Мәдениет

Мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауаптылығы



Мемлекеттік қызметшілер ҚР Конституциясы мен заңдарын, оның ішінде ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің талаптарын мүлтіксіз сақтауға міндетті.

Мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселелері ҚР Президентінің 29.12.2015ж. №152 Жарлығымен бектілген Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларымен (бұдан әрі – Қағида) реттелген.

Аталған Қағида талаптарына сәйкес, әр мемлекеттік органда қызметтік тергеп-тексеру материалдарын қарап, теріс қылық жасау жайттарының мән-жайларын жан-жақты және объективті анықтау, сондай-ақ мемлекеттік органның басшысына жазалау шарасы туралы ұсынымдар шығару мақсатында тұрақты алқалы орган – тәртіптік комиссия құрылады.

Тәртіптік комиссия тәртіптік бұзушылыққа жол берген қызметшілерге қатысты жүргізілген тергеп-тексеру материалдарын талдайды.

Комиссия уәкілетті адамның актісімен қалыптастырылады және оның құрамы мемлекеттiк орган қызметшілері қатарынан құрылатын Комиссия төрағасынан, кемінде бес мүшеден тұратын мүшелерінен, сондай-ақ оның үштен екісі құрылымдық бөлімшелер өкілдерінен тұрады.

Персоналды басқару қызметі не персоналды басқару қызметінің міндеттерін атқару жүктелген адамдар мемлекеттік әкімшілік қызметшiнің тәртіптік терiс қылығы туралы мәліметтер негізінде одан жазбаша түсiнiктемені талап етеді, ол талап етілген күнінен бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылуы тиіс.

Өз кезегінде, мемлекеттік әкімшілік қызметшi жазбаша түсiнiктеме беруден бас тартуы қызметтік тергеп-тексеру жүргізуге кедергі бола алмайды.

Бұл ретте, қызметшi өз жазбаша түсiнiктемесiнде терiс қылықты жасау жайтын мойындаған жағдайда, уәкілетті адаммен қызметтiк тергеп-тексеру жүргiзбей «ескерту», «сөгiс» немесе «қатаң сөгiс» түрiнде жаза қолдану құқығы бар, сондай-ақ жаза қолданылған жағдайда қызметші үш күн мерзімі ішінде міндетті түрде тиісті бұйрықпен таныстырылуы тиіс.

Егер мемлекеттік қызметші өз жазбаша түсініктемесінде жасалған теріс қылықпен келіспесе, басшының бұйрығымен қызметшіге қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілуі тиіс.

Мемлекеттік қызметшіге қатысты қызметтік тергеп-тексеруді бірінші басшының тиісті бұйрығы негізінде персоналды басқару қызметкерлері не персоналды басқару қызметінің міндеттерін атқару жүктелген адамдар он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүргізеді.

Мемлекеттік қызметшіге қатысты тағайындалған қызметтік тергеп-тексеру, қызметкер демалыс немесе іссапарда, даярлау курстарында, сондай-ақ қызметтік тергеп-тексеру мәселесі сот тәртібімен қаралған жағдайда уәкілетті адамның шешімімен тоқтатыла тұрады және қайта жалғастырылады.

Сонымен қатар, жүргізілген тергеп-тексерудің нәтижесі бойынша тиісті қорытынды дайындалады және тәртіптік комиссияның қарауына шығарылады. Қарау нәтижесі бойынша тәртіптік комиссия мемлекеттік органның басшысына қолданылатын тәртіптік жазаның түрін ұсынады.

Комиссияның тәртіптік жаза қолдану туралы ұсынымы келіп түскен күннен бастап басшы жазаны қолдану мерзімдерінің шегінде, бес жұмыс күні ішінде тиiстi тәртіптік жазаны қолданады, не қолданбайды немесе қосымша қызметтік тергеп-тексеру жiбередi.

Бұл ретте, тәртіптік жа­за, тәртіптік теріс қылық анықталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылады және оны теріс қылық жасалған күннен бастап алты айдан кешіктіріп қолдануға болмайды.

Мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық үшін жаза, терiс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей қолданылады және оны терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктiрiп қолдануға болмайды.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшімен жасалған тәртіптік теріс қылық үшін бір ғана тәртіптік жаза қолданылады және кез келген тәртіптік жаза алты ай мерзімде сақталады, егер қызметші жаңа теріс қылық жасамаса, өзін адал жұмыскер ретінде көрсетсе, тәртіптік жаза алты айлық мерзім өткенге дейін тікелей басшысының немесе персоналды басқару қызметкерлерімен не персоналды басқару қызметінің міндеттерін атқару жүктелген қызметкерлердің тиісті ұсынымымен мерзімінен бұрын алынуы мүмкін.

ҚР мемлекеттік қызмет, мемлекеттік қызметтер көрсету салаларындағы заңнама талаптарын өрескел бұзу, өз кезегінде тәртіптік жазаның «ескерту» түрінен бастап, әкімшілік жауапкершілік, сондай-ақ мемлекеттік қызметтен теріс себептермен босатылуға дейінгі жауапкершілікке алып келетінін ескере отырып, мемлекеттік қызметшілер тәртіптік теріс қылықтар жасауға жол берілмеуін үнемі ескеруі тиіс.

Нұрдос УСТЕМІР,

ҚР Мемлекет қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button