданушыларының арасында «Оқушылар бір тоқсан оқығаннан кейін қайтадан онлайнға көшеді. Мектептен вирус жұқтырушылар көбейеді» деген сәуегейлік болжам жиі айтылып жатыр. Жалпы осындай алыпқашпа сөздерге сенген дұрыс па? Әрине, жоқ. Біз ең бірінші оқушылардың қайтадан мектеппен қауышатындарына қуануымыз керек. Дәстүрлі оқу форматы балаға тек қана сапалы білім беріп қоймай, бір-бірімен араласып, тәлім-тәрбие сіңіруіне, рухани кемелденуіне себепші болады. СOVID-19 басталғалы әлем мыңдаған таңдаулармен бетпе-бет келіп жатса да, Еуропа мемлекеттерінің ешқайсысы білім беруді тоқтатқан жоқ. Франция, Италия, Швейцария елдеріндегі мектептердің барлығы бұрынғыдай жұмыс істеп тұрды. АҚШ-та қаншама адам қырылса да, мектебі жабылмады. Сондықтан еліміздің жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта бастап отырғаны – үлкен қуаныш. Біздің қолымыздан келетін көмек – бір жағадан бас, бір жеңімізден қол шығарып, жаппай ұжымдық иммунитет қалыптастыру. Осыған орай, қазір қаламыздағы барлық оқу орындары толығымен Ashyq жобасына қосылған. Ал елордадағы педагогтардың 99 па­йызы және техникалық персоналдың 97 пайызы вакцинацияланды.

 

Қазақ сынып азайып бара жатыр

Көпшіліктің көңілін күпті ететін тағы бір мәселе – ел астанасындағы қазақ мектептері мен сыныптарының азайып бара жатқаны. Нұр-Сұлтан қаласында 36 қазақ мектебі, 53 аралас мектеп, 18 таза орыс тілінде білім беретін мектеп бар. Аралас мектеп деген аты ғана, онда, негізінен, басымдық орыс тіліне беріледі. Әсіресе аралас мектептер сол жағалауда қаптап кеткен. Басында қазақ мектебі болып ашылған қаншама мектеп ата-аналардың арыз-шағымының арқасында араласқа ауысты. Айталық, №79 мектеп-лицейінде 4000-нан астам оқушы оқиды. Көбі – қара көз қазақтың балалары. Сонда 1-2 ғана қазақ сыныбы бар. Мектеп аралас болса да, оқушылар орыс тілінде білім алады. Биыл 15 мектеп салынуда, яғни 40 мыңнан астам оқушы жаңа мектепке барады. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 2 есе және 2019 жылмен салыстырғанда 4 есе көп. Бірақ бір әттеген-ай дейтіні – сол 15 мектептің көпшілігінің аралас мектеп аталатыны. Таза қазақ мектептерінің көбі қаланың шеткі аймақтарында орналасқан.

Көктем ҚАРҚЫН




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button